МӘМС төлеген емделушілер тегін қызмет көрсетілмесе қайда жүгінеді?

Тұрғындар «МӘМС-ке ай сайын ақша төлесек те, қажетті қызметтерді тегін ала алмаймыз» дегенді жиі айтып жүр. Емхана дәрігерлері тегін тапсырылуы тиіс кейбір талдамалар мен диагностикалардың жоқтығын алға тартып, ақылы тапсыруға жіберетін көрінеді. Тек кейбір емделушілер мұнымен келіспей, министрлікке шағымданатынын айтқанда ғана «ақылы» деп отырған қызметтер тегін көрсетіледі екен.
Мұндай жағдайда қандай шара қолданылады? Емделушілер не істеуі керек? NEGE тілшісі жолдаған сауалдарға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жауап берді.
«Бізге осындай шағымдар түсіп тұрады. Шағымдар түскен кезде жоспардан тыс мониторинг жасап, сол шағымдарды қарастырып, «емделушіге неге уақытында қызмет көрсетілмеді?» деген мәселені тексереміз. Егер шағымы орынды, дәлелді болса медициналық көмек көрсетіп отырған емханаға тиісті шарала қолданып, айыппұл саламыз.
Медициналық ұйымға шарт бойынша бір жылға қаражат қарастырылып, ол 12 айға бөлінеді. Жоспарлы қызмет дәл сол күні көрсетілуі міндетті емес. Жоспарлы көмекті бірнеше күннен кейін де алуға болады. Алдымен оны белгілі бір кезекке қояды. Егер көмек жедел түрде көрсетілуі керек болса, ол дереу орындалады. Емделушілер қызмет дәрігердің жолдамасы арқылы ғана көрсетілетінін ұғынуы керек. Мысалы, денсаулық сақтау ұйымының арнайы бұйрығы бар. Бұйрықтың ішінде жолдама берілмей көрсетіле беретін қызмет түрі де кездеседі. Мысалы, стоматологиялық қызметті арнайы санатта өздері ала алады. Жалпы жоспарлы көмек өзінің уақытында, көп ұзамай көрсетілуі керек», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық сапасын бақылайтын департамент директоры Жұманова Ләззат Әсетқызы.
Емделушілер осындай жағдайға тап болғанда не істеуі керек деген сауалға: «Егер емделушілер осыған қатысты шағым түсіргісі келсе, біздің қорға 1406 телефон нөмірі арқылы қоңырау шала алады, QOLDAU 24/7 деген қосымшаға жаза алады және біздің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтына шағымдарын жаза алады», – деп жауап берді Ләззат Әсетқызы.
Мамандар барлық медициналық көмектің жоспарлы және жедел түрде жүргізілетінін атап өтті.
Ә.Қыдырәлиева.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы 2021 жылғы №90 бұйрығы бар. Яғни, бұл жерде емханалар туралы айтылған. Осы бұйрықтың 13-тармағына сәйкес, сол аталған ұйым әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының базасында бар медициналық ұйыммен келісім-шартқа отыру арқылы қамтамасыз етілген қызметтерді көрсетеді. Жоспарлы және жедел көрсетілетін медициналық қызмет түрі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылғы 27 сәуірдегі №37 бұйрығында айтылған. Осы бұйрықтың ішінде 6 мыңға жуық медициналық қызмет тізбесі бар. Қандай қызметті МӘМС шеңберінде, қандай қызметті тегін медициналық көмек шеңберінде алуға болатыны да айтылған. Сол жерде толық тізімі көрсетілген.
Бұл жерде МӘМС халықтың жауапкершілігі шеңберінде жасалған жүйе екенін ұмытпауымыз керек.
Екіншіден, ай сайын төленіп жатқан жарналар қор ретінде жиналмайды. Ол аз мұқтаж адамнан көп мұқтаж адамға жұмсалады. Мысалы, мұқтаж адамда онкологиялық ауру немесе туберкулез болуы мүмкін. Сол себепті ең алдымен мұқтаж адамға жұмсалатынын ескерткім келеді», – деді Медициналық көмекті ұйымдасыру департаментінің басқарма басшысы Әсел Қыдырәлиева.
Сонымен қатар жеке медициналық жүйеге дәрігердің қабылдауында болмаған адамдарды «дәрігер қабылдауында болды», «медициналық қызметтерді алды» деп көрсеткен жағдайлар кездесіп жатыр. Жалған мәліметті жүйеге тіркеу неге оңай? Цифрландыру кезінде осы мәселе басшылыққа алынды ма? Бұл сауалдарға ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев жауап берді.
«Бізде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бар. Оны қазір айтып өткен call-орталықтарға хабарласып білуге болады. Бірақ осы кезде өз мәліметі бойынша медициналық ақпаратын қарап, медициналық сақтандыру қорына жүгіне алады.
Екіншіден, қазір айтып өткендей әрбір медициналық көмек алу фактісін растауды цифрландырдық. Мысалы, емделуші емханаға келеді, біз оны биометриялық тексеру немесе QR код, смс-растау арқылы енгіземіз. Емделуші қызметін алғаннан кейін оған смс келеді. Жауап бергеннен кейін ақпарат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі. Содан кейін оны тексеруге болады», – деді вице-министр.