Моноқалалар жөніндегі кеңесте Екібастұздың дамуы туралы не айтылды?

Екібастұзда ҚР Президентінің төрағалығымен республиканың моноқалаларын дамыту жөнінде кеңес өтті.
Кеншілер қаласы моноқалалардың қатарына жататындықтан ғана емес, Мемлекет басшысы Екібастұздың даму стратегиясын әзірлеуді тапсырғандықтан таңдап алынды. Облыс басшылығы сарапшылармен, қала тұрғындарымен және Үкімет мүшелерімен бірлесіп Екібастұз қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі Кешенді даму жоспарын (КДЖ) әзірледі. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жоспардың негізгі бағыттары туралы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берді.
"Экономиканың нақты секторы" бағыты бойынша Сқақов Екібастұздағы машина жасау саласын дамыту жоспарлары туралы айтып берді. Аймақ басшысы Екібастұздың машина жасау үлесіне еліміздің темір жол машина өндірісінің 73%-ы тиесілі екендігін және индустриялық аймақта 522 миллиард теңгеге инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарлары туралы айтып берді.
"Билік, ғылым және бизнестің ынтымақтастығы – Екібастұздың дамуының маңызды аспектілерінің бірі. ЖОО-мен өзара іс-қимыл жасай отырып, жаңа мамандықтар бойынша кәсіп иелерін даярлау жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін 16,5 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жыл сайын 400 адам кәсіби қайта даярлаудан және бизнес негіздеріне оқытудан өтеді. 2025 жылы ШОБ субъектілерінің саны 10 мыңға дейін, ал олардың өнімдерін шығару 1,4 есеге өседі", - деп хабарлады Павлодар облысының әкімі КДЖ-ың екінші бағыты туралы.
Үшінші блок бойынша Әбілқайыр Сқақов кеңес аяқталғаннан кейін әлеуметтік желілердегі жазылушыларына арнаған жазбасында нақтырақ тоқталып өтті.
"Біз адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартпай, қаланың өркендеуі туралы айту мүмкін емес екенін жақсы түсінеміз. Егер КДЖ- ыңң басқа блоктарына негізінен жеке инвестициялар кіретін болса (жеке инвестициялар КДЖ-ны іске асыратын қаражаттың 89,5% - ын құрайды - автордың ескертуі), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала мәселелеріне қаражатты жергілікті бюджеттен жұмсаймыз. КДЖ-да сумен және жылумен жабдықтау бойынша 11 жоба, 160 км-ден астам жолды реконструкциялау, 200 мың шаршы метр тұрғын үй салу, 20 мектепке күрделі жөндеу жүргізу, қосымша білім беру, мәдениет, спорт объектілерін салу және басқалары", - деп жазды Әбілқайыр Сқақов.
Қоршаған ортаны орнау жөніндегі төртінші бағыт қызметтің негізгі үш түріне бөлінген. Олар: өнеркәсіптік шығарындылар көлемін азайту, апатты үйінділерді жою және аумақтарды көгалдандыру. Сонымен бірге, жоспар бойынша электр станцияларындағы сүзгілерді жыл сайын жөндеу, жылына кемінде 4 мың ағаш отырғызу, Екібастұздың жасыл белдеуін құру қарастырылған.
Әбілқайыр Сқақов "Биліктің, ғылымның, бизнестің және жұртшылықтың ортақ күш-жігерінің арқасында Екібастұз жаңа кезеңді табысты еңсеретініне сенімдіміз. Кеншілер шаһары моноқала мәртебесінен экономикасы әртараптандырылған және болашағы айқын көрінетін заманауи, жылдам дамып келе жатқан қалаға ауысады", - деп түйіндеді.