«Масс-медиа туралы» заң: Тілдік норма НЕГЕ 80/20 болмайды?
Парламент Мәжілісі отырысында «Масс-медиа туралы» заң жобасының алғашқы оқылымы өтіп, аталған заң жобасындағы бірқатар мәселелер қозғалды. Оның ішінде біраз уақыттан бері қоғамның талқысында болған қазақ тілінің мәселесі де бар.
«БАҚ-та мемлекеттік тілде ақпарат тарату 70 пайыздан кем болмауы тиіс» деген қағидатты депутаттар ұсынған. Мәдениет және ақпарат министрі Аида БАЛАЕВА 60/40, яғни 60 пайыз – қазақ, 40 пайыз – өзге тілде ақпарат таратуды дұрыс көретінін айтты. Бірақ депутаттар мұнымен келіспейді.
Аида БАЛАЕВА, Мәдениет және ақпарат министрі:
100 пайыз қазақ тіліне көшуге болатын еді...
– Маған салса, 100 пайыз қазақ тіліне көшуге болатын еді. Бірақ бағана атап өттім, БАҚ – 90 пайыз жеке меншік. Олардың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері бар. Сондықтан бұл мәселе кезең-кезеңімен жүзеге асуы керек деп ойлаймыз.
Мен осыдан үш жыл бұрын «БАҚ контентін халық 80 пайыз қазақ тілінде пайдаланады» деп айтқанмын. Бұл дегеніміз – қазақ тілді контенттің көбейіп, сұранысқа ие болғаны. 70 немесе 80 пайыз деп қоя салсақ болады, бірақ оның сапасы қандай болады? Мазмұндық тұрғыда сапасын кемітіп алмаймыз ба?
Екіншіден, радиолардың да ерекшелігі бар. Менің ойымша, бұл мәселе табиғи түрде өз ретімен келеді. Сараптама жасасақ, кабельдік операторлардың өзі контенттерінің дубляжын қазақшалап отыр. Бұл – аудитория қазақ тілді контентті тұтынып отыр деген сөз. Сондықтан бизнес те өзі соған бейімделіп, соған келеді. Өйткені олар ақша табуы керек, өз аудиториясын көбейтуі қажет.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА министрден 40/60 деген тілдік норманың қайдан шыққанын сұрады.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты:
Қазақ тілді аудиторияның сапасы да, талғамы да, мазмұны да жоғары
– Бизнес субъектілері халықтың алдында әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі қажет және тұтынушының да құқығын сақтауы керек.
Қазақ тілді аудитория туралы айтатын болсақ, әлемде бүгінгі тренд – Димаш Құдайбергеннің феноменін атап өткім келеді. Қазір әлем халқы Димаштың өнеріне, креативтілігіне сүйсініп, қазақ тілін меңгеріп, Қазақстанға келіп, қазақ тіліндегі әндерді Димашпен бірге шырқап жүр. Біздің бизнес қоғамдастығы осы феноменді ескере отырып, қазір қызу талқыға түскен «70/30 қағидатын» қабылдайды деген ойдамыз.
Үкімет жанында ведомствоаралық комиссияның отырысы өтуі керек. Орысша АРВ (анализ регуляторного воздействия) дейді, яғни сараптамасы дайындалуы керек. Сол АРВ аясында келелі талқылаулар болады. Жұмыс тобының мүшесі ретінде біз бұл талқылауларға қатысуға әзірміз.
Бүгінгі қазақ тілді аудиторияның сапасы да, талғамы да, мазмұны да жоғары, контентке сұранысы бар. Сол контентті даярлауда бизнес қоғамдастығымен бірлесе отырып, орталық мемлекеттік орган жүйелі, концептуалды, оң нәтижеге жетелейтін жұмыс жүргізуі қажет.
Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ, Мәжіліс депутаты:
60/40 дегенге мен қарсымын
– Біздің елімізде қазақы контент, қазақша материал жасау, сериал түсіру, жоба, ютуб немесе телеарналық жоба жасау үлкен рейтинг пен көрілім әкеледі. Сәйкесінше, жақсы қаражат әкелетін тетік. Мен сіздердің әріптестеріңіз болып, осы салада жүргендіктен оны жақсы білемін.
Сондықтан 60/40 дегенге мен қарсымын. Кемінде 70/30 болуы керек. Біздің позиция – осы. Жұмыс тобында депутаттар қабылдаған норма да – осы.
Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, Мәжіліс депутаты:
Өз позициямызда қаламыз
– Алғашқыда 80/20 нормасын талап еткен болатынбыз, бірақ жекеменшік ақпарат құралдары өте көп. Олар да осы салада жұмыс істеп жатқаннан кейін, олардың да қолын байлауға болмайды деді. Одан кейін 70/30 деген талап қойдық. Қазір Үкіметтің қарауына жібердік, нәтижесін күтіп отырмыз. Екінші оқылымға дейін бір жауабын естіп қаласыздар.
Қазір бізде бұл норма – 50/50. Министрлік «алдымен 60/40 жасап алайық» дейді. Бірақ біз 70/30 талап етіп отырмыз, осы позициямызда қаламыз.