Айжан НҰРМАҒАМБЕТОВА жылдар бойы жасырған сырын айтты
Айжан НҰРМАҒАМБЕТОВА – аға буынға аса танымал әнші. Жастар да біршама біледі. Оның себебі ерекше киіну стилінде болса керек. Көпшілік алтын түстес шашы мен сахналық образына қарап «тон пішіп» жатады. Бірақ оның бойындағы қазақылығы – бір төбе. Бұған сұхбат барысында көзіміз жетті.
«Томириске» түскім келген еді...»
– Желідегі көрермен тарапынан айтылған пікірлер легіне зер салсақ, сіздің «Розыгрыш по-казахски» фильмінде ойнаған рөліңіз көпшіліктің көңілінен шыққан тәрізді. Тимур Бақтыбаевтың киносына қалай тап болдыңыз?
– Мен сұхбаттарымның көбінде бала кезімнен актриса болуды армандағанымды айтып жүремін ғой. Бірақ көп жерге кастингке шақырғанымен, көркемдік кеңес «түр-сипатың қазақтың қызына келіңкіремейді» деп қабылдамайтын.
Содан бір күні қызды-қыздымен «толық метражды киноға түсуге шақырса, шашымды тақырлап тастауға дайынмын» дедім. Осыны ескерсе керек, Тимур түсірген фильмнің басы-қасында жүрген бір маман мыстанның рөлін ойнауға шақырмасы бар ма...
А.Нұрмағамбетова «Мыстан» рөлінде.
– Бұған қатысты «Айжан өз рөлін тапқан екен» дегенді де естідік. Бұл сіздің актерлік шеберлігіңізге берілген жоғары баға сияқты. Киноға түсу ұнап қалды ма?
– Бұған дейін де бірі-екілі ситком мен киноға түсіп үлгердім ғой. Режиссер Сәкен Жолдастың «Он и она» фильмі мен «Хабар» арнасы таспалаған «Унесенные рейсом» сериалында Мағрипа деген көріпкелді ойнадым. Сондықтан маған түсірілім алаңы жат емес.
Бақтыбаевтың продюсерлігімен түсірілген кинодан кейін тағы екі жобаға шақырту алдым. Оның бірі өткен Жаңа жыл мейрамында эфирге шықса, екіншісі алдағы наурыз айында көрерменге ұсынылмақ.
Онда инвестордың әйелін кейіптеймін. Ал жүрек түкпіріндегі арманым – тарихи туындыда ойнау. Ақан Сатаев таспалаған «Томириске» түскім келген еді. Дегенмен, өздігімнен сұранып баруға батпадым.
– Ұзақ жылдан бері «Қазақконцертте» жұмыс істеп келесіз. Соңғы рет қашан ел аралап концерт бердіңіздер?
– Өткен жылы Абай, Жетісу, Қызылорда және Ұлытау облыстарын аралап, халыққа тегін концерт беріп қайттық. Сондағы 22 концерттің 16-сында өнер көрсеттім. Одан соң да талай Алматы мен Астанада өткен кештерге қатыстым. Тағы біраз жерде ән салуым керек еді, оған ауырып қалып, үйде жіпсіз байланып отырған жайым бар.
«Тойға арналған әндерім жоқ»
– Қазір Қазақконцертте» жастар көп қой. Өзіңізді жастардың тасасында қалып қойғандай сезінбейсіз бе?
– Шыны керек, түрлі түсірілімдер мен жобаларға бізді шақыра бермейді. Ретро фестиваль атаулыда біздің осыдан 20-25 бес жыл бұрын салған әндерімізді жастарға шырқатып қояды.
«Сағындырған әндер-ай», «Ән мен әнші» деген жобалар үздіксіз ұйымдастырылады. Тәттіге телмірген баладай «шақырар» деп елеңдеп қоямыз, бірақ, өкінішке қарай, қалыс қаламыз. Жалпы, жастарға жол ашылғаны дұрыс қой, бірақ еңбегі сіңген әртістерге де құрмет көрсете білген дұрыс.
– Қыз ұзатып, тұсаукесерде ән салуға тағы жоқпын дейсіз ғой...
– Менің репертуарымда тойға арналған әндер жоқ. Көпшілігі «неге жазбайсың?» деп сұрап жатады.
Шынтуайтында, ұзатылған қызды төрт рет ажырасқан келіншектер емес, мен секілді көрген-білгені бар жеңгелер шығарып салу керек қой.
Дегенмен, қуанышына шақырған той иелеріне барып, сұраған әндерін салып беріп тұрамын.
– Сахнада жүргеніңізге 45 жыл толған екен. Осыған орай жалпақ жұртқа тарту етсем деп әзірлеп жатқан жоспар-жоралғыңызбар шығар?
