30 Наурыз 22:17

Монополияға қарсы тергеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Фото:
2023 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің кейбір мәселелері туралы» жарлыққа қол қойып, БҚДА функциялары мен құрылымына өзгерістер енгізді. Солайша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі атқаратын қызмет жаңа бағыттармен толықтырылған болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы агенттіктің сауда биржаларының қызметіне, сұйытылған газ бағасын арзандатуға, нарықтағы дәрі-дәрмектің бағасын тұрақтандыруға қатысты тапсырмалар да берген еді.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте агенттік өкілдері NEGE тілшісінің осы аталған тапсырмаларға қатысты сауалдарына жауап берді.

–Тоқаев 1 жыл бұрын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Бас прокуратура, энергетика министрлігімен бірлесіп, жанар-жағармай бағасына қатысты жағдайды реттеуі тиіс екендігін айтып, оған қатысты кешенді ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Осы мәселеге қатысты қандай шаралар жасалды немесе жасалып жатыр?

Бұл сұраққа Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Электр энергетикасы және көмір басқармасының басшысы Сәкен Жүніс былай жауап берді:

–Шынында да өткен жылы Президент агенттікке және Бас прокуратура мен Энергетика министрлігіне сұйытылған газ бағасын белгілеуді тапсырған еді. Соның нәтижесінде өткен жылдан бастап сұйытылған мұнай газ бағасын белгілеп, шекті деңгейін бекітіп берген болатын.

Бұдан басқа сұйытылған мұнай газы бойынша өндірушілерге қатысты агенттік тарапынан тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша алты өндірушіге айыппұл салынды.

Одан бөлек агенттікке монополиялық тауар нарықтарына кешенді талдау жүргізу тапсырылған еді. Ол нарықтар отын-энергетика, байланыс және көлік, сондай-ақ қаржы нарықтары. Бұл жұмыстардың нәтижесінде аталған тауар нарықтары жүйелі талданып, қорытындысында қырықтан астам ұсыныс енгізіліп, олар Үкіметтің деңгейінде талқыланды. Оның кейбірі бүгін аталған Бәсекелестікті дамыту жол карталарына кіргізілді.

фото: ОКҚ алаңы

Агенттіктің басшысы қыркүйекте монополияға қарсы тергеу жұмыстары туралы есеп бергенде жыл басынан бері осы сала бойынша 300-ге жуық арыз-шағым түсіп, олардың 78 пайызы оң шешімін тапқанын айтқан еді. Агенттіктің негізгі міндеті - нарықтың барлық қатысушыларына тең жағдай жасау болса, қазір монополияға қарсы іс-қимылдардың көрсеткіші қай деңгейде? Арыз-шағымдар көлемі қандай?

Тілшінің бұл сауалына қатысты агенттіктің Бәсекелестікті стратегиялық дамыту департаментінің директорының орынбасары Сұлтан Ахмет мынадай пікір білдірді:

–Әрине, агенттіктің атына көптеген арыз-шағым түседі. Арыз-шағымдардың ішінде біздің құзіретімізге кіретіні, кірмейтіні де бар. Кірмейтіндері басқа құзіретті органдарға жіберіледі. Ал кіретіндері болған жағдайда тауар нарығын тексеру жұмыстары жүргізіледі. Егер ол жерде заң бұзушылық негіздері анықталса, онда тергеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қазіргі келіп түсіп жатқан арыз-шағымдардың көлемін мен нақты айта алмаймын. Себебі біз бұл тақырыпта дайындалған жоқпыз.

Дегенмен ол арыз-шағымдардың барлығы агенттікте толықтай тексеріліп, қаралатынына біз кепіл береміз.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі халыққа жасаған жолдауында да Мемлекет басшысы бәсекелестікті дамыту мен қорғау бойынша мықты әрі тәуелсіз орган қажет екенін айтқан болатын. Осыған байланысты ол тікелей президентке бағынатын бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігін құруды тапсырған еді.

Тегтер: