29 Қараша 15:49
...

Мемлекеттік тапсырыс – ТМД кеңістігінде ғана бар дүние

Фото:

«Алаш Медиа Групп» бас директоры Батыр Қазыбаевпен сұхбат

– Құрылтайда медиа нарық туралы айтылды. Сіздіңше, бүгінгі БАҚ-тың жағдайы қалай?

– Қазір қазақтілді БАҚ қиын жағдайда өмір сүруде. Себебі, медиа нарық екі көзден ғана қаржыландырылады. Біріншісі – мемлекеттік тапсырыс, екіншісі – жарнама. Алайда, мемлекеттік тапсырыс бөлінсе де, бәріне бірдей жетпейді. Ал жарнамаға келсек, жағдай мәз емес. Қазір жарнама ағынын, оны беру көздерін «Kantar Media» деген халықаралық компания қадағалап отыр. Бұл компания бұрын «Gallup Media», сосын «TNS-Plus» деп аталды. Кейде компания зерттеуіне сүйенсек, қазақтілді аудиторияға қатысты жайттар шындыққа сәйкес келе бермейді. Медиа салада жүргендер қазақтілді аудиторияның ақпаратқа деген сұранысының ай сайын, жыл сайын артып жатқанын біледі. Бірақ бізге қазақтілді контент жетіспейді. Неге десеңіз, жарнама ақшасы қазақтілді жобаларға берілмейді.

– Неге? Аудитория кеңейсе, жарнама неге берілмейді?

– Себебі, медиа нарықтағы соңғы он жылдағы зерттеу бойынша, жарнама орыстілді БАҚ-қа ғана беріліп келді. Сондықтан жарнама берушілер еріксіз осы зерттеуге ғана жүгінеді. Тіпті, олар қазір қазақтілді аудитория дамып жатқанын білмеуі де мүмкін. Әлгінде айтқан «Kantar Media»-ның «кішкентай» кеңсесінің өлшемі бойынша, орыс тіліндегі сұраныс бірінші орында көрінеді. Халық орыс тіліндегі телеарнаны, радионы көбірек тыңдайды деп ойлайды. Сол себептен де қазақтілді БАҚ ілгері жүре алмауда. Жарнама келмеген соң, ақша көзінен қағылады. Бұл жақын арада шешімін табуы тиіс мәселе. Меніңше, Қазақстан медиа нарығы бір ғана «Kantar Media»-ның зерттеуіне тәуелді болмауы керек.

– Сіз өз пікіріңізде «Алаш айнасы» газетінің жабылғанына өкініш білдірдіңіз. Газетті сақтап қалуға болмады ма?

– Оған мүмкіндік болмады. Әйтпесе, «Алаш айнасы» газеті қандай газет еді? Бірақ интернет сайттары дамыған кезде газет оқылмайтын деңгейге түсті. Өңірлерге жеткізу, пошталық қызмет, қағаз, бәрі-бәрі көп шығынды қажет етеді. Сосын интернет сайттары ақпаратты жедел түрде жариялай алады. Екінші себеп, бізге жарнама берушілер аз. Олар қазақтілді аудиторияның алға шыққанын, тіпті орыстілділерді басып озғанын түсінбейді. Бұрынғы көзқараспен қалып қойған. Әлемнің кез келген елін алсаңыз, жарнама беруші алғашқы жиырмалықтың тізімін жасайды. Олардың қатарында Сосa Сola, Procter&Gamble, Johnson&Johnson сияқты мықты компаниялар бар. Қазақстанда бұл компаниялар әлгі кішкентай кеңсенің зерттеуіне ғана сүйенсе, жарнама агенттіктері рейтинг бойынша жарнаманың басым бөлігін орыстілді БАҚ-қ береді. Есесіне, бізге ақша келмейді.

– Сонда дәстүрлі журналистиканың күні батты ма, әлде...

