29 Қараша 20:22

«ТІЛДІК норманы 70/30 емес, 80/20 жасау керек!» – Тоғжан ҚОЖАЛЫ қазақ тіліне қарсы шыққандарға қатты айтты

Фото:

Алматыда өткен 15-медиа құрылтай аясында өткен қоғамдық палатаның көшпелі отырысында «Масс медиа туралы» заң жобасы талқыланды. Оған Қазақстанның медиа саласының жетекшілері, журналистер, қоғам белсенділері қатысып, ұсынысын ортаға салды. Әдеттегідей орыс тілінде хабар тарататын теле-радио басшылары заңдағы 70/30 тілдік нормаға қарсы шықты.

NEGE тілшісі осы отырыста қазақ тілінің пұшайман жағдайына араша түскен «HAQ» қайырымдылық қорының жетекшісі, қоғам белсендісі Тоғжан ҚОЖАЛЫНЫ әңгімеге тартқан еді.

– Тоғжан, «Масс медиа» туралы заң жобасына қатысты өткен отырыстан не түйдіңіз? Орыс тілінде хабар тарататын кейбір ақпарат құралдары өкілдері әлі күнге мемлекеттік тілдің мәртебесін мойындамайтын сияқты ма?

– Баяндама, ұсыныс жасағандардың пікірін бастан-аяқ тыңдадым. Тек соңынан сөз алып, ойымды ашық айттым. Себебі, намыстанып кеттім. Сол жерде отырғандардың ешқайсысы өре түрегеліп «олай емес, былай» деп нақты дәлелмен пікір білдірмеді. Басын бұғып отырды. Тек депутат, модератор Айдос САРЫМ: «1997-1998 жылдары 50/50 нормасы туралы пікірталас болғанда да тура осылай дегендер болған. «Бұл БАҚ-ты өлтіреді, көрерменді жоғалтамыз» деген әңгіме айтылды. Құдайға шүкір, 30 жыл өтті, бұдан ешкім өлген жоқ», – деді.

Менің пікірім әлеуметтік желіде үлкен резонанс туғызды, қолдап жатқандар көп. Жиналған орыс тілді медиа өкілдері түсінсін деп, әдейі орыс тілінде жеткіздім. Әсіресе, мәдениет саласының өкілдері, журналистер белсенді түрде таратты. Тик-ток желісінің өзінде 200 мыңнан астам адам қарапты.

Шын мәнінде, контентті өзіміз жасамасақ, қазақ тілі ешкімге керек емес. Халық қолда бар дүниені көреді, қарайды, бағалайды. Мәселен, орыс тілі контенті басым телеарна мен радиолар қазақ тіліндегі хабарды, бағдарламаны, әуенді кешке қарай, тіпті түнгі уақытқа қояды. Жай ғана «заңды орындап жатырмыз» дегенді көрсету үшін. Демек, олар қазақ тіліне немқұрайлы қарап, екінші кезекке ысырып отыр. Орыс тілі мен ағылшынға басымдық беріледі де, өз елімізде қазақша контент жасауға көзбояушылықпен қарайды? Неге? Сонда оларға қазақ тілі «тоқалдан туған бала» сияқты ма? Олардың ойы – «Егер тілдік норма 70/30 болса, жарнама ағыны азаяды-мыс».

Т.Қожалы. Фото: elitexpert.ua

Екіншіден, артық ақша жұмсап, қазақ тіліндегі контентті көбейтуге құлықсыз. Үшіншіден, бұлардың көбі ресейлік теле-радиоларда жұмыс істеген. Мұның да ықпалы бар.

 Осы отырыста сөз алған медиа саласының топ-менеджерлерінің пікіріне қарап астамшылдықты, нарықты түсінбейтінін, аудиторияға деген кәсіби көзқарастың жоқтығын, қазақ рухының төмендігін байқадым.

– «TV commerce» компаниясы департаментінің директоры Ольга ПЕХЕНЬКО: «Шетелдік телеарналардағы орыс тіліндегі контентті қазақшалау, яғни дубляж жасау тиімсіз. Бұл нарықты өлтіреді», – деді. Дегенмен, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат ЫСҚАҚОВ дәлел ретінде тек қазақ тілінде хабар тарататын телеарна мен радиолардың рейтингі жоғары екенін тілге тиек етті. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Бізде контент көп. Бірақ олар «медиада жоқ» дейді. Себебі, өздері қоймаған соң солай айтады. Қазір қазақ контентінің көбі Youtube каналында. Мұнда қазақша әуендер де көп. Бұларды ірі медиа саласы қажетсінбегендіктен жеке өзі дамуға бет алды.

