14 Наурыз 12:58
...

Мейрамкүл Исаева: «30 жылдан астам уақыттың ішінде референдумның екі рет өтуі – кемшілік»

Фото:

Елімізде орын алған саяси өзгерістердің мақсаты қандай? Қазақстанда заң үстемдігі қашан орнайды? Халық мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға араласып жүр ме? Бұл төңіректе PhD, саяси зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Мейрамкүл Исаевамен сұхбаттастық.

– Елімізге АҚШ-ның мемлекеттік хатшысының сапар жасауы тұрғысынан қарайтын болсақ, еліміздің осы алпауыт елмен ара-қатынасы қандай деңгейде?

– Энтони Блинкен бұл жолғы сапарында үш мемлекетке келген болатын. Алдымен Қазақстанға, сосын Өзбекстанға, кейін Үндістанға барды. Бірінші Қазақстанға келіп, бірқатар кездесулер өткізді. Іс-сапар барысында С5+1 форматындағы кездесу ұйымдастырды. Ол дегеніміз Американың Оталық  Азия мемлекеттері – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан және Тәжікстанға қатысты жаңа форматтағы саясаты. Қазақстанда осы мемлекеттердің сыртқы істер министрлері мен Американың мемлекеттік хатшысы кездесті. Олар сауда-саттық, энергетика, ынтымақтастық, қауіпсіздік туралы негізгі мәселелерді және алдағы уақытқа жоспарланатын іс-шаралар туралы сөйлесті. Бұл кездесу – жаңа Президент келгеннен кейінгі мемлекеттік хатшының бірінші сапары. Шетелдік сарапшылар Қазақстанға жасалған іс-сапар бойынша түрлі болжамдарын келтіруде. Мысалы,  АҚШ-тың жаһандану кезеңінде Орталық Азияға деген сыртқы саясатының бағытын нығайту мақсаты бар деп бағалауда. Жалпы үлкен державалардың түрлі аймақтардағы мемлекелекеттерді өзінің бақылауында ұстап, онда болып жатқан саяси-экономикалық процесстерді қадағалап отыратыны мәлім. Бұл кездесу соның бір форматы деп те айтылып жатыр.

– Еліміздің ішкі саясатына тоқталсаңыз. Елде орын алған соңғы реформалардың оң тұстарын атап өте аласыз ба?

– 2022 жылы 6 маусымда Қазақстанда ауқымды саяси өзгеріс орын алды. Референдум арқылы еліміздің Конституциясының ⅓ бөлігі өзгерді. 33 бапқа өзгертулер енгізілді. Бұл реформаның негізгі мақсаты жаңа Қазақстанды халықтың мүдделерін қорғайтын жаңа Конституциямен бастау болып табылады. Бұл конституциялық реформа негізгі бес бағытты мақсат етті. 1-ші – суперпрезиденттік модельден күшті парламенттік модельге көшу, 2-ші – биліктің уәкілеттерін трансформациялау, 3-ші – Парламент палаталарының рөлін күшейту, 4-ші – адам құқықтарын қорғау жөніндегі тетіктерді нығайту және 5-ші – мемлекеттік маңыздағы шешімдерді қабылдауда халықтың белсенділігін арттыру, олардың қатысуын қамтамасыз ету. Осы референдумның өзі жаңа аталған 5 бағыттың бірі – мемлекеттік шешімдерге халықтың қатысуын қамтамасыз етуден туындаған. Халық үніне құлақ асу деген концепция іске асты деуге болады. Бұл қадам демократияландыру процессінде үлкен рөл атқарады. Мемлекеттік маңызы бар заңдарды, шешімдерді қабылдауда халықтың қатысуы, дауыс беруі қажет.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында референдум 1995 жылғы Конституцияны  қабылдағаннан кейін тек 2-рет өткізіліп жатыр. 30 жылдан астам уақыт өтсе де ондай референдумның 2 рет өтуі үлкен бір кемшілік деуге болады. Жаңа Конституциямыз 6 рет өзгерді. Бірақ бұған дейінгі өзгерістердің барлығы Парламент аясында іске асырылған болатын. Ал 6-шы өзгерістер пакеті халықтың даусы арқылы жүзеге асты. Бұл да демократияға деген нақты қадам болды. Оны халықтың дауысына құлақ асу деп бағалауға болады. 

– Осы реформалардың азаматтарға нақты пайдасы қандай?

– Адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту – саяси реформалардың негізгі бағыттарының бірі. Конституциялық сот осы мақсатта құрылды. Қазақстан тарихында бұндай конституциялық соттың құрылуы алғаш емес. 1993-1995 жылдары алғашқы Конституция бойынша бізде конституциялық сот болды. Кейін ол 1995 жылы конституциялық кеңес ретінде өз қызметін атқара бастады. 2022 жылы қайтадан конституциялық сот құрылды. Конституциялық соттың кеңестен айырмашылығы – кез-келген мемлекетте оның негізгі мақсаты заңдардың конституцияға сәкестігін қадағалау болып табылады. Конституциялық кеңесте те бұл функцияны орындайтын. Бірақ адам құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар конституциялық кеңеске шағымдана алмайтын еді. Ал енді коституциялық сотқа шағымдану мүмкіндігі жасалған. Жергілікті сот органдарында өз құқықтары қорғалмаған жағдайда, азаматтар конституциялық сотқа жүгіне алады.

Қазақстан бүгінге дейін Конституциясын 2 рет ауыстырды, соңғысын осымен 6 рет өзгертті. Орталық Азиямен салыстыратын болсақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстан да бірнеше рет өз Конституциялары өзгертті. Қырғызстан тіпті 4 рет жаңа Конституция қабылдады. Соның өзін 6 рет өзгертті. Сондықтан құқықтық тұрақтылық жөніннен баға беретін болсақ, аталған мемлекеттердегі жағдай шамалас. Дегенмен Қазақстан және Өзбекстанда құқықтық тұрақтылық жағынан мейлінше ұқсастық әрі тұрақтылық бар. Тәжікстандық Конституция заманауи шарттарға сәйкес емес, олардың басты құжаты адам құқықтарын қорғау тетктіктері, демократия бойынша толық жетілмеген. Конституциялық сотқа тоқталсақ, Өзбекстанда ол 1992 жылдан қызметін жалғастырып келеді. Көршілеріміздің бұл бағытта тәжірибесі мол.

Қырғызстанда заңдардардың Конституцияға сәйкестігін жоғарғы соттың құрамындағы конституциялық палата деген орган іске асырып, саралайды. Тек кейінгі жылдары конституциялық сот жеке ұйым ретінде құрылды. Түркменстанда конституциялық сот мүлдем жоқ. Онда заңдардың сәйкестігі жоғарғы заң шығарушы органның төменгі палатасында қаралады. Тәжікстанда конституциялық сот бар.

Жалпы әлемдік тәжірибеде заңдардың конституцияға сәйкестігін тексеретін екі модель бар. Оның бірі – американдық модель, екіншісі – еуропалық модель. Американдық модельде заңдардың конституцияға сәйкестігін тексеретін жеке орган жоқ. Ол белгілі бір соттың, жоғарғы соттың құрамындағы белгілі бір заң шығарушы органдардың құрамында жүзеге асады. Америка, Жапония, Канада және бірнеше Еуропалық елдер осы модельге сүйенеді. Ал Еуропалық елдердің көбі, Түркия, Қазақстан еуропалық модельге арқа сүйейді.

Сондықтан біздің конституциялық соттың мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, заңдардың адам құқығын қорғауын қадағалау, мемлекеттік қызметтің тетіктерін нығайту болып табылады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін  тәуелсіздік алған мемлекеттер социалистік форматтағы конституциялық форматтан либералдық конституциялық форматқа ауысты. Ондағы мақсат – заңның үстемдігін қамтамасыз ету болды. Ол заңдардың дұрыс жүзеге асуы, елдегі конституцияға сәйкес болғанда ғана іске асады. Конституциялық соттың құрылуының өзі адам құқықтарын қорғау бағытындағы, заңдардың үстемдігінің орнығуы жөнінде үлкен қадам болып саналады.

– Аталған реформалардың нәтижесі қашан байқалады?

– Президент Тоқаев билікке келгелі бірқатар реформалар жүзеге асқаны белгілі. Мысалы, елде сайлау жүйесі, партиялар бойынша өзгерістер енгізілді. Ол бастама нәтижесін қазір беріп жатыр. Сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық форматта өтуі, партиялар туралы заңға өзгерістер енгізілуі, партияны тіркеудің жеңілдеуі, партиялар санының көбеюі – соның көрінісі. Кез-келген мемлекеттегі белгілі-бір саяси идеологияның негізгі тетігі - саяси партиялар. Саяси партиялардың бір-бірінен ерекшелігі олардың саяси идеологиясында жатыр. Партиялардың көп болуы саяси идеологияның артуына әкеледі. Саяси аренада түрлі саяси идеологиялар орын алған кезде плюрализм пайда болады. Ол – демократияның негізгі шарттарының бірі.

Қазір біз партиялардың белсенділігін көріп жүрміз. Бірнеше партия тіркелді. Бірнеше саяси партиялардың өкілдері өздерінің кандидатураларын ұсынып жатыр. Біздің Коституциямызда “Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет” деп жазылудан ғана еліміз өздігінен демократиялық мемлекет болып кетпейді. Конституциямыз 6 рет өзгерді. Бірақ бізде демократияның нақты көрінісі қоғам күткендей болған жоқ. Өйткені азаматтық қоғамның дамуы өте төмен. Азаматтық қоғамды құрайтын мемлекеттік емес ұйымдардың дамуы өте төмен. Бұның барлығы саяси мәдениеттіліктің аздығынан орын алды. Саяси мәдениет те бірден қалыптастпайды. Кеңес заманында халық саясаттан алшақ болды.Заң қабылдау процессі халыққа қолжетімсіз болатын. Халықта қандай заң қабылданса да қызығушылық туындамайтын. Билік өзі бөлек, халық өзі бөлек. Тәуелсіздік жарияланған соң біздің еліміз ақырындап демокритияға бет бұрды. Заңдар халыққа қолжетімді бола бастады. Кезең-кезеңімен халық қандай заң қабылданды, ол менің құқығымды қорғайтын заң ба деген қызығушылық танытып, сұрақтар қоя бастады. Қазір ғана қоғамда, азаматтарда саяси мәдениет дағдысы қалыптасуда. Бұл тек бір тараптан жүретін процесс емес.Мемлекет халықты демократияландыру үшін түрлі реформаларды қолға алды. Оның бірі – халық үніне құлақ асатын мемлекет концепциясы. Яғни халықты мейлінше мемлекет қызметіне, билікке араластыруға түрлі жағдайлар жасады. Бұл азаматтық қоғамның дамуына жол ашатын концепция. Демократия қай уақытта дамиды? Азаматтық қоғам дамыған уақытта дамиды. Азаматтық қоғам – мемлекеттік емес құрылымдарды құрайтын жүйе: саяси партиялар, түрлі форматтағы құрылымдар – осылар дамыған кезде ғана азаматтық қоғам дамиды. Ол демократияның негізгі қозғаушы күші болады. 30 жылда қабылданған тұжырымдар, заңдар өз нәтижесіне беріп, саяси плюрализмнің дамуына, азаматтық қоғамның дамуына жол ашты. Бұлардың барлығы, сайып келгенде, азаматтық қоғамның дамуы, саяси идеологияның, саяси мәдениеттің дамуы, плюрализмнің дамуы барлығы сол мемлекетті құқықтық мемлекетке апаратын тетіктер. Ал ол барлық салаларда құқықтың, заңның үстемдігін қамтамасыз етеді.

– Саяси реформаның аясында елімізде Президент билігіне қатысты өзгерістердің қабылданғанын білеміз. Азиядағы басқа мемлекеттермен салыстырсаңыз. Бұл дұрыс шешім болды ма?

– Өткен жылғы ең маңызды өзгеріс - Президенттің өкілеттік мерзімінің ұраттылуы болды. Бұрын мемлекет басшысы 5 жылдық мерзімге 2 рет сайланатын. Енді ол өкілеттілік 7 жылға дейін ұзартылғанымен, тек бір рет сайлану құқығына ие болды. Басқа Орта  Азия елдерімен салыстырсақ, Өзбекстан мен Қырғызстанда  Президент 5 жылдан 2 рет,  Тәжікстанда 7 жылдан 2 рет сайлана алады. Түркменстанда 7 жыл мерзімге  шектеусіз сайлана беруге болады. Елімізде 7 жылға сайлауға қатысты қоғамның оң және теріс пікірлері болды. Жалпы Президент өкілеттілігін 7 жылға дейін бір реттік мерзімге шектеу біздің саяси тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылда бірінші Президентіміздің тәжірибесін негізге алып жасалған шешім болды. Өйткені 2019 жылға дейін Президентіміз өзінің қызметінде өзгеріссіз отырды. Сондай тәжірибе қайталанбауы үшін осындай шешім қабылданды. 7 жыл – көптеген сарапшылардың көпқарасы бойынша оптималды мерзім. Бір Президент 7 жылда мемлекетке қажетті маңызды шешімдерді қабылдап, маңызды реформалар ұсынып мемлекетке деген қызметін іске асыра алады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: