5 Қазан 17:07
...

МЕМЛЕКЕТТІК тілде сөйлеуді талап ету ҚЫЛМЫС па?

Фото:

Мемлекеттік тілге қатысты Риддерде болған оқиға бойынша депутат Абзал ҚҰСПАН Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы депутат NEGE-ге берген сұхбатында айтты.

Павлодарда қоғам белсендісі Диас ҚҰЗАЙЫР Риддер қаласы әкімдігі қызметкерлерінен мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін сұрағаны үшін және қазақ тілін қашан үйренетінін білгісі келгені үшін үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтқан еді. Бұл мәселе қоғам наразылығын тудырды. Диас Құзайырға қатысты іс бойынша белгілі депутат Абзал Құспан прокуратураға сұрау жолдағанын айтады.

Д.Құзайыр. Фото: ғаламтордан

«Диас Құзайырды жеке танимын. Мен адвокаттық қызметте жүрген кезде талай кеңес алған. Осыдан екі-үш жыл бұрын осындай іс қозғалған. Сол кезде Алматыда арнайы кездесіп, өз тарапымнан көмегімді ұсынған болатынмын. Бұл жағдай да міндетті түрде назарымызда болады.

Мен ешқандай жарнамаламай-ақ, Риддерге қатысты оқиға бойынша Бас прокуратураға депутаттық сауал ретінде тиісті сұрау жолдадым», – дейді депутат.

Диас Құзайыр 30 қыркүйекте үйіне полиция қызметкерлері келіп, сұрау алғанын және Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша, яғни «ұлт араздығын қоздырды» деген айып тағылғанын айтқан.

Қоғам белсендісі Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы бірнеше мемлекеттік мекемеге барып, қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұраған видеоларын әлеуметтік желідегі парақшаларына салған. Мемлекеттік тілді білмейтінін жасырмаған қызметкерлер Конституцияның 7-бабы, 2-тармағындағы «Мемлекеттік мекемелерде орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген заңға сүйенген.

Диас Құзайырдың ісі қалай аяқталатыны әлі белгісіз. Абзал ҚҰСПАН бұл істі бақылауда ұстайтынын айтып отыр.

Фото: ғаламтордан

«Қазіргі Қылмыстық-процессуалдық кодекстің ерекшелігі СТБТ деген бар; ол – сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізімі. Бұрын «тергеуалды тексеру» деген болған. Онда тексеріп-тексеріп, қылмыс құрамы бар деп, қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығаратын. Қазір ондай жоқ. Қазір кез келген ақпаратты алады да, СТБТ-ға тіркейді. Онда қылмыстық іс қозғалған сияқты болады, бірақ бұл оның әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық табылды дегенді білдірмейді.

Бұл Қылмыстық-процессуалдық кодекске 2014 жылы еніп кеткен. Көп адамдар осының ерекшелігін түсінбейді. Яғни Диас Құзайырдың үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, ол қылмыскер деп тенылды дегенді білдірмейді. Тергеу мен тексеру болады және нәтижесін күтуіміз керек. Бірақ, дегенмен, бұл оқиғаның қоғамдық маңызын ескере отырып, Бас прократураға тиісті сұраныс жолдадым, нәтижесін әлеуметтік желіде бөлісетін боламын», – дейді Абзал Құспан.

Айта кетейік, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұраған адамдарға «Ұлтаралық алауыздықты қоздырды» деген айып тағылу оқиғасы бұған дейін де болған және тілге байланысты кикілжің Қазақстанда жиі болып тұрады.

Мысалы биыл қыркүйек айында танымал ақын Назира Бердалы «Немо» дельфинарийіне балаларын ертіп барып, қазақ тілінде қызмет ала алмағаны үшін наразы болған. Ал мұны дельфинарий өкілдері «ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлімі «Ұлтаралық алауыздықты қоздыру» деп бағалаған.

Қазақстан конституциясы бойынша, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал мемлекеттік мекемелерде орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.

Тегтер: