13 Қазан 08:28
...

МӘМС: Жарна төлемейтін 3 млн адам ҚАЙЫРШЫ емес

Фото:

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгеніне 6 жыл болды. Бұл жүйе 2017 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асты. Алайда, МӘМС енгелі медицина мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды ма, көрсетілетін қызмет сапасы жақсарды ма?

Бұл сауалға келгенде күмілжіп қалатынымыз рас. Себебі, денсаулығына алаңдаған тұрғындардың МӘМС жүйесіне шағымы көп: сол баяғы сағаттап кезек күту, қажетті дәрігерге бір ай бұрын жазылу, УЗИ, МРТ-ға жолдама алудың қиындығы. Сонда алты жыл ішінде жүйенің бір ізге түскені осы ма?

Жақында Денсаулық сақтау министрі Ажар ҒИНАЯТ: «2019 жылы МӘМС енгізілгенге дейін халықтың медициналық көмекке жеке немесе қалта шығыстары денсаулық сақтаудағы барлық шығындардың 39%-на дейін өсті, ал салада жинақталған қаржыландыру тапшылығы 362,5 миллиард теңгені құрады», – деді.

Фото: ғаламтордан

«Сондай-ақ, 2019 жылы сирек мамандардың 20 миллионға жуық консультациясы мен диагностикалық зерттеу көрсетілсе, өткен жылы бұл сан 142 миллионға дейін өсті, бұл 7 – есе көп. Яғни, дәрігерлік қабылдаулардың, зертханалық талдаулардың және аспаптық диагностиканың қолжетімділігі 7 есеге артты. Біздің балалар 11 миллион стоматологиялық қызмет алды, ал ересектерге көрсетілетін қызметтер 30 есеге жуық, 50 мыңнан 1,5 миллионға дейін өсті», – деп атап өтті министр.

Одан бөлек, бұдан былай сақтандырылмаған адамдарға көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және басқа да бағыттарда осындай шектеулер қарастырылатын болды. Себебі, соның салдарынан адамдар медициналық көмекті тиісті деңгейде алмай жатыр-мыс.

NEGE тілшісі МӘМС төңірегіндегі сыни пікірлер жайында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымы Алматы қаласы филиалының директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВТАН сұрады.

Тілеухан Шілдебайұлы, МӘМС жүйесінің енгізілгеніне аз уақыт болған жоқ. Бірақ неге үнемі жағымсыз пікір естиміз? Министрдің сақтандырылмағандарға көлік жүргізуге, қару сақтауға шектеу енгізу туралы ұсынысын да қоғам қабылдамай жатқан сияқты.

– Көлік жүргізуге, қару сақтауға, тағы басқаға шектеу енгізу дұрыс деп есептеймін. Бұл жерде мемлекеттің, жұмыс берушінің, әрбір жеке адамның жауапкершілігі болуы керек. Жүйенің өзі «міндетті медициналық сақтандыру» деп аталып тұр. Егер талапты күшейтпесек, оның міндеттілігін қалай қалыптастыра аламыз?

Көлік жүргізушілердің ішінде қаншама адам өздерінің кәсібін, бизнесін тіркемей-ақ дөңгелетіп жүр. Бірақ көбі сақтандырылмаған. Сондықтан әртүрлі тетікті пайдаланып, міндетті екенін түсіндіру керек.

Қазір 3 млн 300 мың адам сақтандырылмаған. Солар көшеде қайыр сұрап жүргені жоқ, отбасын бағып отыр. Сол азаматтың қымбат қару алып, сақтауға шамасы жетеді де, бірақ медсақтандыруға жарна құюға ақшасы жоқ па? Бұл мүмкін емес.

Сол сияқты көлік жүргізу үшін куәлік аларда ақылы медициналық тексеруден өтеді. Алайда, ай сайын 3 500 теңге төлеуге құлықсыз. Бұл ертең денсаулық сақтау саласының сапалы, тұрақты жұмыс істеуіне кері әсер етеді. Халық арасында МӘМС-ке қатысты шағымның көбейіп кетуіне де осы себеп шығар.

Сол 3 млн адам «Ертең сақтандыру жағдайы керек бола қалса, сол кезде 12 айдың жарнасын төлей саламыз да, қалаған жоспарлы медициналық көмекті аламыз» деуі мүмкін. Бұл – олардың ішкі қулығы. Бірақ денсаулық сақтау саласының тұрақты дамып, басқа жұрттың амбулаториялық, скринингтік көмекті уақытылы алуына, порталға тұру кезегінің азаюына кедергісі көп. Егер сол 3 млн адам да сақтандырылса, халық тарапынан түсіп жатқан шағымдар азаюы мүмкін.

Мысалы, бір адам бұл жылы ауырмағанмен, басқа біреу ауыр халге түсуі ықтимал. Ең әрі кеткенде ол – бір мемлекетте өмір сүріп жатқан отандасың. Сондықтан әр адам жыл сайын МӘМС талабын сақтаса, әрбір ауырған адам медициналық көмекті сапалы, жоспарлы алады. Осы тұрғыдан келгенде министр айтқан шектеу дұрыс.

Т.Әбілдаев. Фото: ғаламтордан

– Сонда медициналық сақтандыруға жарна төлемесе, қарапайым медициналық жәрдем де көрсетілмей ме?

– Тек төтенше жағдай кезінде ғана көмек көрсетіледі. Апатқа ұшыраса, соқырішек болып қалса немесе ағза мүшесі іріңдеп, асқынып, жағдайы күрт нашарласа жедел жәрдем көмегі келіп, өміріне қауіпті екені ескеріліп, ауруханға жеткізіледі. Бірақ жоспарлы медициналық көмек түрін ала алмайды. Сондықтан асқындырмай тұрып, сақтандыру арқылы керек көмекті уақытында алуы керек қой. Ал дерт дендеп кеткенде емдеу нәтижесі де сапалы болмайды.

Егер жұмыс беруші МӘМС-ті уақытша төлемесе және оны алдын ала ескертпесе ше?

– Әр қызметкер өз құқын білуі керек. Егер жұмыс беруші түрлі себептермен жарнаны төлемей қойса, үш айдың ішінде сақтандырылуы сақталады. Ал үш айдан асып кетсе, сақтандыру мәртебесі жойылады.

Жұмыс беруші жарнаны төлеп отыр ма, жоқ па, бәрі көрініп тұрады. Себепсіз төлемесе, «Айлығымды бердіңіз. Бірақ неге МӘМС-ке ақша аударылмады?» деп талап ету керек. Ал енді себебі айтылса, үш айға 3500 теңгеден 10 мың теңгені өзі төлей салса, алатын медициналық көмегі ол ақшадан да асып кетіп жатады ғой.

Сондықтан адам өз құқығын біліп, жұмыс берушіге «Осындай жағдайға тап болдым. Сіздер жарнаны ай сайын төлеп тұруға міндеттісіздер» деп айтқан жөн. Қазір заңға жүгінетін заман. Тіпті, жұмыс берушінің үстінен шағымдануға да болады.

МӘМС-тің көмегімен жылына бір рет МРТ, КТ жасатуға болмай ма? Мәселен, емханада «Қазір алып қайтесіз? Қатты бір керек жағдайда ғана пайдаланбайсыз ба?» деген уәж айтады. Жалпы, бұл көмекті ауырып, өлім аузында тұрғанда алғаннан не пайда?

– Сіздің шағымыңызда, анализ немесе УЗИ қорытындысында МРТ, КТ түсіруге көрсетілім бар ма, жоқ па, мұны дәрігер анықтайды. МӘМС-тің ақшасы – бюджеттің ақшасы. Бұл да созылмалы емес. Әр адамның қалауымен жолдама бере беруге болмайды. Мәселен басыңыз ауырып, невропотологқа қаралдыңыз делік. Маман тексеріп, күдік ұялаған кезде ғана жібереді.

20 млн халықтың 15 млн-ы ересектер десек, соның бәрі өз бетімен келіп, «КТ мен МРТ-ға түскім келеді» деген қалауын орындайтын болсақ, онда ЖІӨ-нің 5 пайызы тұрмақ, 10 пайызын берсе де жеткізе алмаймыз.

Медицинадағы ақшаны тиімді жұмсап, тек мұқтаж адамдарды тексеріп, емдеу үшін құрылған жүйе бар. Осы клиникалық хаттаманы, диагностикалық көрсетілімдерді ескермесе, қаржының 50-60 пайызы құмға сіңген судай болады.  

Фото: ғаламтордан

Жуырда әріптесім емханаға барса, «скринингтен өтіп қойдыңыз» депті. Негізі ол бармаған, оған алдын ала айтылмаған. Демек, есеп тізіміне «тексеруден өтті» деп жіберген. Осы дұрыс па?

– Мұндай жағдайда өтірік «скрингтен өтті» деп Медициналық ақпараттық жүйеге енгізген болса, МӘМС қорына 24/7 қосымшасы, fms.kz сайты, 1414 бірыңғай телефон нөмірі арқылы шағымдансын. Бұл дәлелденген жағдайда медициналық ұйымдарға айыппұл салынады. Сосын қалалық денсаулық сақтау басқармасына ақпарат беріледі.

Бұған дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақшасын жымқыру дерегі тіркелгені есте. Халықтың жарнасын жеп қалғысы келетіндер жазаланып жатыр ма?

– Денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық туралы бұл жүйені енгізбей тұрып та айтылып келеді. Бас дәрігерлер, қалалық, облыстық денсаулық сақтау басшылары, тіпті оларға тапсырма беріп отырған әкімдер туралы да әңгіме болып жатты. Бірақ дәлелденіп, іс қозғалған жағдайда ғана «сыбайлас жемқорлық бар екен» деп айтуға болады. Басқа жағдайда мұның бәрі күдік. Мүмкін бар да шығар.

Мысалы, президент қордың аймақтық филиалдарын тексеруге тапсырма берді, «орынсыз медициналық көмек көрсетіп, қаржы мөлшерден тыс жұмсалды» деген болжам айтылды. Мұның бәрі тиісті органдар арқылы тексеріледі.

Айталық, осы кезеңнен бастап келесі жылдың бірінші жартыжылдығына дейін Жоғары аудитор палата барлық өңірдегі медициналық мекемелердің қаржысын тексереді. Олар тәуелсіз эксперттерді де жұмысқа тартуы мүмкін. Тіпті, оған құқық қорғау органдары, прокуратура араласып жатады.

Фото: ғаламтордан

Еске салсақ, Ақтау, Маңғыстауда жекеменшік клиникалармен бірігіп, былық жасаған филиал басшысын жазалады. Сол секілді бәріміз бақылаудамыз. Әр атқарған жұмысымызға жауап береміз.

Былтыр Алматыға Есеп комитеті, Жоғары аудиторлар палатасы мамандары келіп, тексерді. Жылда солай. Қорытындысы бойынша құқық бұзушы деректер анықталса, басшылары тәртіптік-әкімшілік жазаға тартылады. Сыбайлас жемқорлық болса, ешкім жазалаусыз қалмайды. 

МӘМС жүйесін әлі де жетілдіре түсу керек пе?

– Кез келген жүйе толықтыруды қажет етеді. Біз де басқа мемлекеттің тәжірибесіне қарап, Қазақстанға бейімделген жүйені енгіздік. Алғашқыда жарнаның көлемі кемінде 7 пайыз болсын дедік. Бірақ әртүрлі пікір ескеріліп, 5 пайызға тоқталдық.

Мәселен, бүгінде МӘМС-ке түсіп жатқан қаржының көлемі халықтың талабын, сұранысын орындауға жеткіліксіз. Сондықтан жүйеге қосымша өзгеріс енуі әбден мүмкін. Бірінші, халықты жарна төлеуге тарту керек, екінші, қазір бюджеттен қаржыландырылатын пакет мемлекет тарапынан кепілдендіріледі. Төтенше жағдай кезінде көрсетілетін жедел жәрдем көмегі халықтан түскен жарнаның есебінен қаржыландырылады. Бәлкім, бюджетті мемлекет өз мойнына алу керек шығар. Осы секілді әртүрлі ой-пікір бар. 

Тегтер: