25 Қыркүйек 15:02
...

Мал шаруашылығын қалай дамытамыз? – маман жауап берді

шаруа
Фото: zhalagash-zharshysy.kz

Қазақ бірін-бірін көрген бетте «мал жан аман ба?» деп, малды жанмен қатар сұрайтыны бекер болмаса керек. Бұл төрт түлік малдың адамзат азығы, тіршіліктің көзі екенін анық аңғартады. Осы ретте ата кәсібіміз мал шаруашылығының бүгінгі жай-күйін сұрау үшін Алматы облысының ветеринария басқармасы мемлекеттік мекемесінің бас маманы Ғалымбек Стамбекұлына шықтық.

Мал өсіру қазақта ежелден келе жатқан кәсіп көзі болғанымен, бүгінгі таңда кенделеп қалғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұған не себеп?

Бұған дейінгі істеген қызметім мал санағын жүргізумен байланысты болған еді.Сонда байқағаным, қазіргі таңда мал бағатын азаматтар жоқтың қасы. Салдарынан шаруа қожалықтарының иелеріне қойшы табу қиын болып отыр. Кейбір шаруалар қысылғаннан өзбек ұлтының азаматтарына қолқа салады. Бірақ олар малдың жайын біле бермегендіктен, сақман кезінде төл басын тұшымды ала бермейді. Жем-шөбін жақсы беріп, күйін түсірмей ұстамаса, қысыр қалатыны тағы бар.

ветеринар
Ғ.Стамбекұлының жеке мұрағатынан

Одан кейінгі мәселе – жайылым жерінің азаюында болып отыр. Малды жаз жайлау, қыс қыстауға шығарайын десе малшының жоқтығы тағы тұсау болады. «Шын жүйрікке тұсау жоқ» демекші, әйтпесе мал шаруашылығымен айналысамын деген жандарға мемлекет барынша қолдау көрсетіп, жер де беріп жатыр. Сол сияқты мал асылдандыру мақсатында түрлі бағдарламалар бойынша арнайы субсидия да беріліп келеді.

«Малдың жайын баққан біледі» деген. Қазір берген ақшаға төл алғанмен, оның басын көбейтудің тілін білмей жатқандар қынжылтады.

Мал шаруашылығында күннің басты мәселесіне айналған сібір жарасы, бруцеллез, қара сан сынды аса қауіпті ауруларлың профилактикасы бойынша күрес кешенді түрде жүргізіліп тұра ма?

Үкімет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан көмектің бірі – түрлі аурулардың алдын алу. Осы ретте мал мен жан-жануарға қатысты 16 түрлі ауруға ақысыз вакцина береді. Ал ветеринар мамандар соған сай жылына екі рет диагностикалық іс-шаралар жүргізіп, екпелерді уақытылы салып отырады. Дегенмен, аурудың шығуына әсер ететін факторлар жеткілікті.

Мысалы, сібір жарасының қоздырғышы жерде жылдар бойы жасырынып жатады. Өзіне қолайлы уақыт туғанда ол қайта жандануы әбден мүмкін, бұл кезде екпе де қауқарсыз болып қалуы ықтимал. Бірақ мемлекет малынан айырылған шаруалардың жағдайын күнұбұрын ойластырып қойған. Егер малынан бруцеллез шықса, оның нарықтағы бағасының отыз пайызын төлеп береді. Санитариялық мал сою пунктерінің қожайыны да қомдылығына қарай тағы мал басына ақы төлейді. Бұл да үкіметтің шаруаларды құл шылбыр ұстап қалмау жолында беретін көмегі.

– Сонымен, маман ретінде мал басын көбейтудің қандай жолдарын ұсынасыз? 

– Малдың санынан көрі сапасына қарау керек. Мысалы, асыл тұқымды бір сиыр ұстап, одан бес сиырдың сүтін алуға болады. Бұл жем-шөпті үнемдеуге де сеп болады. Кейінгі жылдары шаруалар арасында малды қолдан ұрықтандыру әдісі тоқтап қалды. Осыны қайта қолға алу керек деп санаймын. Бұрын малшыға берілетін жалақының елу пайызы үкімет тарапынан төленетін. Түрлі мал бордақылайтын алаңдар ашылып, ет өнімдерімен айналысатын ірі мекемелер шаруа қожалықтардың бұзауларын қабылдайтын. Осыны қайта жандандырса, игі болар еді. Бұл мәселелер оңтайлы шешімін тапса, мал басын көбейтуге септігін тигізеді деп ойлаймын.