Әрине, Youtube каналында жарнама көп берілмейді. Маркетингті жүргізу үшін қырауар қаражат, әкімшілік ресурс қажет. Қазақ контентінің салмағын көтермесе, мемлекет қолға алып, міндеттеу керек.

1990-жылдардың аяғында заңға 50/50 тілдік нормасын енгіздік. Бұл кезде де осы секілді топ өкілдері ұлардай шулаған. Бірақ ештеңе күйген жоқ. Енді 70/30 қылатын кез жетті. Сонда ғана медиа бизнес өкілдері тыпырлап, әрекет ете бастайды.

«Оған қаржы көп кетеді» деген сылтау айтты. Бірақ шетелдік фильмдерге де орысша дулбяж жасайды ғой. Оған ақша табылады да, қазақ тіліне келгенде тарылады. Негізгі басымдықты өзгертіп, құлдық санадан арылу қажет.

Біздің оқырмандар, аудиторияның 70 пайызы – қазақ тілді. Атырау, Ақтау, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Алматы облысына барсаңыз, халық тек қазақ тілінде сөйлейді. Өздері қазақ тілін білмесе, оған бүкіл Қазақстан халқы кінәлі емес қой. Өзім радионы тек қазақ тілінде ғана тыңдаймын. Мен сияқтылар көп деп сенемін.

Р.Мақсұтов.

– Ал «Бизнес FM» радиостанциясының бас директоры Рустам МАҚСҰТОВ: «Қазақ әндерінің көбі тойда, мейрамханада айтылады. Бұл біздің форматқа келмейді. Біздің радиотыңдармандардың өз талғамы бар», – деді. Бұл пікірді қалай қабылдадыңыз?

– Рустамның әнге деген талғамы жоқ шығар. Қазақтың қандай әндері, әуендері бар екенін де бейхабар болуы мүмкін. Бұл радиоға орысша, ағылшынша әндер келеді екен де, неге қазақ әндері үйлеспей қалады? Маған осы жағы түсініксіз. Нарық коньюктурасы өзгергенін, бұл нарық орыс тілділердікі емес екенін мойындайтын кез жетті. Сондықтан бұлар қаржылық әлеуетін осыған икемдеу керек. Бұлар өзгермесе, пиғылын дұрыстамаса, нарық та біртіндеп ысыра береді.

Сіздіңше заң жобасындағы 70/30 тілдік норманы енгізеді деп ойлайсыз ба?

– Енгізеді деген толық үмітім бар. Ертең Мәжілісте тағы осы заң жобасына қатысты отырыс болса, кешегі біздің айтқан пікір депутаттарға кәдімгідей көмек болады. Қоғамның, уақыттың талабына сай сенімді түрде осы норманы енгізеді деп ойлаймын.

Меніңше, 70/30 тілдік нормасы да аз, 80/20 жасау керек. Сол кезде қазақ контенті сөзсіз дамиды. Ал әлгіндей керітартпа пікір айтушылар талапты өздігінен орындауға мәжбүр болады. Қазақ тіліндегі хабар мен әуенді бұрынғыдай түнде емес, күндіз қояды.   

– «Масс медиа туралы» заң жобасы көптен бері талқыланып келеді. Сізге ұнаған және ұнамаған тұсы бар ма?

– Кеше саясаткер Әміржан ҚОСАНОВ: «Сөз бостандығы туралы» заң болуы керек. Бұл журналистерге идеологиялық, моралдық, психологиялық тұрғыдан  күш береді», – деді. Мен де осыған келісемін.

Заң не үшін керек? Шын мәнінде, геосаясаттағы орнымызды нықтауға және ұлттық дербестігімізді сақтау үшін керек. Қазір басқа елдермен шекаралас аймақта тұратын қала, елді мекендердің көбінде көрші мемлекеттің теле-радиосы ұстайды. Қордайдың тұрғындары Қырғызстанның, Сарыағаш жақ Өзбекстанның телехабарын көріп, радиосын тыңдайды. Бір айта кетерлігі, олардың контенті біздікімен салыстырғанда қызықтырақ. Шекаралық аймақта өзіміздің контент танымалдылыққа ие болуы үшін БАҚ, медиа саласы қарқынды жұмыс істеуі тиіс.  

Тегтер: