27 Ақпан 15:50

Құмар ойынға құмартқандар саны қайтсе сейіледі?

казино
Фото: Azattyq Rýhy

Статистикаға сүйенсек, елімізде құмар ойынға құмартқан отағасы бар он отбасының жетеуі ажырасып кетеді екен. Мұны оңалту орталықтарындағы мамандар да жоққа шығармайды.

«Егер біздің алдымызға жағдайын оңалтуға жүгінген лудомандардың елу пайызы ажырасқан болса, елу пайызы ажырасудың алдында жүргендер. Осыған орай олардың жанұясымен арнайы отбасылық психологтар жұмыс жасайды. Бұл біріншіден екі тарапты өзара жақындастыруға септігін тигізеді. Содан кейін ойыншы тәуелділікке бой алдырғанда көбінекей қарыздарын жауып беретін ет жақындары болады. Олар бұлайша жанашырлық танытқанымен, іс насырға шаба түседі», – дейді «Көмек» оңалту орталығының психологы Нұрлыбек Тұрсынбеков.

Егер өткен жылғы есепке назар салар болсақ, қазақстандықтар соңғы үш жылда құмар ойын атаулыға триллион теңгеден астам қаржы жұмсапты. Ал «Жаңа өмір» орталығының мамандары елімізде орта есеппен алғанда күн сайын төрт адам құмар ойынның кесірінен суицид жасайтынын айтады. Мұны белгілі психолог Төреғали Батырханұлы растай түсті.

«Жасыратыны жоқ өзінің кемшілігін кеш түсінген кейбір ойыншылар өзіне қол салуға ұмтылады. Ендібіреулері қыруар қаражатқа ұтылып қалғанда немесе жағалай қарыз қысқанда өмірімен қоштасуды жөн санайды. Ал ендібіреулер ұрлық жасап, түрлі қылмысқа барады. Маман ретінде әр адамға өз тағдырына байсаналы түрде қарауға кеңес беремін. Егер әркім бойынан қандайда бір ерсі әрекетке тәуелділікті байқаса, одан тез арада арылуға тырысу керек. Ал араласатын ортасында қандайда бір ойынға құмар жандар болса, ондайлардан алыс жүргені абзал», – дейді ол.

Жарас (аты-жөні өзгертілген-ред.) құмар ойынға студент кезінде құмартқанын айтады. Бүгінгі таңда белгілі блогерлердің қатарынан табылатын ол алғашқы қадамды ойын автоматынан бастағанын алға тартты. «Қызық үшін бес жүз теңге салып, екі жарым мың «көтеріп» алдым», – дейді ол. Осыдан біраз жыл бұрын аталған сома едәуір ақша екенін алға тартқан кейіпкеріміз кейін алған шәкіртақысын дерлік ойынға салып отырғанын жасырмады.

«Үш жылдың ішінде маған туған-туыстарымның барлығы теріс қарады. Себебі мен барлығына жағалай қарыз болдым. Оны ата-анам төлейтін. Менің кесірімнен олар жақын жандар арасында шақырған қонаққа барудан да қалды. Кейін әпкемнің көмегімен оңалту орталығына барып, үш айдан астам уақыт ем қабылдадым. Менімен психолог мамандар жұмыс жасады. Өткеніме өкіне отырып, алға қадам басуға ұмтылдым. Менің өткергенімді өзгелер қайталамаса екен. Оңай олжаға алданбаңыздар!», – дейді көпшілікке кеңес берген ол.

Бейресми ақпаратқа сүйенсек, елімізде 350 мыңнан астам адам ойынға тәуелділікке бой алдырған. Мамандар заң жүзінде тыйым салу арқылы лудоманияның алдын алуға болатынын айтады.

«Құмар ойындарға қатысты жарнамалар санын шектеу керек. Мысалы, тәуелділікке бейім адам әлеуметтік желіні ақтарыстырып отырғанда «бізде осынша теңгеге ұтыс бар» дегенді көріп қалса, оған елітіп кетуі ғажап емес. Депутаттар осы мәселе төңіргеніде заң қабылдау қажеттігін бірнеше рет көтерді. Бірақ ол қашан жүзеге асады екен?!», – дейді талай ойынқұмарды қалыпты қатарға қосқан Нұрлыбек Пархатұлы.

Иә, қарап отырсақ соңғы он жылда алыс-жақын шетелде ойынқұмарлыққа ресми түрде тыйым салу арқылы тоқтам қойылған екен. Мәселен, Қырғызстанда букмекерлік кеңселердің қызметіне шектеу жасалса, ал ҚХР мен Оңтүстік Кореяда құмар ойынды қыздырғандар жауапқа тартылады. Тіпті онлайн-казино ойыншылары да заңға тартылып, түрме жазасына кесілетін болса керек. Бұдан өзге құмар ойындарды жарнамалайтын интернет-сайттар қатаң цензураға ұшырап, бұғатталады. Осындай темірдей тәртіп біздің елде де орнаса, жағдай оңалар ма еді...