USD
USD
USD

Мергендер мекені

ҰҚК Шекара қызметінің жеке құрамының қатарында аттары аталып, түстері түстеле бермейтін сақадай сай сарбаздары бар. Жаңағы жігіттер жасыл желекте жасырынып қалса

Мергендер мекені
Фото: NEGE.kz

, жарты жыл іздесең де таппайсың дейді танитындар.

Журналист ретінде әрі өзімнің балалық арманымның бір бөлшегі болған арнайы жасақтың қызметімен жақыннан танысуды шештім. Үнемі қызу дайындық үстінде жүретін жігіттерді бір жерден табу оңайға соқпады. Күнделікті полигондарына, арнайы операцияларға әзірліктерін пысықтауға арналған нысандарда жаттығу жасауға кетіп қала берді. Сәті түсіп, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің күні болып бекітілген 9 маусым қарсаңында бұл жігіттермен ден жолығудың сәті түсті.

Жылдар бойы жаттығып жүрген жігіттердің өздерін ұстаудағы салқынқандылығы көзге басылды. Сөзге сараң сарбаздарды әңгімеге тарту да оңай шаруа болмай шықты. Спортқа деген ортақ сүйіспеншіліктің арқасында аз уақыттан соң Шекара қызметінің арнайы мақсаттағы басқармасы сарбаздарының физикалық дайындығы жайлы сөз қозғалды алдымен.

«Еліміздің табиғатының әрқилы ландшафтар мен географиялық зоналары шекарашылар, әсіресе арнайы күштердің физикалық мүмкіндіктеріне үлкен сынақ екені анық. Тау мен тасты сағалап, жымысқы ойларын іске асыруды көздеген шекара бұзушыларды құрықтау немесе қылмыстардың жолын кесу барысында жұмылдырылатын бұл бөлімнің әр сарбазы сайдың тасындай іріктелген», – дейді Шекара қызметінің арнайы мақсаттағы басқарма бастығының орынбасары подполковник Максим Лозовик.

Әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығып тұрған кезінде кез-келген мемлекеттің қарулы күштері мен арнайы мақсаттағы жасақтарының жауынгерлік әзірлігі күн тәртібінде алдыға шығады.

«Жау жоқ деме, жар астында» деген тіркестің қаншалықты шындыққа жақын екенін бүгінгі таңда орын алып жатқан оқиғалар дәлел болуда.   

Террорлық және елдің бүтіндігіне қарсы бағытталған экстремистік қылмыстардың жолын кесу мен оған тосқауыл болуда ең алдымен арнайы мақсаттағы күштер жұмылдырылады.

Арнайы мақсаттағы күштердің құрамында қызмет етемін деуші жастарға қойылатын талаптар өте жоғары. Психофизиологиялық ерекшеліктері мен дене бітімдеріне, жалпы денсаулықтарында кінәрат болмауына қарап, үміткерлерді өте қатал іріктеуден өткізеді.

3 шақырымды кем дегенде 12,5 минутта өтіп, білтемірде 20 рет тартылып, 100 метрді 12 секундта өте алу дене дайындығына қойылатын талаптардың басы ғана. Нағыз жауынгерлік бөлімшеде қызмет етемін деген үміткер арнайы жасақтың ең мықты деген сарбаздарымен шаршы алаңға шығып, өз мықтылығын дәлелдеуі керек. Бір қызығы, үміткерге қарсы шығатын қарсыластары әр минут сайын ауысып тұрады және ешбір аяушылық танытпайды. Соңына дейін шыдап, өз аяғында қалған үміткер қабылдау комиссиясының келесі сатысына өтеді.

Барлық сындардан сүрінбей өткен үміткермен арнайы мақсаттағы басқарма психологы сұхбаттасып, оның психологиялық жағдайы туралы қорытынды жасайды. Оның экстремалды жағдайда өзін ұстай білуі, қоғамдық қатынастарға бейімділігі, коммуникативтік мүмкіндіктері бағаланады.   

Еліміздің шекара шебіне жауаптылығы, сырттан келер қауіп-қатердің алдындағы алғашқы тосқауылы – ҰҚК Шекара қызметі. Яғни, әр шекарашы сарбазға қойылатын талап та, сенім де ерекше. Сол себепті, шекарашы боламын деген үміткердің заңға қайшы әрекеттерге жол бермегені, жауаптылыққа тартылмағаны, жақын туғандарының ауыр қылмыстарға қатыстылығының болмауы, мерзімді әскери борышын өткерген немесе әскери кафедра аяқтаған, орта арнайы білімінің болуы шарт.

Аталған талаптарға сай келген үміткер сайдың тасындай іріктелген сарбаздар қатарында өз қызметін бастайды. Басқарманың әдіскерлерінің сөзінше, жаңадан келген сарбаздар үшін алғашқы 1-1,5 жыл қиынға соғуы мүмкін. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынада да денеге түсетін салмақ өте ауыр. Салмағы бірнеше килограмм қарудан басқа жаттығулар мен операциялар барысында киіп жүретін бронды сауыт және өзімен бірге алып жүретін оқ-дәрі, азық-түлік, дәрі-дәрмек т.б. қажетті заттарды көтеріп жүру оңай емес.

Тау мен тасты, орманды немесе тегіс, сулы, батпақты, кез-келген жерде орнығып, автономды тіршілік ете алатын сарбаздардың әрбірі нағыз жауынгерлік машина іспеттес.

Алайда, әскери өнердің қыр-сырын меңгеріп жүрген жігіттер шеберліктің шыңы жоқ дейді. Күнделікті жаттығудың арқасында бұл жігіттердің арасында он оқтың барлығын да нысананың орта тұсына дәлдеп тигізу аса үлкен ерлік емес, үйреншікті іс сияқты. Әрине, қаруды күнде ұстамаған мен үшін бұл таң қалдырғаны жасырын емес.

«Ең бастысы, іштегі қорқыныштан арылу керек. Қару иесінің қолы қаншалықты сенімді екенін сезіп тұрады. Қалт етсең, мүлт кетесің. Еркін тұрып, денеңді бос ұстауың қажет. Терең тыныстап барып, шүріппені жайлап қана саусағыңның ұшынан сәл жоғары алып тарта бастайсың», – деп «Ардақ» есімді сарбаз маған қысқаша дәріс беріп үлгерді. Естігенің мен күнделікті өз қолыңмен істегенің бір басқа ғой, дұрыс атып үйрену де машықты талап етеді.

Өздерінің атыс алаңдарында жеке қарумен ату тәсілдерінің түр-түрін пысықтаған жігіттер Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің арасында өткізілетін жарыстарда да мергендіктерін талай рет дәлелдепті. Беделді жасақты республикалық және халықаралық оқу-жаттығу шараларына да жиі жұмылдырады екен.  

ҰҚК Шекара қызметі мен ҚР Қарулы күштерінің өзара іс-қимыл жоспары аясында «СПРУТ-2020», «Қалқан-2021», «БЕКЕТ-2021», «Күз-2021» және «Батыл Тойтарыс-2022» жедел-тактикалық оқу-жаттығуларында жақсы нәтиже көрсетіпті.

Әскери өнермен қатар, арнайы мақсаттағы басқарма сарбаздары шет тілдерін (парсы, ағылшын, түрік, қытай т.б) меңгеріп, жедел медициналық көмек көрсету сынды күнделікті өмірде қажетті білім-дағдыларды игереді.

Кез-келген тапсырманы орындау барысында күтпеген мәселелер орын алуы мүмкін екенін ескере отырып, қоршаған ортадағы физика және химия заңдылықтарын білу, картамен жұмыс жасау үшін топография, аспан денелерінің орналасуына қарап қозғалу үшін астрономия ғылымдарын да меңгерген. 

    

Міне, нағыз білім іздеген жауынгерлер осылар екен. Тек қана қару асынып қабақтарына қар қатып қалған әскери қызметкерлер деген стереотипті бұзып, заманауи білім, дағдыларын игерген арнайы мақсаттағы сарбаздардың бүгінгі кейіпі көрер көзді қуантады.    

 Әскери бөлімінің аумағынан ерекше сезіммен шықтым. Бүгінгі бейбіт күннің сақшылары, ел тыныштығының кепілі бола білген сарбаздар өз істеріне сенімді екен. Моральдық және физикалық тұрғыдан әбден шыңдалған, шыныққан арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің қатарынан табылу әр жігіттің арманы болар.

Өйткені, дәл осындай Елім деген ерлердің арқасында ертеңге деген сенім мол!

Р.Құрманғазин, ҰҚК баспасөз қызметі қызметкері.

Қазір оқып жатыр

«Біз мұнда отбасымызбен демаламыз»: Алматы облысында 12 мыңға жуық адам сенбілік өткізді

.

Тоқаев Лукашенко мен Путинге қазақстандықты босатуға көмектескені үшін алғыс айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев

Түркістан облысында екі көпірді су шайып кетті

.

Алматыда жаппай төбелес кезінде екі оқушы көз жұмды

жаппай тобелес