– Газет-журналдарды жабу керек деп кесіп айтпаймын. Егер нарықта өмір сүрсе, тек мықтысы ғана қалады. Яғни, мемлекеттен, инвестордан ақша табатындар ғана жарық көреді. Бірақ тек қана мемлекет қаржысына шығару мүмкін емес.

«Алаш Медиа Групп» компаниясына кіретін tengrinews.kz ақпараттық порталы мемлекеттік тапсырыс алмай ма?

– Біз біртіндеп, саналы түрде мемлекеттік тапсырыс алудан бас тартып жатырмыз. Биыл министрліктен 10 млн теңге ғана алдық. Бұдан көп алмаймыз. Бізге ұсыныс жасайтындар көп. Бірақ мемлекеттік тапсырыс бәрібір ақпараттық саясатты шектейді. Жалпы, кейбір ақпарат құралы мемлекеттік тапсырыссыз-ақ өмір сүріп келеді. Бірақ жарнама кез келген БАҚ үшін негізгі ақша көзі болуы тиіс. Ал мемлекеттік тапсырыс – ТМД кеңістігінде ғана бар дүние. Шын мәнінде, әлемді ақпарат құралдары жарнама арқылы күн көреді.

– Неге сайтта алдымен ақпарат орыс тілінде, ал оның қазақ тіліндегі «аударма» нұсқасы кешігіп жарияланады?

– Себебі, бізде толыққанды қазақ редакциясын ұстайтын қаржы жоқ. Біз орыстілді контент аясында қазақтілді аудиторияны ұстап тұра аламыз немесе ол да жоқ. Жарнама берушілер жарнаманы орыстілді редакцияға ғана береді.

– Сонда қазақ және орыстілді журналистердің жалақысы екі бөлек пе?

– Бұл журналистің өзіне байланысты. Қалай жұмыс істейді, солай алады. Қазақтілді редакция ашайық десек, бұл Жұлдыз.fm, massaget.kz, «Алаш айнасы» порталы сияқты дотация арқылы шығады. Мұнда жарнама бәрібір тікелей емес, арнайы холдингтер арқылы түседі.     

– «Алаш Медиа Групп» компаниясына қарасты қай ақпарат құралының аудиториясы кең және жарнама көп келеді?

– Әрине, tengrinews.kz сайты. Ал massaget.kz порталына тәулігіне 60 мың оқырман тұрақты кіреді. Бұл – ауқымды аудитория. Тіпті, бұл көрсеткіш кейбір «мен» деген орыстілді сайттардікінен де жоғары.

– Дәл қазіргі уақытта медиатопты басқару қиын емес пе?

– Ең бастысы, қызметкерлерге төлейтін қаржы табу керек. Бізде жарнама нарығы өте аз. Холдинг 2008 жылы құрылған кезде жарнама нарығы 130 млн теңге болды. Қазір бұл нарық 70 млн-ға бағаланады. Бұл қаржы Қазақстандағы барлық ақпарат құралына тиесілі. Ал «Kantar Media» агенттігінің зерттеуінен кейін  қаржы көзі белгілі бір арналар мен ресурстарға ғана беріліп отыр. Біздің алға қойған жобамыз көп. Оның орындалуы тағы да қаржыға келіп тіреледі. Бірақ біз үшін әрі қарай күн көрудің қамы – басты орында.    

– Осындай шаралардың медиа нарықты дамытуға септігі бар ма?

– Әрине. Кейде айтылған сөз сол жерде қалып жатса, енді бірде мәселе жан-жақты талқыланып, шешу жолы қарастырылады. Бүгін «Қазақтілді аудитория бірінші орынға шықты. Олармен жұмыс істеу керек. Ақшаның көзін сол арнаға құю керек» деген көптен күткен әңгіменің шеті шықты. Соған қуандым. Бұл туралы бұрын-соңды басқа еш жерде айтылған жоқ.

Динара Мыңжасар

 

Тегтер: