Құмар ойынға тәуелділіктің алдын қалай алуға болады?
Бүгінгі таңда құмар ойынға құмартқандардың саны артып бара жатқаны анық. Бұған статистикаға сүйенбей-ақ жастардың компьютерлік ойындарға, қалаберді ұтысқа қол жеткізу мақсатында букмекерлі кеңселерді жағалап жүргенінен-ақ көз жеткізуге болады. Дегенмен, қоғамның жегі құртына айналған бұл мәселемен жеке дара күресіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі отбасылық психолог әрі психосомотолог маман Айкен Орынбасарқызымен тілдескен едік.
– Құмар ойынға тәуелділік неден пайда болады?
– Әдетте адам бойындағы тәуелділік бала кезден қалыптасады. Мәселен, бүлдіршін ата-анасының назарынан тыс қалып, мейір махаббатқа зәру болғанда қандайда бір дүниеге ден қояды. Мысалы, телефонға әуес болуы мүмкін.
Ал ересектер арасында ойынға тәуелділікке депрессия мен стресс сияқты психологиялық травма әсер етеді. Кейбіреулер ойын бөліп, өзіне шабыт алу мақсатында құмар ойынға құмартады. Алғашында көңіл көтеру үшін табан тіреген адам алған эмоцияны қайта сезіну мақсатында үйірсек болып кетуі әбден мүмкін.
– Қандай жандар қалыпты ортаға тез оралады?
– Ойыншы қалыпты ортаға оралуда өзіне көмек қажет екенін біле тұра оны мойындамауы мүмкін. Ата-аналардың көбісі баласының ойын қуып кеткенін әбден қарызға батып, қалаберді үйден қандайда бір заттар жоғала бастағанда бір-ақ біледі. Мұндай жандарға маманның алдына өз ықтиярымен барғанда ем қонымды болады. Бірақ өкінішке қарай лудомандар психологқа өз еркімен бармайды. Кей жағдайда ата-анасының айтқанына құлақ түргендей болып, ем қабылдай жүріп, ойынын жалғастыра беруі әбден мүмкін. Себебі, ойыншылардың басым бөлігі айналасын алдауға бейім келеді. Ал «мен шаршадым, құмар ойынды тастаймын» деп ниеттенгендер қалыпты ортаға тез оралады.
– Өзіңіздей мамандар құмар ойындарға тәуелділік алкоголизмнен де жаман екенін айтып жатады. Неге?
– Себебі, лудоманияның соңы суицидке апаруы әбден мүмкін. Ойынқұмар адам өзін науқаспын деп санамайды. Оны кез келген кезде қоя саламын деп ойлайды. Бірақ әдет жалғаса береді. Ал жан-жақтан қарыз қысып, шешім таппаған кезде мұның арты депрессияға алып келеді. Осы кезде ішімдік пен наркатроптық препараттарға әуестік басталады. Осылайша науқастың санасында өзін алдарқау процесі жүреді. Мұның соңы көп ретте қылмысқа апаратын жағдаймен жалғасын тауып жатады.
– Сонда тәуелділіктің алдын қалай алуға болады?
– Қарап отырсақ, қазір отбасындағы әр адамда бір гаджеттен бар. Салдарынан еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қалта телефонға үйірсек болып кетті. Үлкендер жағы баланың қанша уақыт телефонда отыратынына мән бермейді. Яғни, қадағалау жоқ. Өйткені ата-аналар таңнан кешке дейін жан бағудың қамымен жұмыста жүр. Дегенмен, балаға шектеу қойған жөн. Дұрысы – түрлі спорттық секциялар мен үйірмелерге жіберу. Сондай-ақ үнемі баламен сөйлесіп, оның жан қалауын анықтап отыру керек. Бала бұтақ сияқты ғой, қалай өссе, сол бағытта өрбиді. Сол сияқты әр жастың өзіндік өткеретін қиындығы бар. Мысалы, бала атаулы жасөспірім шақта достарымен не болмаса ұстазымен тіл табыса алмай жатады. Осы кезде онымен жақын қарым-қатынас орнатқан абзал. Сұрақтың астына алып, зекіп, ұрсудың қажеті жоқ. Баламен өз деңгейінде сөйлесу арқылы ғана сіз жүрегі нені қалайтынын, неден жабығып жүргенін біле аласыз. Содан кейін ғана ата-анаға тән ақыл-кеңесіңізді бере аласыз. Осы ретте айта кететін тағы бір жәйт – қазір жасөспірімдер арасында электронды шылым шегу етек алып барады. Бұл мәселеден де балаға ұрсып, ұрып, немесе қорқыту арқылы шығу қиын. Алдымен жақын тартып сөйлесу арқылы шылымға қалай әуестенгенін біліп алу керек. Бәлкім, достары мәжбүрлеген шығар. Мүмкін еліктеген болар. Сіз бала бойындағы кез келген жағдайдың салдарын себебін білу арқылы ғана шеше аласыз.