– Үлкен кешімді берсем деген ойым бар. Бірақ оның өту-өтпеуі демеуші табылғанына байланысты. Ал мемлекеттік мекемелердің есігін қағу – табиғатыма жат қылық. Осы қырық жылдан астам сахнадағы еңбегімді елеп-ескеріп, 8 наурызда тілдей қағаз беріп марапаттаса, соған рақмет айтамын. Саханаға кеше шыққандарға беріп жатқан «Құрмет» ордені де қырық жылдан кейін бұйырды. Дәстүрлі түрде өткізіп жүрген «Бақыт деген – сенің бала күндерің» атты фестивалімді ұйымдасытру кезінде де не Мәдениет министрлігінің, не мәдениет басқармасының есігін ашпаппын.
Әйтеуір, Алматы қаласының әкімдігі өткізер зал мен арналардан түсірілім тобын жібереді, соған да шүкір деймін. Әйтпесе байқауға қатысуға келген балалар жиырма күн осы Алматы қаласында тұрақтайды. Олардың жатын орны мен, ішер тамағы бәрі өз мойнымда. Қарызданып қалсам да намысқа тырысып, үзбей өткізуге тырысып жүрміз.
Жеңімпаз бүлдіршіндердің дені шетелде өткен түрлі байрақты бәсекелерде өнер көрсетіп, көк туымызды биікке көтеруде. Біздікі осындай жанкешті тірлік. Десе де оның мәуелі жемісін болашақ көрсетеді деген үміттенемін.
– Әлі де Сергей Шабуниннің кеңесіне құлақ түресіз бе? Қазір сахналық стиліңізді кім келістіріп жүр?
– Менің Сергеймен байланыс орнатқаныма 22 жыл болыпты. Тіпті, бір-бірімізге әпкелі-бауырдай болып кеттік.
«Бетімде бір тамшы да ботокс жоқ»
– Біраз жасқа келсеңіз де өң бермегеніңізге қарағанда, әлдебір құпияңыз бар сияқты. Әлде, заманауи косметикалық ем-шараларға жүгінесіз бе?
– Айналайын, егер сенсең, менің бетімде бір тамшы да ботокс жоқ. Негізі сұлулық саласының қызметіне жүгінуге қарсы емеспін. Бірақ менің аллергиям бар. Артық қылам деп, тыртық қыламын ба деп қорқамын. Алдында бір-екі жақпа май жағып көріп едім, соңынан бірден жедел жәрдем шақыртуыма тура келді. Сондықтан антибиотик пен крем атаулыдан аулақ жүруге тырысамын. Бұрыннан нарықта келе жатқан қапайым кремді пайдаланамын, болды.
– Күйеуіңіз үнемі қасыңызда жүреді екен. Қызғана ма?
– Біріншіден, мен көлік жүргізбеймін. Екіншіден, ұзын-сонар көшені қойып, шығарда кірген есігімді ұмытып қалатын адаммын. Оның үстіне жол апатына түскен соң аяғым біраз жыл сыр беріп, дәрігер ауыр көтермеуді ескертті. Сол себепті күйеуім өзіммен селбесіп жүреді. Ал қызғанатын-қызғанбайтынын сұрап көрмеппін.
«Баланың бөтені болмайды»
– «Бала тапқандыкі емес, баққандыкі» деген ғой. Мұны айтып отырғаным, сіздің Диастан өзге де бауырыңызға басқан балалар бар көрінеді...
– Иә, олар – күйеуімнің бірінші некесінен туған ұлдары. Біз бас қосқанда бірі сегіз, бірі он бір жаста болды. Қолымыздан келгенше Әділ екеуміз оларды оқытып-тоқытып, үйлі-баранды қылып, қатарға қостық. Бірақ олар әжелерінің қолында өсті. Қара кешке дейін қастарынан шықпайтынмын десем, өтірік айтқан болармын. Себебі, үнемі гастрольде жүргендіктен, өз туған ұлыма да қарайласатын уақытым болмады. Оны сіңлім мен әке-шешем бақты.
– Сол екі ұлдың бірін – күйеуіңіздің бірінші жұбайының бірінші некесінен туған деседі. Сізге де, күйеуіңізге де қатысы жоқ екен. Мұндай кеңпейілділік кез келген әйелдің бойынан табыла бермесі анық...
– Біздің отбасымыздағы үлкендер «баланың бөтені болмайды» деп отыратын. Сондықтан өзгенің баласы деп қарауға тәрбием жібермеді. Көшеде біреудің бүлдіршіні жығылып қалса да, жүрегіміз зырқ ете қалады. Құдайға шүкір, олар да мені анасы ретінде мойындағаннан болар, қайын жұрттарына барғанда құдағи ретінде төрде отырамын. Одан артық қандай бақыт керек?!