«Жас Қанат. Балалар» байқауын Азат Сүндетбек жеңіп алды
Алматыда «Жас Қанат. Балалар-2024» атты екінші республикалық балалар шығармашылығы байқауы өтті. Биыл конкурсқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды балалардан 130 өтінім келіп түсті. Солардың ішінен 17 үміткер финалға өтті.
Алматы, NEGE. Биылғы байқауға қатысушылар деңгейі өте жоғары болғандықтан, кәсіби қазылар алқасы жеңімпазды анықтау барысында біраз қиналды.
«Жас Қанат. Балалар-2024» байқауының қазылар құрамында еліміздің атақты өнер жұлдыздары: Қазақстан Республи-касының еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Абдуллин, Айгүл Бабаева және Жәмилә Серкебаева, композитор Артық Тоқсанбай, әнші, продюсер, «Жас Қанат» байқауының 2000 жылғы лауреаты Нұргүл Нұғыманова, эстрада жұлдызы Парвиз Назаров және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Медеу Арынбаев болды.
Байқау нәтижесі бойынша үшінші орынға Қарағанды қаласынан келген 13 жастағы Ансар Абдурахман ие болды. Ал екінші орынды 13 жасар алматылық София Балғазина жеңіп алды. Бірінші орын Талдықорған қаласынан келген 12 жастағы Інжу Есімжанға бұйырды. Оны мамандар қазірдің өзінде болашақ Бибігүл Төлегенова деп атап жүр. Ал «Жас Қанат. Балалар-2024» байқауының Бас жүлдесін Алматы қаласының тұрғыны, 13 жастағы Азат Сүндетбек жеңіп алды.
Сонымен қатар, байқау аясында бірнеше арнайы номинациялардың жеңімпаздары мен дипломанттары анықталды. «Үміт» арнайы жүлдесі алматылық Қуаныш Баймұхамбетовке табысталды. Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін «Азия Дауысы» қорының арнайы сыйлығын Алматы тұрғыны Ханшайым Пышан иеленді. Дарынды шығармашылығы мен авторлық әнді үздік орындағаны үшін Давид Чарлин де марапатталды. Ол байқау барысында өз туындысын орындады. Instagram арқылы дауыс беру нәтижесінде Қарағандыдан келген Ансар Абдурахман «Көрермендер көзайымы» жүлдесін алды.
Алматы қаласының әкімі атынан арнайы сыйлық қарағандылық Ажар Әбдішеваға берілді. Бұл сыйлыққа 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы қосылды. Ерекше дипломдармен Ажар Әбдішева, Мәді Нұрботалы және Қаусар Бекбосын марапатталды. Ерекше атақтарға ие болған барлық дипломанттарға 50 мың теңгеден сыйақы берілді.
Қазылар алқасы мүшелері де назардан тыс қалмады. Медеу Арынбаевқа отандық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Мұрат Ирғалиев пен Александр Пономарев атындағы арнайы жүлде табысталды.
«Жас Қанат. Балалар-2024» аясында жас мобилографтардың конкурсы өтті. Жеңімпаздар жаңа смартфондар мен фирмалық мерчтер ұтты. Ал дәстүрлі сурет конкурсына еліміздің түкпір-түкпірінен 206 жұмыс қатысып, оның 126-сы финалға өтті. Нәтижесінде 3 лауреат және 11 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Жұмыстар шығармашылық ойлау, өзіндік ерекшелік, түс қанықтығы, орындалу шеберлігі мен ұлттық колоритті бейнелеу сияқты критерийлер бойынша бағаланды.
Nege.kz бірнеше жылдан бері «Жас Қанат» байқауының ақпараттық демеушісі болып келеді.