«Лос-Анджелесте қазақтың баласы таэквондодан алтын медаль алады деген үміт бар» – Есбол Сұлтанов
Тунис елінің таэквондошыларын жаттықтырып, Париж Олимпиадасында алтын мен қола жүлдеге ие болып, құраманы жалпы есепте төртінші орынға шығарған қазақстандық бапкер Есбол Сұлтанов Қазақстан құрамасының бас бапкері болды. NEGE тілшісі бас бапкерді әңгімеге тартты.
– Есбол Ерденұлы, былтыр Париж олимпиадасы кезінде бізге берген сұхбатыңызда «Әзірге біздің елден, Таеквондо федерациясынан әлі ешкім хабарласпады. Бірақ басқа да таеквондосын дамытқысы келген елдің федерация басшылары жолығып, танысып, әңгімеге тартып жатыр. ...» деп едіңіз. Сонымен, ұсыныс кімнен түсті?
– Туниспен келісімшарт сол Париж олимпиадасынан кейін бітті. Бірақ олар сол кезде-ақ келісімшартты ұзартуға байланысты ұсыныс жасады. Тунистен бөлек екі елдің федерациясынан да шақырту келді.
-
Тақырыпқа орай: «Қазақстаннан ешкім хабарласқан жоқ» – Таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов
Есіңізде болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде есімімді атап өткен еді. «Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің таеквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет, – деген-ді Президент. Яғни, осы спортты және менің атымды атап айтқан соң, еліміздегі таэквондо спортын дамытуға атсалысқым келді.
Қазақстан таеквандо федерациясынан хабарласып, жаңа бапкер қызметіне менің кандидатурамды қарастырып жатқанын жеткізді. 2024 жылдың қараша айында бас бапкерлікке сайлау болды. Сол жиында мен өзімнің бағдарламамды ұсындым. Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада топ жару үшін қалай әрекет ету керектігін айттым.
Содан не керек, федерация мені таңдап, Олимпиада және спорт комитетіне ұсыныс жасады. Олар ұсынысты қабылдап, қолдады. Алайда, Спорт комитеті біраз ойланды ма, уақытты созыңқырап алды. Сол уақытта Тунистен және кейінгі екі елден «Бізге келуге қалай қарайсыз? Әлі де ойланып көріңіз...» деп хабарласты. Екі ойлы боп жүргенде Спорт комитеті төрағасы Руслан Бақыттыұлы қабылдауына шақырып, әңгілемесу өткізді. Содан кейін ғана «Бағдарламаңыз ұнады. Сізді қабылдадық», – деді.
– Шешім қабылдауға келгенде неге ұзақ талқылады деп ойлайсыз?
– Негізі басқа да кандидаттар болды. Олар да өздерін бас бапкер қызметіне лайық деп санады. Бәсекелестік болған соң, жақсы қырынан көріну үшін мен туралы ақпаратты түрлендіріп жеткізген шығар. «Ол мықты бапкер емес. Оның тек жолы болып кетті» деп айтатындар да бар ғой. Осындай әңгіменің шет-жағасы маған да жетті. Алайда, министрлік өзі жан-жақты зерттеген шығар деп ойлаймын.
– Жалпы, бапкерлер арасында да осындай бәсекелестіктің болуы заңдылық шығар. Басқа елдерде бұл жағы қалай екен?
– Спортта спортшылардың, бапкерлердің нәтиже рейтингі болуы керек. Тіпті, олардың әлемдік деңгейде де өз көрсеткіші бар. Мұны Қазақстанға да енгізу керек. Сонда министрлік пен федерация алдында тұтас картина шығып тұрады. Бұдан кейін артық әңгіме, интрига болмайды.
– Қазақстанда бас бапкерлердің жалақысы Тунис немесе ұсыныс жасаған екі елмен салыстырғанда қалай? Сіздің көңілден шықты ма, әлде патриоттықты, намысты алға қойдыңыз ба?
– Шетелден маған ұсынған келісімшартпен салыстырғанда Қазақстанда жалақы бәрібір төмендеу. Қалғанының орнын патриоттық сезім толтырып тұр ғой. Негізі бас бапкерге аса бір жағдай жасалмайды. Бұл жерде көбінесе арман мен энтузиазм алға жетелейді. Ал бас бапкердің жауапкершілігі өте жоғары. Оған артылған сенім мен жүк те ауыр. Бірақ оған жасалатын жағдай ауыз толтырарлықтай емес. Дегенмен, жаттықтырушылар он жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп, ұлттық құрамаға өткізуге асығады. Олардың сенімін ақтау керек.
Әр адам – индивид. Маманның біліктілігіне, келісім-шарт жасауына байланысты. Тек мемлекеттік мекемелерде ғана заң бойынша стандарт болады. Ал басқа федерациялар мен конфедерецияларда келіссөз келісімшартқа негізделеді.
– Шын мәнінде, Қазақстанда таэквондо спорты бойынша мықты бапкерлер мектебі қалыптасқан ба?
– Көп емес, бірақ бар. Олардың өзіне әлі де өсу керек. Жастардың арасынан жақсы бапкерлер дайындауға болады. Оларға тәжірибе жетіспейді. Үйретіп, тәрбиелеу керек. Бұған жүйелі түрде көңіл бөлу қажет. Резервпен де тығыз қарым-қатынас орнату керек. Себебі, талантты спортшыны табу қиын. Жалпы, қабілетті баланы қанша дайындағанмен оның интеллектуалы мен логикасы мықты болмаса, белгілі бір деңгейге ғана жетеді де тоқтап қалады. Нәтиже екі факторда ғана. Жақсы жаттықтырушы мен талантты спортшы біріккен кезде ғана оң көрсеткіш болады.
Тағы бір мәселе – біздің спортшылар көп демалады. Кейде бір-екі ай бос жүреді. Айталық, ұлттық құрама соңғы оқу-жаттығуды мамыр айында өткізген. Одан бері 6 ай өтсе де ұлттық құраманың басы қосылмаған. Мәселен, Туниспен салыстыратын болсақ, мұндағы спортшылар арнайы дисциплинамен жүреді. Сондықтан ұлттық құрама спортшылары бапкерлердің көз алдында үнемі кәсіби режимде болуы керек.
Осы мәселені бокста да, дзюдода да ұсынып, көтеріп отыр. Бұл туралы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов та бокс бойынша база болса, жастар мен жасөспірімдер жыл бойы сонда жаттықса, нәтижеге жететінін айтуда. Себебі, шетелде көбінесе осы жүйе бойынша жұмыс істейді.
– Бас бапкер ретінде осының бәрін ретке келтіріп, айтарлықтай нәтижеге жету үшін қанша уақыт керек? Сіз берген уәде қандай?
– Меніңше, ұлттық құраманы көтеру үшін 1-2 жыл уақыт керек шығар. Бұйрықтың өзі кешегі аптада ғана шықты. Енді дайындыққа бірден кірісіп кетеміз. Алла қаласа, негізгі мақсат – 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарында қазақтың баласы таеквондодан алтын медаль жеңіп алып, әнұранымыз шырқайды деген үміт бар.
Бас бапкер ретінде мына мәселеге көңіл бөлер едім. Бірінші – спортшылардың психологиялық дайындығын шыңдау, өзіне сенімділігін арттыру, еркін ұстауға үйрету.
Екінші – әрдайым кәсіби режимде болу. Ұлттық құрама спортшылары жыл бойы сапта болуы керек. Спортшы өз бабына бірден жетпейді. Оған күнделікті жаттығу, режим, бақылау, жүйелі жұмыс арқылы біртіндеп келеді. Жаттығу методикасын алсақ, физикалық дайындықта бұлшық ет квалификациясы түрі бойынша бөлінеді. Арнайы бұлшық еттерді дайындап, физикалық дайындықтың стилін өзгерту керек. Жалпы, таэквондоның негізгі жаттығуында методиканы түбегейлі ауыстыру қажет. Бізде көбінесе техникаға көп көңіл бөледі. Жекпе-жек спорт түрі болған соң қарсыласпен жұмыс істеу, әдіс қолдану, әр сәтті ұтымды пайдалану жағына мән беру керек. Барлық жаттығу манерасы жекпе-жек стилінде өту тиіс.