24 Ақпан 09:18

Құмар ойынның құрығына түскендер НЕГЕ көбейіп барады?

Дерт
Фото: Коллаж: egemen.kz

Бұрын «Алик-малик-шарик» ойнап ұтылғандарды алаяқтардың құрбаны болды деп аяушылық танытушы едік. Қазір букмекерлік кеңселер мен жағалай жарқыраған казино, қалаберді ойын автоматтары қаулаған заманда құмар ойынға құмартқандардың қатары күн санап өсуде.

Мұны білетіндер адам психологиясының әлсіздігімен байланыстырып жатады. Тілшіміз мұның анық-қанығын белгілі психолог Төреғали Батырханұлынан сұрап білді.

Лудоманияны психикалық ауруға жатқызуға бола ма?

– Әрине, себебі ол тәуелділікке жатады. Ал оның соңы паталогиялық белгілерге әкеледі. Бұл да араққұмарлық сияқты жағдай ғой. Көбінесе адам құмар ойынға бір нәрсеге көңілі толмағанда үйір бола бастайды. Алғашында таныстарына қосылып атпасына бір рет карта ойнауға немесе бильярд ойнауға баруы мүмкін. Уақыт өте келе оған қызығушылығы артып, тіпті әуестеніп кетеді. Бір рет қомақты ұтысқа қол жеткізсе, «көбейте түссем» деп құнығады. Сөйтіп ол әдетіне айналады. Өйткені адамның миында қандайда бір қуанышты сәт жатталып қалса, сол рахат сезімді қайта өткергісі келіп тұрады.

Казино
Фото: ғаламтордан

Менің зерттеуім бойынша, көбіне шық бермес Шығайбайдай, яғни сараң адамдар құмар ойынға душар болады. Өйткені олар әрдайым көп ақшаға қол жеткізем деп ұмтылады.

– Ал кейбіреулер ойынқұмарларды ақша қызықтырмайды, оларға эмоция керек дегенді айтады. Мұнымен келісуге бола ма?

– Ол да рас. Жаңа айтып өткенімдей, адам бойында қуаныш гормоны бөлінген кезде ол рахатқа бөленеді. Ал оған түрткі болатын – үміт.

Әдетте отбасы бар, тұрмысы түгел ер азаматтардың казиноға ұтылып, бар кәсібінен айырылып жатқанын жиі естиміз. Соған қарағанда ойынқұмарлыққа әлеуметтік жағдайдан өзге де әсер ететін факторлар бар сияқты.

Бала күнгі психологиялық жарақат әсер етуі әбден мүмкін. Мысалы, буллингке көп ұшыраған бала өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға талпынады. Егер қатарластары табысты болса, олардан қалып қойғанына өкініп, өзін мойындатуға тырысады. Кейбіреулер қызғаныш сезімінен құмар ойынға немесе араққа салынып кетеді.

Құмар ойын
Фото: ғаламтордан

– Ал казино іштері пысқан байлардың ермегі сияқты көрінеді. Сіз не айтасыз?

– Егер ол миллионер болса, ақшаны жаратқаннан рахат алуы мүмкін. Қалталы адамдар уақыт өткізу мақсатында құмар ойынға көп барады. Егер өзіндей бір байшыкештің қыруар ақшасын ұтып алса, соны мақтан етіп отырады. Ал қалтасы саяздар несие алып, оны ойынға салу арқылы табан астында байып кетемін деп үміттенеді. Негізі көбінесе құмарлықтың алды карта ойнаудан басталады. Ұта бастағанда сенімділік қалыптасып, кейін казиноға көшеді.

Ойынқұмарларды қандай белгілер арқылы анықтауға болады?

– Адамның эмоциясы ішінде жүргендіктен оны ажырату қиын. Бірақ көбіне өтірік айтады. Және жалған ойлап табу ондай жандар үшін еш қиындық тудырмайды. Психатроптық өнімге құмар жандар да дәл солай айналадағы ет жақындарын алдаумен өмір сүреді. Сондай-ақ оларда адам назарын басқа жаққа аудару қасиеті жақсы дамыған. Мәселен, түрлі әзіл әңгімелер, анекдоттар айтып, көп сөйлеуге құштар келеді.

Оларды тәуелділіктен қалай құтқаруға болады?

– Адам жадында сақталған ләззатты ұмыттыру үшін назарын өзге қызығушылыққа аудару керек. Алдымен бойындағы талантын немесе қандайда бір іске бейімділігін анықтап алу қажет. Бұдан соң біртіндеп жан қалауына қарай бағыттау керек.

Мысалы, пациент спорттың бір түріне, қолөнерге немесе сурет салуға икемді болуы мүмкін. Соған машықтануына жәрдем жасаса, оның көңілі өзге жаққа ауа бастайды. Ал кейбіреулер біреуге ғашық болу арқылы да көзқарасын өзгертуі мүмкін. Бірақ ол уақытша құбылыс.

Сіздің алдыңызға көбіне қандай ойынға құмар жандар келеді?

– Компьютерлік ойындарға құмар жеткіншектердің ата-аналары жиі көмек сұрап жатады. Мен баламен біраз сөйлесіп, ішкі қалауын білген соң ет жақындарына қандайда бір үйірмеге жіберуін айтамын. Қазіргі таңда көптеген жеткіншектер үйде жалғыз қалғанда гаджеттерге жармасады. Одан бас алдырудың бір жолы – баланы бос жібермей, көркемөнерге немесе спорттық секцияларға беру. Әсіресе 13-17 жас жасөспірімдер үшін қауіпті. Осы аралықта бала тәрбиесіне оның қызығушылығына жіті назар аударуға тиіспіз.

Компьютер
Фото: ғаламтордан

– Лудамондар өзгеше әлемде өмір сүріп жатқандай күйде жүреді екен. Осы рас па?

– Олар әрдайым ойнағаннан қуат алады. Ұтса да, ұтылса да ләззат алады. Ұтылған күні бір нәрсені себеп көреді де, тағы белді бекем буып баруға ұмтылады. Бүгін мына жерде жаңылдым, келесі жолы оған жол бермеймін деп өз-өзіне іштей серт береді. Осылайша жалғаса береді. Бұл анығында өз-өзін ақтап алу және алдау.

Өзіне қол жұмсайтындар жайында не айтасыз?

– Өзінің кемшілігін түсінген ойыншы суицид жасауға ұмтылады. Кейбіреулер қыруар қаражат ұтылып қалғанда тығырықтан шығар жол таппай, қысылғаннан өзіне қол салуға барады. Ал кейбіреулер ұрлық істеп, қылмыс жасайды. Сондықтан маман ретінде айтарым, адам әрдайым тағдырына саналы түрде қарау керек. Егер бойында қандайда бір жат дүниеге тәуелділікті байқаса, лезде одан қол үзуге тырысу керек.

– Құмар ойынға кім тез берілгіш келеді: еркек пе, әйел ме?

– Көбіне ер адамдар. Себебі әйелде үйдің тірлігі, бала тәрбиесі дегендей отбасылық міндеттер көп. Сондықтан олардың артық әрекетке қарайлауға мұршасы болмайды. Әйел адам құрбыларымен қыдырғаннан, бала баққаннан, дәмді тамақ әзірлегеннен де көңіл-күйін көтере алады. Ал ер азаматқа мұндай тұрмыстық міндет жүктелмеген соң ләззатты сырттан іздейді. Соңында құмар ойынның құрығына түсуі әбден мүмкін.