Мемлекеттегі №2 адам: ОЛ КІМ?

Дереккөзге сенсек, ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенат төрағасының кандидатурасын ұсынады.
Жоғарғы палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген тұлға басқаруы тиіс. Төрағаны сенат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Бірақ Сенат төрағасының кандидатурасын Президент ұсынады.
Бұл – елдің саяси өмірі, болашағы үшін аса маңызды шешім болмақ. Өйткені, елдің үшінші президенті болуға Сенат төрағасының мүмкіндігі өзге үміткерлерден гөрі әлдеқайда басымырақ. Қалай десек те, ұзаққа созылған, шұбалаңқы транзит елімізде осындай саяси дәстүрдің қалыптаса бастағанын көрсетті.
Конституция бойынша, әлдеқандай себептермен президент қызметін тоқтатса немесе қайтыс болған жағдайда жоғары билік Сенат төрағасының қолына өтеді.
Айталық, 2019 жылы наурыз айында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ президент өкілеттігінен бас тартқан кезде, Сенаттың төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ билік тізгінін қолына алған-ды.
Сонымен, Қазақстандағы №2 адам, яғни потенциалды үшінші мұрагер кім болмақ?
Сенаттың бұрынғы төрағасы – Мәулен ӘШІМБАЕВ. «Ол қайта сайлана ма, жоқ па?» деген сауалдың басы ашық. Еске сала кетсек, Мәулен Әшімбаевқа 2020 жылы маусым айында Сенат төрағалығы бұйырған. Бұл «қос билік» тұсы еді. Ақорда мен Кітапхана арасындағы Дариға НАЗАРБАЕВАНЫҢ орнына келген ымырашыл, аралық тұлға болатын.
М.Әшімбаев.
Десе де, қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Мемлекет басшысы ел тізгін ұстауға лайықты үміткерді – мемлекеттегі екінші адамды ешкіммен санаспай таңдай алады. Десе де, Мәулен Әшімбаевтың орнын сақтап қалуы да ғажап емес. Өйткені, Ақорда «мемлекет тізгіне ие бола алатын тұлғаны таңдауға әлі ертерек» деп ұйғарым жасауы әбден мүмкін.
Ал жаңа төраға тағайындалатын болса, әрине, бұл орынға басты үміткер – Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы, Мәжілістің экс-төрағасы, «Аманат» партиясының басшысы – Ерлан ҚОШАНОВ.
Е.Қошанов.
Тоқаевтың тұсында бұл тұлғаның тасы өрге домалады. Ұдайы жауапты лауазымды қызметтерді атқарды. Мұның өзі Президенттің сеніміне қаншалықты ие екенін көрсетсе керек. Алмағайып кезеңдерде сенімді серігі, үзеңгілесі болды. Президент сайлауында Қ.Тоқаевтың штабын басқарды. Өзі қолдаған үміткердің атынан дебатқа да шықты. Бір сөзбен айтқанда, еңбегі сіңді.
Алмақтың да салмағы боларын ескерсек, Е.Қошанов өсуі керек. Ол бұған дейін де биік мінбеде отырды, Мәжілісті басқарды, мемлекеттегі №3 адам болды. Енді өссе, тағы бір сатыға көтеріледі. Ол үшін алдымен сенатор болып алуы керек...
Кеше президент Қ.Тоқаев Асқар ШӘКІРОВТІ де сенатор етіп тағайындады. Ол бұған дейін Сенат төрағасының орынбасары болған. Өзі заң ғылымдарының кандидаты. Ағылшын және қытай тілдерін жетік меңгерген. Төтенше және Өкілетті елші дипломатиялық мәртебесі де бар. Ертеректе үнді жерінде қазақ елшісі де болған.
А.Шәкіров.
Мұнысына қарағанда, Президентпен ертеден таныс-білістігі де бар секілді. Ендеше, Шәкіров бір секіріп Сенат төрағасының орынтағына отырса, таңғалудың реті жоқ.
Бұрынғы Бас прокурор, Жоғарғы соттың экс-төрағасы Жақып АСАНОВ қызметінен кеткен күні-ақ оны Сенатқа апарып «отырғызып» қойғандар болды. Осылай дегендер жаңылмапты, Асановты да кеше Президент сенатор етті.
Ж.Асанов.
Президент сенатор етіп тағайындаған бес адамның ішіндегі жаңа есім осы – Жақып Асанов. Сондықтан да, Президенттің Жақып Асановқа қатысты бір түйгені бар деп топшылауға әбден болады.
Жоғарыда сөз болған үміткерлердің «биографиясында» мін жоқ. Ал «географиясы» қандай? «Жаңа Қазақстанда жершілдік пен рушылдық аса маңызды емес» деушілер табылуы мүмкін, дегенмен де мұны әлі де ешкім түбегейлі жоққа шығара алмайды.
Біздің таңдауымыз түскен үміткерлердің «географиясы» мынадай екен: М.Әшімбаев – Алматының тумасы, Қошанов пен Шәкіров – Қарағанды облысынан, ал Асанов – қызылордалық...
Міне, әзірге елдегі №2 адам атануға бір табан жақын тұрған үміткерлер – осылар.