Мира Сембайқызы: «Қазақ балаларына арналған шығармалар жеткіліксіз деп айта алмаймын»

Оң-солын енді танып, айналасындағы құбылыстардың сырын ұғынғысы келетін балалар үшін барлығы да қызық. Бала қиялына ерік беріп, әр нәрсеге еліктегіш келетіні де сондықтан. Кішкентайдан құлағына құйып өскен ертегілері өміріндегі үлкен бағдаршамға айналады. Сол себепті қандай ел болмасын өзінің ұлттық құндылығына негізделген ертегілерді, шығармаларды, өлең-жырларды барынша дамытуға тырысады.
Біздің еліміздегі балалар әдебиетінің даму деңгейі қандай? Бүгінгінің балалары қандай шығармаларды оқиды? Осы және балалар әдебиетіне қатысты өзге де сауалдарды Мира Сембайқызына қойып көрген едік.
Мира Сембайқызы
– Ертегіні бала кезден жаза бастағаныңызды айтыпсыз. Сөз жоқ, бала қиял ұшқыр келеді ғой. Десе де сізді сол кезде не шабыттандырды?
– Мен өзім тау етегіндегі Тоғызбұлақ деген өте сұлу ауылда дүниеге келдім. Үйдің есігін аша сала таудың әсем бейнесі көрінетін. Дөң-дөң таулары көк шалғынға оранған мекеннің бүлдіргені мен гүлдерін теріп, балалық шағымның қызығын көрікті жерде өткіздім. Бала кезімізде бұзау іздеуге шығатынбыз, дөңдерді асып жүргенде ақша бұлттар көрінетін. Мен сол ақша бұлттарға қарап, қиялыма ерік беретінмін. Алғаш рет мені шабыттандырған ауылымның сұлу табиғаты еді.
– Ең алғашқы шығармаңызды және оның шығу тарихын айтып берсеңіз?
– Ең алғашқы шығармамды бала кезде, «Дымбілмес» деген ертегіге еліктеп жаздым. Қасымда жақын құрбым болатын, сол екеуміз нешетүрлі ертегіні ойдан құрастыратын едік. Өкінішке қарай, оның барлығы да жоғалып кетті. Бала-кезде әшейін парақтарға жаза бергенбіз ғой. Оны тиянақты жинауды білмеппіз.
Одан кейін, уақыт өте келе балалы болғанда, балаларыма арнап ертегі жаза бастадым. Сол кезде «Балауыз» деген шағын ертегім туындады. Бұл ертегі өзіме ұнады. Ертегіні оқыған оқырмандардың да көңілінен шыққан екен. Біздің қазір тұрып жатқан Қаражота ауылында жиі жел соғып, жарық сөніп қала береді. Сондай жарық сөнген күндердің бірінде балауыз жағып, балаларыма ертегі оқитынмын.
Балауызға қарап шабыттанып, «Балауыз» ертегісін балаларыма айтып бердім де, келесі күні қағаз бетіне түсірдім. Міне, бұл ертегінің шығу тарихы осындай еді. Ары қарай шабытым ашылып, ертегі жазуға құмарта бердім.
– Бала кезіңізде қандай авторлардың шығармаларын оқыдыңыз? Ерекше әсер еткені болды ма?
– Бала кездегі ортам кітапқа құмар еді. Достарым, туыстарым бәріміз кітапты таласып оқыдық. Кітап аз болатын, қолдан-қолға тұрмайтын. Сол уақытта Николай Носовтың «Дымбілмес» шығармасын көп оқыдым. Мен оның аударма екенін де білмейтінмін, оны кәдімгі қазақша жазылған туынды деп ойлап келдім. Содан кейін Майн Ридтің үндістер туралы барлық шығармаларын, Александр Дюманың және Александр Беляевтің барлық кітаптарын оқыған ұнайтын.
Қазақ жазушыларынан Сайын Мұратбековтің шығармаларын жақсы көрдім. Тіпті, әлі күнге дейін оқып келемін. Оның сөздері жеңіл, шығармаларының бәрі шынайы жазылған. Содан кейін Оралхан Бөкейді, Марат Қабанбаевты, Бексұлтан Нұржекеевті сүйіп оқыдым.
– Қазіргі балалардың ойлау қабілеті өзгеше ғой. Сол себепті оларға қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз?
– Иә, қазіргі балалардың ойлау қабілеті өзгеше. Біз кезінде кішкентай болып алданып, сеніп қалатын дүниеге оларды сендіре алмаймыз. Себебі олар қазір барлығын интернеттен-ақ біліп, көріп алған. Біздің не айтып, не ойлайтынымызды алдын-ала біліп тұрады. Бізден өткен психолог десек те болады. Дегенмен баланың аты бала ғой, оларда қиял, аңғалдық деген бар. Өз басым балаларға Steppe&World баспасынан шыққан «Тентек балақай» кітабын, «Фолиант» баспасының «Ұзыншұлық Пиппи» және басқа да аударма кітаптарын алып бердім. Олар қызыға оқыды. Мен негізі балаларыма осындай ертегі-кітаптарды алып бергенді дұрыс деп санаймын. Оны өзім оқып беремін, не өздеріне оқытамын. Ал жоғарғы сынып оқитын балаларыма Джек Лондонның, Торғын Жолдасбекқызының кітаптарын жас талғамына қарай сатып алып, оқуға кеңес беремін.
Балаларға өзінің жас ерекшелігіне қарай кітапты ата-аналары таңдап бергені дұрыс деп есептеймін. Әрбір ата-ана өзі де кітапқа қызығушылық танытып, балалары үшін ізденуі керек. Балалардың көпшілігі өзіне лайық кітапты таба алмай жүреді. Жасына қарай баланың оқу деңгейі болады. Ұстаздары да балалардың не оқитынын қадағалап, оқуға болатын кітаптардың тізімін шәкірттеріне ұсынып отыруы керек деп санаймын.
– Балаларға арналған ертегі құрастырғанда нені басшылыққа аласыз? Қандай ойды жеткізуге тырысасыз?
– Балаларға арналған ертегі құрастырғанда адами қасиетті түсіндіргім келеді. Сол жағын басшылыққа аламын. Мысалы, «Батыл тиін» ертегісінде мен баланы орынсыз қорықпауға, тәуекел етуге үйретуді мақсат тұттым. Одан кейін, отбасылық жылу, отбасыдағы балалардың бір-бірімен бауыр ретінде араласуы, ата-анасымен қарым-қатынасы сияқты қасиеттерді көрсетуге, түсіндіруге тырысамын.
– Балаларға арналған қандай шығармаларды аудардыңыз?
– Балаларға арналған шығармалардан Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» шығармасын аудардым. Ол «Фолиант» баспасынан шықты. Ол – Пиппидің тілімен ересектерді үйрететін кітап. Сосын «Мазмұндама» баспасынан шыққан «Құпия бақ» кітабын аудардым. Маған екі кітап қатты ұнады, сол себепті ләззаттанып аударып шықтым. Фрэнсис Бёрнеттің «Құпия бағы» да ерекше әсер қалдырды. Оны оқып, аударып аяқтасам да, құпия бақты ұмыта алмадым.
– Жалпы аудармаларға көңіліңіз тола ма? Олар балаларға қаншалықты түсінікті?
– Қазір аударманың сапасы жақсарып келе жатыр. Өз басым оқыған кітаптарымның ешқайсысынан жаман аударма көрген емеспін. Балаларыма алып берген, балаларға арналған кітаптардың барлығын алдымен өзім қызығып оқимын. Балаларға арналған деп бөліп жармаймын, кәдімгі әдебиет ретінде оқып шығамын. Маған және балаларыма Steppe&World аударған кітаптар ұнайды. Одан кейін, «Мазмұндама» баспасынан шыққан «Хайдиді» оқыдым. Ол да көңілімнен шықты. Барлығы түсінікті тілмен жазылған. Сондықтан қазіргі аудармаларға «өте жақсы» деген баға беремін. Қазір іздеп оқитын оқырман бар, бәсеке бар, сол себепті аудармалар жыл сайын жақсара береді.
Аударма түсініксіз болса, оны бала соңына дейін оқымайды. Ал өзім алған аударма кітаптарды балаларым толық оқып шықты. Демек, ол бала көңілінен шықты деген сөз.
– Елімізде балалар әдебиеті қаншалықты дамыған? Жасөспірімдерге, балаларға арналған әңгімелер, ертегілер, өлеңдер жазып жүрген авторлардан кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?
– Еліміздегі балалар әдебиеті өз деңгейінде дамып келе жатыр деп ойлаймын. Әлемдік деңгейге шығып, оны басқалары өз тіліне аударып жатпаса да қазақ балаларына арналған шығармалар жеткілікті. Болашақта әлі де толығады деп ойлаймын. Қазіргі заман жазушыларынан мен Мейіржанды жақсы көремін «Таудағы саяхат», «Қырық бірінші өтіріктің соңы» деген кітаптарын, шығармаларын өзім де оқыдым, балаларға да оқыттым. Зәуре Төреханның, Есболат Айдабосын ағаның да шығармалары жақсы.
Серікбол Хасанның өлеңдері жақсы, өте жеңіл жазады. Қазақ тілінде жазатын авторлардың шығармаларын тауып оқуға тырысамын. Ділдар Мамырбаева апайдың кітаптары да өте күшті. Сәуле Досжан апайдың балаларға арналған шығармаларын, «Ауылдан шыққан миллионерді» өз балаларым қызығып оқыды. Қазақ тілінде жазатын қазақ жазушылары жоқ деп айта алмаймын. Бар, оны тек іздеу керек.
– Балалар әдебиетін дамытып, бүлдіршіндеріміздің қазақша ертегілерден бас алмай оқуы үшін не істеуіміз керек, нені басшылыққа алғанымыз жөн?
– Балалар кітап оқу үшін, ең алдымен, ата-анасы кітап оқуы керек. Смартфонды шұқылап отырған ата-ананың баласы ешқашан кітап оқымайды және ол үшін баланы «кітап оқы» деп тоқпақтаудың қажеті жоқ. Ең бірінші, ата-аналардың миына кітап оқу керек деген сананы сіңіруіміз керек. Негізі, кітап оқымайтын бала жоқ, кез келгені кітап оқиды. Сол кітапты оқыта алмайтын ата-ана бар.
Бізде қазақша кітап шығарғанда мынандай жаман әдет бар: бір жазушының төрт-бес шығармасын бір кітапқа кішкентай әріптермен шығарады немесе екі-үш автордың шығармаларын бір кітапқа жинақтап шығара салады. Ол баланы жалықтырып жібереді. Ішінде суреті аз болады және жас деңгейін елеместен барлығын араластырып жіберді. Мысалы, шетелде төрт шумақ өлеңді бір кітап етіп шығарады. Суретін тартымды, барынша түсінікті етуге тырысады. Оны бала оқиды, суретіне қарайды және сол шумақтарды бойына сіңіріп алады. Сондай-ақ бір ертегіні де бір кітапқа енгізеді. Ал бізде ондай кітаптар өте аз. Бұл жағдайды кәдімгідей үлкен мәселе ретінде көтеру керек.
– Қазақ ертегілерін дамыту жолында алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазір мен көбіне аударма жағына көңіл бөліп жүрмін. Жұмысым сол болғандықтан аудармаға көп уақыт бөлемін. Сол себепті шығармашылыққа уақыт бөле алмай жүрмін. Ол сылтау да шығар, бәлкім? Бірақ ойымда жаңа ертегілердің сюжеттері қайнап жатыр. Сәті келгенде шығады деп үміттенемін. Балаларға тәлім-тәрбие беретін ертегілер жазғым келеді. Мысалы, «Мейірімді шаңсорғыш» деген ертегінің идеясы мен сюжеті кәдімгідей шаңсорғышпен үйді тазалап жүргенде келді. Үй жинап біткеннен кейін бірден қағазға түсірдім. Сол сияқты өзі мида пісіп, бір күні жарыққа шығады.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Томирис Абдықадыр