Референдум Референдум
USD
USD
USD

Лукашенко қол қоймаса да, тәуелсіздік мәселесіне нүкте қойылған жоқ

Сочидегі кездесуде Путин дегеніне жете алмады. Беларусь егемендігіне нүкте қоятын құжатқа әзірге қол қойылмады. Лукашенко сөзінде тұрды ма, әлде, орайы бұл сәт емес деп білді ме, ол жағы әлі белгісіз. Кездесудің қалай өткені, талқыланған мәселелері сол күйі құпия. Саудаға түскен Беларусь тәуелсіздігі – басы ашық мәселе. Не бел кетер, не белбеу кетер дейтін тәуекел жоқ бұл жерде.

Лукашенко қол қоймаса да, тәуелсіздік мәселесіне нүкте қойылған жоқ
Фото: NEGE.kz

Экономикасы бөгде елге тәуелді елдің саясаты да, басшысы да тәуменді. Беларуське келсек, мұны тек қағазға қаттап, ресми түрде бекіту ғана қалғандай. Бар гәп – екі тарапты да қанағаттандыратын бағада сыңайлы.

Жиын соңында ресми өкілдер де сөзге барынша сараңдық танытқан. Мәскеу Одақтас мемлекеттің 20 жылдығын терең интеграция туралы құжаттарға қол қою арқылы атап өтпек еді, онысы болмады. Мұның себептері жайында ләм-мим деген ешкім жоқ.  Бір анығы – кездесудің екінші кезеңге қалғаны. Ол 20 желтоқсанда Санкт-Петерборда өтпек.

Кездесулер неге құпия өтіп жатыр? Не мәселелер талқыланды? Беларусь ұлтын мазалап отырған осы басты сауалдар әлі күнге дейін жауапсыз қалды. Әйтсе де, қол қойылмау фактісінің өзін жеңіске бағалап отырған беларусь сарапшылары аз емес. «Бұл – Ресей үшін ірі сәтсіздік болды. Оған сенімді одақтас табылмай жүр бұл күнде», – дейді саясаттанушы Сергей Николюк баспасөзге берген пікірінде.

Кездесу жабық есік жағдайында өтіп, бес сағатқа созылған. Бірақ екі президент те ұзақ уақыт не жайында сөйлескені жөнінде тіс жармапты. «Қауырт күн болды. Тараптар бірқатар мәселелер бойынша жемісті жұмыс жасады». Сочидегі кездесуі осындай қысқа мәлімдемемен түйінделіп отыр. «Біз көп іс тындырдық, бірақ тындырған ісіміз туралы аз айтып жүрміз. Дұрысы, айтып жүру керек екен», – депті  Александр Лукашенконың өзі кездесуден кейін. Беларусь басшысы сол күні-ақ отанына ұшып кеткен.

«Бірқатар бағыттар – ауылшарушылығы, байланыс, кеден, мұнай нарығын реттеу бойынша қыруар жұмыс жасадық. Мұнай мен газ мәселесінде де табысқа қол жеткіздік. Тараптардың ұстанымдары бір жерден шығып жатты», – деп, Ресейдің Экономикалық даму министрі Максим Орешкин кездесу барысы жайында қысқа қайырған.

Беларусь тарапы таратқан мәліметтер де тым қасаң. «Салық салуды біріктіру мәселесін 2020-2021 жылдары шешу міндеті қойылды. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іс жүзінде жұмыс істеуі тиіс. Салық маневрінен келетін шығындарды толық өтеу 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап шешілуі мүмкін», – деді Беларусьтің Мәскеудегі елшісі Владимир Семашко.

Там-тұм ақпараттарға көз жүгіртсек, келіссөз барысында электроэнергетика және кеден саласы туралы екі жол картасы бойынша келісім жасалған. Жол карталарының ұзын-саны – отыз бір. Ал сегізі әлі келісілмей отыр. Бастысы – бұлар қоғам үшін әлі де жұмбақ.

Құжатқа не үшін қол қойылмады? Бұл сұраққа беларусь сарапшылары, атап айтқанда Юрий Дракохруст  былай деп жауап береді: «Минск егемендігін құрбандық етуге ықтияр емес, Мәскеу де осы құрбандықсыз экономикалық қолдау деңгейін сақтауға, арттыруға әзір емес. Мұндай жағдайда  құр қағаздарға қол қою ешкімге де қажет емес».

Беларусь басшылығы Ресейден мейлінше экономикалық жеңілдіктер күтетіні анық. Басты мәселе – биліктің ғұмыры мен құзыры. Кереғарлық осыдан шығуы мүмкін. «Лукашенко да, Путин де бір мәселеге мүдделі. Ол – жеке билігін сақтау мәселесі. Бұл үшін Лукашенкоға халықтың табысын өсіруді қамтамасыз етуі керек. Ал Ресей – империя, сондықтан бірінші деңгейге имперлік сана алға шығады», – дейді саясаттанушы Сергей Николюк.

Беларусьтің жағдайы мәз емес. Экономикасы барынша Ресейге тәуелді. Қазақстан 90-жылдары басынан өткерген қиындықтардан – «шок терапеясынан»  қашып, Беларусь экономикасын басы бүтін Ресейге бағыттаған.

«Шын мәнінде біз барлық жұмыртқаларымызды бір себетке сала бердік. Сондықтан беларусь-ресей қарым-қатынасындағы кез келген өзгеріс Беларуське жағымсыз әсер етеді», – дейді Беларусьтің Жекешелендіру және менеджмент зерттеу орталығының сарапшысы  Дмитрий Крук. Беларусь қазір бұл тәуелділіктен арылуға тырысып баққанымен, 20 жылдық байланысты күрт өзгерту бүгінде өте қиынға соғып отыр.

Халықаралық валюта қорының мәліметтеріне сүйенсек, Беларусь 2005 жылдан 2015 жылға дейін Ресейден 100 миллиард доллардан асатын субсидия алған.  Ал мұнай-газ субсидияларының көлемі 2018 жылы ЖІӨ-нің 12 пайызына жеткен. Экспортының 38 пайызы Ресейге тиесілі. Ал үштен бір бөлігі – Еуроодақ елдеріне жеткізетін мұнай өнімдері. Бұл жерде де Ресейдің шикі мұнайын импорттауға тәуелді. BEROC Экономикалық зерттеулер орталығының директоры Екатерина Борнукова былай дейді: «2018 жылдың аяғында беларусь мемлекеттік қарызының 37,6 пайызы Ресейге тиесілі (7,9 млрд доллар) болды. Беларусь белгіленген мерзімде оны өтей алмайды. Жыл сайын қарызының 75 пайызын қайта құрылымдауға мәжбүр. Демек, тағы да ресейлік кредитке тәуелді болады».

Мәжбүрліктен Беларусь Ресейдің игіліктеріне егемегендігін айырбастауға шақ қалып отыр. Бұл беларусьтер үшін қақпандағы жемтік болуы да мүмкін. Қақпанға түскенімен, уақыт өте келе жемтіктің де сап тыйылуы ғажап емес. Санкциялардан көз ашпай отырған Ресейдің өз басындағы мәселе нарға жүк. Премьер-министр Медведевтің қырымдықтарға: «Ақша жоқ, бірақ сіздер бекем болыңыздар»,– дегені сөзі мәтелге де айналып үлгерді. Мұны беларусь жұрты анық көріп отыр.  

Бірақ, Минскіде толқу толастар емес. Беларусь пен Ресей арасындағы тереңдетілген интеграцияға қарсы наразылық акциялары жалғасып жатыр. Кездесу өткен күні шеру бес сағатқа созылған. Наразылар Ресей елшілігіне келіп, милиция арқылы дипломаттарға митинг қарарын тапсырған. Шеруге мыңдаған адам жиналып, «Тәуелсіздік!» деп ұран тастаған. Бірақ бұл жолы полиция оларды ұстауға талпынбапты. Шерушілердің ішінде жастардың қарасы көп.

«Мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Сондықтан біз нарызылығымызды жалғастыра береміз. 20 желтоқсанда да көшеге шығамыз. Кейде Лукашенко мен азаматтық қоғамның мүдделері сәйкес келіп қалатыны бар. Сондықтан акциямыз тыныш өтті. Естеріңізге сала кетейік, бүгін – Кеңес одағы ыдыраған күн», – депті оппозиционер Павел Северинец.

Шадияр Өстемірұлы

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

LRT

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Иэн Армитидж

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

Қарашығанақ кен орны

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты

Михал Лабенда