USD
USD
USD

Құрылтайды кім басқарады?

Қазақстанда Құрылтайдың рөлі, бір палаталы парламентке көшу және мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Соның ішінде «Құрылтайды кім басқаруы мүмкін?» деген сұрақ та көпшіліктің назарында. Алайда саясаттанушылардың басым бөлігі бұл мәселе туралы нақты байлам жасауға әлі ерте екенін айтып, ашық пікір білдіруден тартынып отыр.

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Алматы, NEGE. Сарапшылардың пікірінше, бұл лауазымға саяси элита арасында белгілі бір деңгейде «қырғиқабақ» текетірес байқалады. Яғни, жаңа құрылымдағы маңызды орындардың бірі саналатын Құрылтай басшылығына үміткерлер арасында жасырын күрес жүріп жатыр. Айтуларынша, Құрылтайды кім басқаратыны қай партияның жеңіске жететініне тікелей байланысты. Дегенмен, кейбір сарапшылар Сенат спикері Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринды осы лауазымға лайықты екенін атап өтті.

Айдар ӘМРЕБАЕВ, саясаттанушы:

Айдар Әмребаев
Айдар Әмребаев. Фото: platon.asia

Қазір нақты «кім басқарады?» деген сұраққа дәл жауап беру қиын, себебі бұл туралы нақты мәлімет жоқ. Бірақ жалпы алғанда, елді басқаруға ықпалы зор беделді саясаткерлер бар.

Мысалы, олардың қатарына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, сондай-ақ Ерлан Қарин сияқты президенттің айналасында жүрген тәжірибелі әрі ықпалды тұлғаларды жатқызуға болады.

Бұл қатарда президенттің бағдарламаларын, әсіресе «Әділетті Қазақстан», заң мен тәртіпке қатысты бастамаларды дайындауға және қолдауға қатысқан азаматтар бар.

Енді Құрылтайды басқаратын лауазымның өкілеттігі Сенат пен Мәжіліс спикерлерінен қаншалықты өзгеше болады деген сұрақ туындайды. Бұрын Сенат депутаттары мәслихаттар арқылы сайланатын еді. Ал қазіргі өзгерістерге байланысты жүйе айтарлықтай жаңарып жатыр.
Менің ойымша, енді бұл құрылымдарда аймақтық өкілдік «Халық кеңесі» арқылы анықталуы мүмкін. Яғни, алдағы уақытта Халық кеңесінің қалай құрылатыны, оның мүшелері қалай сайланатыны маңызды болады. Оның құрамына әртүрлі топтар: бұрынғы Ассамблея мүшелері, аймақтық өкілдер, қоғамдық ұйымдар мен қор қайраткерлері және азаматтық қоғам мүшелері кіруі мүмкін.

Оларды іріктеу тетіктері мен қандай тәртіппен жұмыс істейтіні әзірге нақты айқындалмаған. Бұл мәселелерді қазіргі парламент талқылап, реттеуі керек деп ойлаймын.

Саяси салмағына келсек, Құрылтайдың рөлі артуы мүмкін. Себебі ол заң шығару және өкілдік функцияларға ықпал етуші органға айналуы ықтимал. Жалпы, қазіргі бағыт «күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет» қағидасына негізделген.

Ал Халық кеңесі қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтетін алаң болуы мүмкін. Бұған дейін де осындай институттар болған. Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы немесе Ұлттық құрылтай сияқты құрылымдар. Олар белгілі бір деңгейде өз қызметін атқарып, қоғамда өз орнын көрсете алды.

Талғат ҚАЛИЕВ, саясаттанушы:

Талғат Қалиев
Талғат Қалиев, Фото: assembly.kz

Қазір нақты кімнің қандай лауазымға лайық екенін айту ерте. Ең алдымен сайлау өтуі керек. Соның нәтижесінде кімдердің жеңіп шыққаны белгілі болғанда ғана нақты шешімдер қабылданып, кімнің қай орынға келетінін айтуға болады.

Өйткені қазір ешкім нақты қай партия жеңетінін білмейді. Мысалы, егер Amanat партиясы басым дауыс жинаса, онда негізгі өкілдер сол партиядан болады. Ал егер «Ауыл» партиясы жеңсе, онда өкілдік соларға тиесілі болады. Сондықтан бәрі сайлау нәтижесіне тікелей байланысты.

Жалпы парламент жүйеге келсек, бұрын заң жобалары бір палатадан екіншісіне өтіп отырса, енді олар бір палатада үш оқылымнан өтіп, сол жерде қабылданады. Бұл заң қабылдау процесін жылдамдатуы мүмкін.

