18 Қараша 14:31
...

Латын әліпбиі: дау тағы басталды

Фото:

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан кейін қоғам латын әліпбиіне көшу мәселесіне қызу кіріскен еді. Тіл ғалымдарын былай қойғанда, тіпті бұл саладан тысқары жүргендер де әліпби нұсқасын дайындап әлекке түсті. Бас-аяғы 100-ден астам жобаның ішінен үшеуі іріктелгені есте.

Алайда, ұсынылған диграф, апостраф нұсқасы да дауға қалып, ақыр соңында диалектикалық тұрғыда жасақталған нұсқасы қолданысқа енгізілді. Сол сәттен бері басылымдар мен мекемелердің біразы атауын латынға өзгертуден алдына жан салмады. Тіпті, елімізде жарық көретін мерзімді басылымдар бұл «эстафетаны» мүлтіксіз атқарды десе болғандай. Бірақ бұл заң жүзінде бекітілген нұсқа ма, жоқ па, оған қараған ешкім жоқ. «Неге?» деген сауалға, «халықтың көзі үйрене берсін» деген жауап алумен шектелдік.  

Бір қызығы, қазан айының басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев латын қарпіне тағы да қосымша реформалардың қажет екендігін айтқан еді. Мұны естіген тіл ғалымдары қоржында жатқан әліпби нұсқаларын ақтара бастаған сияқты. Сорақысы сол, жаңа нұсқа ұсынғандардың ішінде беймәлім авторларды ұшырастырдық. Мәселен, аудармашы, өнертанушы Батырбек Бағышбекұлы 42 әріптен тұратын «Альтернативті» әліппе нұсқасын ұсынса, ғалым Қуантқан Ванов дайындаған әліпби орфографиялық комиссияда қаралуда. Ал кәсіпкер Арман Байқадам 26 әріптен тұратын «Байлатын» жобасын қорғап жүр. Оның айтуынша, стандарт бекітілмей қателік шыға береді. «Бұған дейін жұрт қолданған латын қарпі негізіндегі әліпбиді насихаттау үшін неге қаржы жұмсалды? Мекемелер маңдайшасындағы атауды өзгерту, жол ережелеріне қатысты таңбаны ауыстыру өте қымбат. Бір таңбаға 140-180 мың теңге кетеді. Есептесеңіз, еліміз бойынша қаншама қалада қаншама жол ережесінің таңбалары бар», – дейді кәсіпкер Арман Байқадам.

Латын әліпбиіне қатысты дау мұнымен толастамақ емес. Әлі де жыл аяғына дейін қаншама жоба ұсынылуы мүмкін. Дегенмен, кім көрінген өз нұсқасын тықпалай берсе, қолданыста жүрген жобадан не айырмасы болмақ? Тіл ғалымы А.Байтұрсынұлы айтпақшы, «әліпби тілге шақ болуы керек» қой.

Әліпби ауыстыру – таңба ауыстыру емес. Бұл – түптеп келгенде сананы өзгертуге талпыныс. Сондықтан ұлттық жазуымызды өз еркімізге сай, бүгінгі графи­калық қажеттілік пен болашақтағы мүмкіндіктерді ескере отырып жасақтап алу – үлкен тарихи мүмкіндік.

 

inform.kz

Әлімхан Жүнісбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессоры: Біздің халық бәрін мақтауға дайын ғой

– Президент Қ.Тоқаевтың «латын әліпбиін қайта қарау керек» дегені заңды деп ойлаймын. Ол да филолог қой, әліпбидің дұрыс емес тұстарын көріп отыр. Оның үстіне көпшілік сынады. Осыдан кейін жаппай әліпби жобасын ұсынуға көшті. Қазірдің өзінде 4-5 жоба түсіпті. Алайда, «баяғы жартас, сол жартас». Бәрі ескі сүрлеумен кеткен. Әлі күнге «ұлтық әліпбиін жасайық» деген ниет жоқ. Көбі «қайтсек, компьютерге икемдейміз» деген үлгіде ғана.

– Институт тағы жоба ұсынды ма?

– Жақында біз, ғалымдар отырыс өткізіп, өз жобамызды талқылап, ұсындық. Ол бекітіле ме, жоқ па, белгісіз. Нұсқа интернетке жарияланды. Негізгі ұлттық әліпби осы болуға лайықты. Бірақ бізге кім құлақ асып жатыр?

– Ал сіз айтқан 4-5 жоба туралы не айтасыз?

– Кәсіпкер Арман Байқадам деген жігіт бар. Ешкімді тыңдамайтын, өзімбілемдікке салынған жігіт екен. 26 таңбаға сыйғызу – әліпбиді бұзу деген сөз. Кез келген таңбаны амалдап сыйғыза беруге болады. Яғни, қосақтап, төбесінен, астынан белгі қойып дегендей. Бұл дұрыс емес.

– Бұған дейінгі қолданыста жүрген латын қарпі негізіндегі әліпби неге жарамсыз болды?

– Біз басында ескерттік. Бір әліпбиге тұрақтағанша, оның емлесі дайындалғанша қоя тұрайық дедік. Оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Көше атаулары да, газет атаулары да латынға ауысып жатыр. Бұл түрімен кете берсе, әлі бірнеше әліпби жобасы енгізіліп, өзгеріске ұшырай береді. Біздің халық бәрін мақтауға дайын ғой. Сөйтеді де, біреу кемшілігін айтса, оны да ләппайлап қолдап кетеді.      

Динара МЫҢЖАСАР

 

 

 

Тегтер: