«Құрмет» орденіне қол жеткізе алмай қойдым» – Бақтияр Тайлақбаев
NEGE көптің көзайымына айналып, көрінбей кеткен таланттарды іздестіруді жалғастырады. Бұл жолғы таңдауымыз Еліміздің еңбек сіңірген артисі Бақтияр Тайлақбаевқа түсті. Атағы жер жарған Генсиндер атындағы музыка академиясы түлегінің НЕГЕ ән нарығында бәсі басым түсе алмады. Тілшіміз анықтап көрді.
– Сіздің өнеріңізге қанық тыңдармандар арасынан «Бақтияр Тайлақбаев қайда жүр?» дегенді еститініміз жасырын емес. Анығын өз аузыңыздан естісек
– Мен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы әуендері» бірлестігінде шығармашылық жөніндегі директордың орынбасары болып қызмет жасаймын.Ұжымда қырықтан астам танымал әнші бар. Мерекелік кештер ұйымдастырып, қала тұрғындарына тамаша көңіл-күй сыйлау біздің мойнымызда. Арасында ел аралып шығармашылық сапарға шығып тұратынымыз бар.
– Бұрын осындай концерттік мекемелер келе жатыр десе алыстағы ағайын ішкен асын жерге қоюшы еді. Қазір қалай қарсы алады?
– Шүкір, барған жерімізде халық құшақ жая қарсы алады. Бұйырса, Талдықорған, Тараз қаласына жол тартқалы отырмыз. Наурызда шетелдегі қандастарды қуантып қайтсақ деген ойдамыз. Енді қазір өздеріңіз білетіндей, «Гүлдерді» жауып тастаса, Қазақконцертті Астанаға көшірді ғой. Ал қалған мекемелер жиі болмаса да сәті түскенде ел аралап тұрады.
– Сіздің Ресейдің музыка академиясын бітірген жалғыз қазақ екеніңіз белгілі. Дегенмен, жеке шығармашылығыңыз басшылық қызметтің тасасында қалып қойған сияқты ғой
– Жаңа әндер легін жазып-ақ жатырмыз. Гәп аға буын өкілдерін шақырудан қалған радио-телевидениеде деп ойлаймын. Арзан әнге салып, тойдан шықпайтын пысықалайлардың дәурені жүріп тұрғанын да көпшілік жақсы біледі. Оның үстіне бүгінгі жастардың талғамы да басқа. Олармен жағаласып, әр жерге бір тұмсығымды тыға бергенім орынсыз болар. Өнерде жүрген қырық жыл ішінде алыс-жақын елдерде өткен талай конкурстарға қатысып, көптеген ел мен жер көрдім. Бір кездері біздің де аяғымыз жерге тимей тұрды. Бірақ ол шақта бір әнмен танылып, бір жылдан соң концерт беру деген болмайтын. Әншінің еңбегі ұзақ жылғы тәжірибесімен және қажырлы еңбегімен бағаланатын.
– Былтыр сахнаға шыққаныңызға қырық жыл толған мерейтойыңызды атап өтетініңізді айтқан едіңіз. Үлкен кеш берудің сәті түспеді ме?
– Осы мақсатта жуырда Қордай, Шу, Жаңатас, Қаратау, Тараз, Жуалы сынды елдімекендерді аралап, жеке кеш беруге жүргелі отырмын. Жергілікті әкімдіктегілер зал беру жағына қол ұшын созады деген үмітім бар. Ал қалған шығын өз мойынымда.
– Бір кездері ауылда жүрген жас талант иелерінің жолын ашу мақсатында әншілер дайындайтын мектеп ашатыныңызды айтып едіңіз. Аштыңыз ба?
– «Гүлдер» қоғамдық бірлестігін аштым. Шәкірттер ән, би, вокалмен қатар түрлі аспаптың тілін игеру мақсатында тағылым алады. Арасында өзім де сабақ беріп тұрамын.
– Қазіргі таңда әр әншінің бір-бір мектебі бар. Бірақ соңғы бес жылда «түгеншенің түлегі» деп ауыз толтырып айтарлық жас талантты көре алмадық. Неге?
– Өзге жайында айта алмаймын, бірақ өз басым жанып тұрған талантты әлі жолықтырмадым. Егер тапсам онымен жеке дара өзім айналысқан болар едім. Шынын айтсам, қазіргі жастардың ән айту мәнері мен дауыстары бір-біріне өте ұқсас. Жеке дара харизмасымен ерекшеленетін жастар кемде-кем.