Алайда депутаттар саны көп болған сайын (мысалы, 100-ден аса депутат болса), олардың арасында келісімге келу қиынырақ болады. Сонымен қатар, партиялардың парламенттегі үлесі де өзгеруі мүмкін: бұрын аз пайызбен аз ғана депутат өтсе, енді пайызға байланысты депутат саны көбірек болуы ықтимал. Бұл әр партияның саяси беделін арттырады.

Егер бір фракцияда 20–30 депутат болса, олардың ықпалы да күшейіп, пікірлері жиі ескерілетін болады. Белсенді депутаттар арқылы партияның беделі өседі. Бұл өз кезегінде келесі сайлауда көбірек дауыс жинауға мүмкіндік береді. Сондықтан партиялар арасындағы саяси бәсекелестік арта түседі. Бұл – демократиялық жүйеге тән қалыпты құбылыс.

Құрылтайдың «жасаруы» туралы да айтылып жүр. Бірақ бұл тек жас адамдарды ғана әкелу деген сөз емес. Мәселе – тиімді жұмыс істей алатын, тәжірибесі бар, бірақ әлі де белсенді жастағы азаматтарды тарту.

Яғни, шамамен 40–60 жас аралығындағы, елдің жағдайын жетік білетін, тәжірибесі мол, мемлекеттік басқару мен бюджет процесін түсінетін азаматтар қажет. Бұрын тек «саяси зейнеткерлер» көп деген сын айтылса, енді солардың орнын белсенді әрі білікті адамдар басуы тиіс.

Сайлау өтпей тұрып кімнің басқаратыны жайлы пікір айту үгіт-насихатқа ұқсап кетуі мүмкін және бұл саяси тұрғыдан жауапсыздық болып есептеледі. Алдымен сайлау өтіп, барлық заңдық процестер аяқталғаннан кейін ғана нақты қорытынды жасауға болады.

Қайсар УӘЛИХАН, саясаттанушы:

.
жеке мұрағатынан

Құрылтайды басқару мәселесіне келсек, қазір бұл орынға байланысты белгілі бір деңгейде «қырғиқабақ» соғыс басталды деп айтуға да болады. Енді "бұл орынға кім лайық?" деген сұраққа келсек, меніңше, оған Ерлан Қарин лайық. Өйткені ол түрлі жоғары лауазымдарды атқарған тәжірибелі адам. Алайда оның парламентте нақты басқарушылық тәжірибесі жоқ. Соған қарамастан, қазіргі таңда Қарин парламентті, яғни Құрылтайды басқаруға дайын деп есептеймін. Себебі көпшілік оны Президенттің жанындағы саяси технолог ретінде бағалайды. Оның белгілі бір саяси технологияларды жүзеге асырып жүргенін де айтады.

Сондықтан егер Қарин Құрылтайды басқарса, ол ресми түрде жоғары деңгейдегі маңызды лауазымға ие болады деп есептеймін.

Ал егер вице-президент қызметі туралы айтатын болсақ, менің ойымша, бұл орынға Мәулен Әшімбаев лайық. Ал парламентке, яғни Құрылтайға жетекшілік етуге Ерлан Қарин лайық деп санаймын.

Әрине, басқа да лайықты адамдар бар. Бірақ олардың атын атау қажет пе, жоқ па – нақты білмеймін. Себебі қазір нақты есімдерді атай бастаса, олардың арасында белгілі бір қақтығыстар туындауы мүмкін. Тіпті жоғарыда айтқандай, бұл «қырғи қабақ» жағдайдың күшеюіне әкелуі ықтимал.

Жалпы айтқанда, қазіргі премьер-министр де бұл екі рөлді қатар атқара алатын деңгейдегі тұлға деп ойлаймын: әрі вице-президент, әрі Құрылтай спикері бола алады. Дегенмен, меніңше, дәл қазір осы екі лауазымға Қасым-Жомарт Тоқаев осы екі тұлғаны қарастырып отырған болуы мүмкін.

Айдос САРЫМ, депутат:

айдос сарым
Айдос Сарым, Фото: NEGE

Әр партия съезін өткізіп, өз тізімдерін жасақтайды. Оған әр фракция өзінің ондықтары, жиырмалықтары деген секілді үздіктерін қосады. Сол тізімнің ішінен басқаруға икемі бар, саяси салмағы бар тұлғалар анықталады. Президент барлық партиялармен келісіп, олардың үлес салмағын ескере отырып шешім қабылдайды. Әзірге кім болатынын болжап, айта алмаймын.

Қазір оқып жатыр

Temu маркетплейсінің табысы төмендеді

Temu

Рахмоновтың жұбайы 5 жылға сотталды

Шавкат Рахмоновтың жұбайы

Астанадағы ең танымал монша тағы да сатылымға шығарылды

Керемет

Перизат Қайраттың Mercedes-і сатылымға шығарылды

Перизат Қайрат