«Қазақстаннан ешкім хабарласқан жоқ» – Таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов
Парижде өткен олимпиада ойындарында қазақ бапкері Есбол Сұлтанов жаттықтырған таеквондошы чемпион атанып, жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл – Тунис елінің тарихындағы осы спорт түрінен алғашқы алтын жүлде.
NEGE тілшісі бүгінде Тунис елінің таеквондо құрамасында бас бапкер болып қызмет ететін Есбол Сұлтановты әңгімеге тартқан еді.
– Есбол Ерденұлы, сіз туралы «Қазақ бапкері баптаған тунистік екі спортшы алтын мен қола медаль алды» деп Қазақстанның ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Жеңіс құтты болсын!
– Көп рахмет!
– Білуімізше, бұл Тунис республикасының спорт тарихында болмаған оқиға екен. Халқының саны бізден екі есе аз елдің осындай нәтижеге қол жеткізуі үлкен көрсеткіш қой. Сізге дейін мұндай жетістік болмаған ба? Сол жөнінде кеңірек айтып бересіз бе?
– Жалпы, бұған дейін олимпиадада қола алған, бір олимпиададан күміс бар. Бірақ бір олимпиадада екі медаль алу, оның үстіне бірі алтын болуы алғаш рет. Бұл елде таеквондо спортының тарихында алтын болмаған. Өзім келісімшартпен 2023 жылдың қыркүйек айында бардым. Гран-при, лицензия турнирі, Африка ойындары, сосын осы Париж олимпиадасы болды. Барлығы 4 жарыс өтті. Гран-приде команда ретінде әлем бойынша бірінші орын алып, бұрын-соңды алмаған 2 алтынды иелендік. Бұл да үлкен тарих болды. Сосын лицензиялық турнирге қатысып, толық 4 лицензияны ұтып алдық. Бұған дейін әрі кетсе бір ғана спортшы қатысыпты. Медиа кеңістігі шулады біраз. Ал наурыз айында Африка ойындары өтті. Бұл жерде 8 баланы апарып, 6 алтын, 1 күміс алдық. Сөйтіп, команда бойынша 1-орын алдық. Таеквондо спорты Араб елдерінде, Африка елдерінде, Тунистің басқа спорты бойынша бірінші орынға шықты.
Кеше өткен Париждегі олимпиадада 1 алтын, 1 қола алып, Тунис тарихындағы үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Осы спорт түрінен олимпиада ойындарында Тунис командасы әлем бойынша 4-орын алды. Бұрын ондыққа жетпейтін команда еді. Қазір 11 млн шамасындағы тунис халқының төбесі көкке жетіп, қуанып жатыр.
Тіпті, бұл елдің халқы кедей тұрады, орташа айлығы жүз доллардың көлемінде ғана. Қазақстанмен экономикалық, қаржылық, материалдық жағдайын салыстыруға мүлдем келмейді. Бәлкім, әлеуметтік жағдайдың төмендігі мұндағы спортшыларға мотивация беретін шығар. Бірақ олардан алғаным да бар, менің оларға бергенім бар, екеуінің қосындысы биыл өткен 4 жарыста да нәтиже көрсетіп, тарих жасадық деп ойлаймын.
– Бір жылдың ішінде осындай нәтижеге жетсе, мұның өзі тарих қой. Оған сіздің тигізген нақты үлесіңіз қаншалықты?
– Иә, әрине. Бұларда жоқ методиканы енгіздім және бұл спортшыларға сай келді. Екіншіден, бұл жерде мен жалғыз емеспін. Менің физика бойынша көмекші жаттықтырушым бар. Одан бөлек медициналық қызметкер, ғылыми топ, федерация, олимпиадалық комитет бар. Бәріміз ортақ мақсатқа жұмылып, бір бағытта жұмыс істедік. Ауызбіршіліктің арқасында нәтиже болды деп ойлаймын.
– Жалпы, Қазақстанда таеквондо спортының даму деңгейі қалай? Өзіңіз де 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында, 2007 жылы Бейжіңде өткен әлем чемпионатында және 2007 жылы Бангкокта өткен жазғы универсиадада ел намысын қорғаған екенсіз. Бірақ олимпиадаға қатысу мүмкіндігі бұйырмады ма?
– 2004 жылы олимпиадаға үміткер ретінде әлемдік лицензиялық турнирге қатыстым. Өкінішке қарай, ширек финалда кәріс спортшысынан ұтылып қалып, олимпиадаға бара алмадым. Көп жыл Қазақстан құрамасында болдым.
Негізі таеквондо қазір жаппай танымал спорттың біріне айналды. Арнайы мектеп, клубтар баршылық. Баланы ерте жастан беруге болады. Өсіп келе жатқан бүлдіршіннің денсаулығына да жақсы. Содан кейін де қызығушылық көп. Ата-аналар да баласын таеквондаға бергісі келеді. Қазақстан ішіндегі жарыстарда мыңнан астам бала қатысады.
– Бірақ оларды неге әлем чемпионаттарынан, Олимпиада жарыстарынан көрмейміз?
– Алдағы уақытта шығады деп ойлаймын. 2023 жылы кадетте жұмыс істедім. Мырзағали деген бапкер ағама көмекші болдым. Үш әлем чемпионын шығардық. Командамыз әлем бойынша бірінші орын алып, Мырзағали аға «ең үздік бапкер» атанды. 2022 жылы жасөспірімдер әлем чемпионатында 6 медаль алды. Кадеттегі жасөспірімдерді қосқанда – 10 медаль. Жастар өсіп келе жатыр. Тек оларға түзу бағыт беріп, дұрыс бағдарламамен жұмыс істесе, түбінде топты жарып шығады деп ойлаймын. Қазір менің жеткен жетістігім Қазақстандағы спортшыларға, әріптестеріме өте үлкен мотивация болады деп білемін. «Кеше ғана жанымызда жүрген, спортзалда бірге жаттыққан бапкер Олимпиада чемпионын шығарып, әлемдік деңгейде нәтиже көрсетіп жатыр» деп рухтанып, сенімі артуы мүмкін ғой. Спортшылар да «Кеше бізді жаттықтырған ағайымыз чемпион шығарды. Демек, біз дұрыс бағыттамыз, біз де сол деңгейге жете аламыз» деп үлгі ретінде мотивация алса деймін.
– Таеквондодан Олимпиадаға қатысқан біздің жігіттердің беталысы қалай екен?
– 20 жастағы Самирхон Абабакиров (58 келі) – әлеуеті жоғары жігіт. Әлем чемпионатында 2 рет ширек финалға шыққан. Кеше олимпиадада ә дегенде олимпиада, әлем чемпионымен қарсылас болды. Басында жап-жақсы ойнап, ұтып жатты, соңына таман қанша дегенмен тәжірибелі спортшыға есе жіберді. Дегенмен, финалға шығып кету мүмкіндігін жіберіп алды. Біз мына жақтан, Қазақстан мына жақтан шығып, екі қазақ бапкерінің финалын көрсетсек деген үміт бар еді. Ал 18 жастағы Батырхан Төлеуғалидың (80 келі) олимпиадаға қатысқанының өзі үлкен жетістік. Ол келесі додада нағыз бабында болады деп сенемін.
– Тунис құрамасына бас бапкерлікке ұсыныс қашан түсті? Олардың бұған дейін сізге көзі түсіп жүрген болды ғой.
– Мысалы, әлем чемпионаттары, олимпиада ойындарында бүкіл елдің федерация, комитет басшылары, спортшылары, бапкерлері жүреді. Салыстырады, алдыңғы және соңғы нәтижесіне өздерінше талдау жасайды. Содан кейін жолығады, сөйлесіп, ұсыныс тастайды. Рингтің сыртында осындай қарбалас жұмыс жүреді. Келесі төрт жылдыққа дайындықты сол жерден бастайды ғой. Өкінішке қарай, солардың арасынан біздің федерация басшылығын көрмедім. Тек спортшы мен бапкер ғана жүреді.
Токио олимпиадасында Тунис күміс медаль алды. Оған дейін екі аптаға Алматыға келіп, менің командамда дайындық жасады. Олардың қатарында Тунистің бас бапкерлері, аға жаттықтырушысы, менеджері, медицина қызметкері келді. Сол кезде бапкермен танысып, барынша көмегімізді бердік. Бірге жаттықтық, үкілеген спортшысы күміс медаль иемденді. Одан бұрын оқу-жаттығу жиынында, халықаралық турнирлерде кездесіп жүрдік. Менің жаттығу әдісімді, дайындап жатқан балаларымды көрді. Ол кезде 8-9 ай Қазақстан құрамасының екінші бапкері боп жұмыс істедім. Күнде болмаса да, жұмысым көз алдарында көрініп жүрген адаммын. Тунис мені ғана шақырған жоқ. Иран, Оңтүстік Корея, Франция, жанындағы елдердің бапкерлерінің де резюмесін алған. Кейін анализ жасап, маған 2023 жылдың қыркүйек айында келісімшарт ұсынып, шақырды. Әуелгіде лицензиялық турнирге дейін 3 ай берді, 4 лицензия ұтып алғанда қатты қуанып, келісімшартты бір жылға созды.
– Бұл көңіліңізден шыққан келісімшарт болды ма?
– Болады. Халықаралық орташа деңгейде. Енді көтеретін шығар. Қазірдің өзінде «Не істейсің? Қалсаңыз дұрыс болар еді. Әуежайға үкіметтің адамдары келеді, сөйлесейік» деп жатыр. Бірақ оларға «Елге барып, демалып келейін» деп айттым. Себебі, отбасыма бір жылда екі-ақ рет, екі-үш күнге ғана келдім.
– Енді не істейсіз? Ұсынысты қайта қабылдайсыз ба? Бәлкім, Қазақстан шақыратын шығар...
– Біздің елден, Таеквондо федерациясынан әлі ешкім хабарласпады. Бірақ басқа да таеквондосын дамытқысы келген елдің федерация басшылары жолығып, құттықтап, танысып, әңгімеге тартып жатыр. Біразы визиткасын берді. Жарыс өзі кеше бітті ғой, ресми түрде сөйлесуге уақыт та болмады. Шын мәнінде, олимпиадада әлемдік деңгейде жақсы көріндік. Өйткені, олимпиадада командалық төртінші орын алу деген – үлкен жетістік.
– Дегенмен, Қазақстанның Таеквондо федерациясы хабарласып «Елге келіңіз, таеквондоны қолға алып, бірге дамытайық» десе, не дейсіз?
– Осы жетістікке өзім, сосын жақындарым, туыстарым қуанып жатыр. Кәсіби мансабымның биік баспалдағы, асқар шыңы болды. Егер осыны елде істеп жатсақ, көк туымыз көкке бірнеше рет көтерілсе, керемет емес пе?!
Кеше еліміздің спортшылары жеңіске жеткенде көзімізге жас келді. Бүкіл қазақ қуанды. Қазақ боп туып, қазақы тәрбие алған соң, жүрегіміз де «қазақ» деп соғады. Намыс, арман, рух бар. Әрине, қазақтың балалары әлемдік сайысқа қатысса, елдің аты шықса, әрине соған үлес қоссам, ер жігітте одан артық арман болмайтын шығар. Қалай дегенмен де, кәсіби мамандармен сөйлескім келеді. Патриоттық мотивация шикі, бос сөз болып қалмауы керек. Бәріне кәсіби көзқарас тұрғысынан келсе, мен де кәсіби жауап беремін. Ұсыныс та, шарт та, бағдарлама да айқын, кәсіби болу керек. Егер бәрі кәсіби болса, еліміздің туын көтергенге не жетсін?!
– Қазақстан олимпиаданы 7 медальмен аяқтап, 41-орынға жайғасты. Нәтиже неге төмен? Бізге не жетіспеді?
– Әңгіменің басында нәтижеге қалай жеткенімізді айтып өттім. Бәрі жұдырықша жұмылды. Осы салаға қатысы бар мекеме, маманның барлығы тығыз қарым-қатынаста, ауызбірлікте жұмыс істейтінін көрдім. Егер солай әрекет етсек, біз бағындырмайтын белес жоқ. Министрлік, федерация, комитет, спортшылар бір толқында қоян-қолтық жұмыс істесе, көрсеткіш те жақсарады.
Бапкерге жан-жақты қолдау керек. Жүйе бірауыздан ортақ мақсатқа жету жолында қателікті дер кезінде жойып отырса, стратегиялық, техникалық, бапкерлік жоспарды реттесе, бәрі дұрыс болады. Спортты физикалық жағынан қалай дайындасақ, барлық жұмысты да сатылап өсіру керек қой. Солай болатынына үмітім мол. Қазақстанда спортты дамытуға жағдай бар. Мықты спортшылар да, жақсы бапкерлер де бар.
– Әлгінде сөзіңізде «халқының саны аз әрі кедейшілікте өмір сүретін елдің спортшыларында мотивация басым болуы мүмкін» деп қалдыңыз. Ал Қазақстан спортшыларға барлық жағдай мен мүмкіндікті үйіп-төгуде. Сонда да нәтижесі көңіл көншітпеді. Әсіресе, бокс спортында. «Есектің жүгі жеңіл болған сайын жатаған келеді» дегеннің кері емес пе?
– Күніне бес сағат жаттығу жасайтын спортшы семірген, жатаған адам емес. Әрбір спортшының арманы – олимпиада чемпионы болу. Спортшы ешқашан босаңсып кетпейді. Боксқа келсек, төрешілердің шешімі айқын емес. Мысалы, 2008 жылдарға дейін әр соққыға берген ұпайын тақтайшадан көріп тұратын едік. Қазір көркем гимнастика сияқты субъективті бағалау балын бере салады. Бірақ не үшін, қалай берді, түсіндірмейді. Рингте спортшы мен бапкерінен бөлек, федерацияның беделі болуы керек. Олар жүретін жерде жүріп, араласатын жерде араласуы керек. «Біз бармыз!» дегендей беделі болуы керек. Яғни, сый-сияпат бермесе де, балаларға қиянат жасамас үшін рингтің сыртында сондай бір қызмет атқарылуы тиіс. Әйтпесе, бірінші раундта жап-жақсы соққы жұмсаса да, жеңіліп жатқан спортшыда қандай мотивация болады? Ол өзіне деген сенімділгін, стилін жоғалтады. Бапкеріне не айтарын білмейді. Сондықтан кәсіби мамандардың анализі керек. Мұны бокс федерациясы, министрлік, комитет бірлесіп талқылап, ұтымды сын мен қорытынды жасалуы тиіс. Қазақ жігіттерінің бәрі мінезді. Бірақ дисциплинаға қатты көңіл бөлу керек.
– Қысқасы, төрешілердің басқаға бүйрегі бұрып кетпес үшін «аузын майлау» керек дейсіз бе?
– Бокста сондай бар. Төрешілер кімге бағынады? Әрине, федерацияға. Ақша беріп, сатып алуды айтып отырғаным жоқ. Бар болғаны – федерацияның беделі көрінуі керек. Бет көрісіп, жоғары деңгейде араласып жүру керек. Жалпы, бокстың системасы осындай. Бокстан ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновтің иорданиялық боксшымен жекпе-жегі кезінде бейнежазбадағы қайталауда айналып кеп қарсыласының соққыларын көрсете берді. Бірақ Асланбек жеңетін шығар деп едік, олай болмады. Сәкенде де, Айбекте де осындай байқалды. Ал таеквондода басқаша, берілген шынайы ұпай тақтайшаға шығып тұрады.
– Мұның бәрін жай сұрап отырғаным жоқ. Сіз енді бәрібір Қазақстаннан барған спортшыларға жанкүйер болдыңыз ғой. Шын мәнінде өзбектер кәсіби жағынан мықты ма?
– Әрине, бокстың жанкүйерімін. Әрбір қазақ бокс көретін шығар. Мырзағали Айтжанов ағам болады. Кішкентай кезімде ұстазым болды. Бұған дейінгі еңбекті жоққа шығаруға болмайды. Өкінішке қарай, сынды да ойланып, кәсіби тұрғыдан айту керек. Жалпы, өзбек спортшылары біздің жігіттермен деңгейлес. Сәкен Бибосыновпен жекпе-жекке шыққан Хасанбой Дусматов бір деңгейде, тіпті Сәкен басымырақ. Яғни, генетика бірдей, мектеп те КСРО-дан келе жатыр, бапкерлер де деңгейлес. Ал бірақ федерациясының, олимпиадалық комитетінің жұмыс істеуі шын мәнінде, басқаша. Бұған дейінгі олимпиадада комитет басшысы ХОК президенті Томас Бахтың жанында жүрген. Міне, сол арқылы беделді көрсетеді. Демек, бізге де кешенді жұмыс істеу керек.