Өздері ренжімесін, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сынды әншілер Кеңес заманында да болған. Бірақ ондай таланттар аудандық өнерпаздардың деңгейінде саналғандықтан, телеарналарға шығара бермейтін. Барлығы дерлік көркемдік кеңестің сүзгісінен өтіп барып, жалпақ жұртқа таныстырылатын. Ал қазір пысықтардың заманы. Осының салдарынан ел танымайтын әншілер эфирде жүр. Меніңше, мемлекет орталық радио-телевидениедегі билікті өз қолына алатын уақыт жетті. Мығым бақылау жасамаса, желіде жұлдыз болғанның бәрі кәсіби әртістермен жағаласып кетті. Бұл үрдіс өнердің көсегесін көгерте алмайды. Музыкалық білімі жоқтар кәсіби әншілердің бағын байлап жатыр.
– Жуырда Нағима Есқалиева Мақпал Жүнісованы Кеңестік кезеңде танылмаған әнші дегенді айтып тұқыртты. Соған қарағанда аға буын өкілдері арасында өзара кикілжің бар сияқты. Солай ма?
– Мен білетін Нағима бұрыннан сондай қалжыңбас. Сондықтан тырнақ астынан кір іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бір жағынан әріптесім рас айтады. «Алтын орфей» сынды беделді халықаралық конкурстарда бағы жанып, Ресейдің орталық телевидениесіне шыққан үш-ақ қазақ болды. Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева және Бақтияр Тайлақбаев.
– Біздің елде талантты баптау деген қалыс қалды. Есесіне, алыс-жақын шетелде аты шыққан әншілердің еңбегін иемдене салу қиын емес. Димаш соның бір айғағы сияқты көрінбей ме?
– Мемлекет ешқашан ешкімге қаржылай қолдау көрсеткен емес. Ондай үрдіс біздің заманымызда да болмаған. Бірақ ел алдына еңбегі бар ардагер әртістерге қолдау қажет сияқты. Себебі, жасайтын концертіңе билет сатудың өзі оңайға түспейді. Әніңді жасазасың ба, киіміңді тіктіресің бе, әлде көрермен шақырумен жүгіресің бе? Осы тұрғыдан алғанда Үкіметке өкпем бар. «Халық әртісі» атағын бермей-ақ қойсын, тым құрыса «Құрмет» орденіне қол жеткізсем деп екі-үш жыл қатарынан ниет білдірдім. Аяғында күні кеше сахнаға шыққандар алып кетеді.
– Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаеваның жуырдағы ауыс-түйіс кезінде өз орынында қалғанын қалай қабылдадыңыз?
– Аида өнерге жақын қыз болғандықтан біраз жұмыс жасайды деп сенемін. Ал оның алдындағы министрді тіпті танымаймын.
– Жұбайыңыз мың бұралған биші болған деседі. Қазір немере сүйген боларсыздар?
– Иә, отасқанымызға қырық жылдан асты. Бізді табыстырған «Гүлдер» ансамблі болатын. Бүгінгі күні бір немере сүйіп отырған жайымыз бар.
– Сіз біраз мектептен өттіңіз. Мәселен, Ресейде Иосиф Кобзонның шәкірті болсаңыз, елде Ермек Серкебаевтың тәлімін алдыңыз. Ал Роза Бағланова үш жыл қасынан тастамай ертіп жүрген деседі. Енді өзіңіз де бір жас талантты қанаттандыратын жасқа жеттіңіз ғой.
– Менің жолымда осындай тамаша жандардың кездескеніне шүкіршілік етемін. Қазір белгілі біреуді қолтықтап жүрмесем де қоластымдағы жас әншілерге көрген-білгенімді айтып, жол сілтеп отырудан танған емеспін. Кейде бір жасөспірімді өнерге арнайы баулығың да келеді. Бірақ ол қып-қызыл қаражатқа келіп тіреледі. Қазіргі сазгерлердің де ауызы арандай болып кеткен бе деймін, әр туындысын қыруар қаламақыға бағалайды. Сондықтан «Жомарттың жолын жоқ байлайды» дегеннің кебін киіп жүрген жайымыз бар...