Гарри ханзада мен Меган Марклдың фотосы 100 мың доллар тұрады
Гарри ханзада жұбайы Меган Марклмен бірге АҚШ-қа көшіп барғалы бері папараццилер қыр соңдарынан қалар емес.
Алматы, NEGE. Fr24 басылымының жазуынша, ханзада Гарри мен Меган Марклды аңдушылар көп. Өйткені олар БАҚ-тардың бірінші бетінен түспейді. Әзірге басылымдар мұрағаттағы суреттерді пайдалануға мәжбүр.
Калифорниялық танымал фотограф Марк Карлофф былай дейді: «Ерлі-зайыптылар Канададан Лос-Анжелеске көшіп келгелі бері оларды аңдушылар көбейді. 12 жылдан бері атақтылардың суретін сатумен айналысып келемін. Менің білуімше, дәл қазір Гарри мен Меганның тосыннан түсірілген фотосының құны 100 мың доллардан кем болмайды».
Гарри ханзаданың жұбайы Меган Маркл коронавирус пандемиясының өршіп кетуінен қорқып, отбасын үйден шығармай отырғаны белгілі болған. Ол тіпті күйеуін коронавирусқа шалдыққан әкесіне де жібермей қойған. Сондықтан папараццилерге әзірге жұлдызды жұпты суретке түсіру оңай болмайтын сияқты.