– Ал ересек лудомандардың тілін қалай табуға болады?
– Ересектердің де жүрегіне онымен ашық сөйлесу арқылы жол табуға болады. Шынын айту керек ойынға құмар ер азаматардың дені отбасымен ажырасып кетіп жатады. Проблема үйленгеннен кейін емес, дейін қылаң беруі мүмкін. Психосоматика тұрғысынан айтар болсам, ересек кездегі әдеттің басым бөлігі балалық шақтан бастау алады. Кей ер азаматтар әйел тарапынан қойылған талапты өтей алмағандықтан көп ақша табуға ұмтылады. Осылайша оңай жолмен табыс табуға бел байлайды. Оның соңы азарт ойындардың соңына түсуге алып келеді.
– Сізге компьютерлік ойындарға тәуелді жеткіншектер мәселесі бойынша жүгінетін ата-аналар көп пе?
– Әрине, көбінесе ойынқұмар жеткішектер ата-анасының қолқалауымен келеді. Байқасам, олардың дені дер кезінде ата-анасының назарынан тыс қалған болып шығады. Ал отбасында зорлық-зомбылық көрген балалар компьютерлік ойынды алданыш көреді. Мәселен, үйде ұрыс-керіс орын алған жағдайда бала өзіне қорғаныш есебінде тыныш атмосфера қалыптастыруға тырысады. Осы ретте телефонға әуестік орнайды. Мұндай отбасындағы ата-аналар алдымен өзімен жұмыс жасауы керек. Содан кейін барып, баламен айналысса мәселе оңтайлы шешіледі.
– Жалпы жасөспірімдердің бойындағы тәуелділікті қалай тануға болады? Ата-аналарға неге мұқият болу керек?
– Мана айтып өткенімдей, ойынқұмар адамдар құпиясын іште сақтауға бейім келеді. Оның үстіне олар білген жағдайда ата-анасының қатаң тиым салатынын жақсы біледі. Ол үшін баламен үнемі сөйлесіп отыру керек. Ал баласымен тығыз байланыстағы адамдар оның мінез құлқы мен әдеттерінің өзгерісінен-ақ жасырған құпиясы барын бірден аңғарады. Маман ретінде айтарым, балаға үнемі қолдау көрсетіп, мейірім танытып отыру маңызды. Араласатын ортасына да мән беру керек. Мысалы, жора-жолдастарының намысына тиетін сөздері жаны қаламайтын әрекет жасауға итермелеуі ықтимал.
– Қазіргі балаларды далаға шығару қиынға айналды. Осының себебін тарқатып көрейікші
– Бала телефоннан көрген қандайда бір дүниеден драйф алса, соны әрдайым қаталай сезінуге әуес болады. Сөйтіп, одан қол үзбеуге тырысады. Далаға шықса, «не ойнаймын?» деп қарап тұратыны да содан. Әсіресе жасөспірімдер өзін етжақындарынан аулақ ұстауға тырысады. Мысалы, көп жағдайда отбасы болып бірге баратын жерлерден «үйде отыра берейінші» деп бас таратады. Бұл қалыпты жағдай. Дегенмен, мұндай кезде жекіп, күштеп алдыңызға салып апарғаннан көрі, алдымен «ол жерде мынадай дүние көреміз» деген сияқты қызығушылығын арттыру керек. Түсіндіру арқылы ғана бала тілін оңай табасыз.
– Өз тәжірибеңізден айтыңызшы, негізінен құмар ойыннан кімдер жиі зардап шегеді – жастар ма, әлде ересектер ме?
– Жастар арасында бәс тігуге құмарлық басым. Анығын айтқанда жеңіл ақшаға қызығушылық көп. 25-40 жас аралығындағы ер адамдар арасында букмекерлік кеңселер мен казино сынды құмар ойындарға құмарлық жиі көрініс табады. Ал компьютерлік ойындарға 10-20 жас аралығындағы балалар жақын келеді.
– Қандай ойыншылармен жұмыс жасадыңыз. Тәжірибеңізде кездескен жағдайларды бөлісе отырсаңыз
– Астарына үңіле білсек, әркімге әртүрлі жағдай әсер етеді. Біреуге назар, біреуге эмоция мен сенімділік жетіспесе, ендібіреулер мейір-махаббат жетіспегеннен ойынға кіріп кетеді. Мен лудоманмен жұмыс жасау барысында алдымен қандай себеп әсер еткенін анықтап алуға тырысамын.
Мысалы, жуырда алдыма қыруар қарызға кіріп кеткен ер азамат келді. Онымен тығыз жұмыс жасау барысында ата-анасына, туған-туыстарына өзінің ауқатты өмір сүре алатынын дәлелдеуге тырысқанын аңғардым. Ниеті дұрыс болғанымен, амалы бұрыс. Нәтижесінде позитивті модел құрастыру арқылы санасымен жұмыс жасауды қолға алдым. Уақыт өте келе адал жолмен ақша табу потенциалын іске асыра бастады.
Бүгінгі таңда әлем бойынша құмар ойынға тәуелділіктің себебінен суицид 15 есе артқан. Ал еліміз бойынша өткен жылы бар-жоғы сегіз айдың ішінде 2620 өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелген, оның 2080 ерлер болса, 540 әйелдер және 139-ы кәмелетке толмағандар екен. Сондай-ақ, құмар ойындарға қаражат табу үшін адамдар ортақ отбасылық мүлікті сатады, несие алады және түрлі қылмысқа барады. Мысалы, 2023 жылы Астана қаласында бір азамат қарызға кіріп кетуіне байланысты көлігін иемденіп, оны саудаға салу мақсатында өзінің досын өлтірген.Міне, осылайша азарт ойындарға тәуелділік ұрлық-қарлық сынды түрлі қылмыстарға әкеледі.
Ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеген ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылғы жағдаймен салыстырғанда өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігу деңгейі 40 есеге артқан. Мұны экономикалық есепке шағар болсақ, құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, азаматтар ең көп қаржы жұмсайтын жетекші орынға ие болған.
– Лудоманды емдеп, қалыпты қатарға қосу процесі қанша уақытты алады?
– Емделушінің жас шамасы да маңызды. Бойында ұзақ жылдан бері ушыққан мәселе бар жандармен жұмыс жасау өте күрделі. Содан кейін қалыпты қатарға қосылу – ойыншының өз ниетіне де байланысты. Алдымен лудоманды психологиялық тұрғыда тұлға ретінде қалыптасу қолынан келетінін мойындатуға тырысамын.
– Ойынқұмар жандардың отбасына кеңес ретінде айтып өтсеңіз, ойынға тәуелді адамды қалыпты ортаға қосу жолында не істеу керек?
– Бізде әдетте отбасындағы әйелдер мен аналар ана позициясына өтіп кетеді. Ойынға әуес болған баласын немесе күйеуін құмарлықтың құрбаны санайды. Қалаберді айыптап жатады. Бұл дұрыс емес. Адамға көмек беру үшін оны алдымен сол күйінде қабылдау қажет. Айғайға басқаннан көрі «мен саған қалай көмектесе аламын?» деген мақсатта жақын сөйлескен ләзім. Құмар ойыннан алған сезімін білу арқылы оны өзге эмоциямен алмастырудың жолын табасыз. Егер байсаналы көзқараспен қараса, мәселеден шығудың жолы оңай бола түседі.
Айта кетейік, жуырда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін арнайы жоспар қабылдағанын айтты. Осы ретте Үкімет те лудоманиямен күрес жолында арнайы жоспар қабылдау қажеттігін тапсырды. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет екенін айтқан ел президенті, «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленгенін де алға тартты. Ендігі үміт осы аталған тиісті заң қолданысқа еніп, құмар ойынмен күресті кешенді түрде жүргізуде болып отыр.