29 Қыркүйек 14:36
...

Кітапсүйер қауым қандай туындылармен танысты?

авторлар
Фото: ғаламтордан

Қыркүйек айында оқырманға бірнеше кітаптар ұсынылды. Бір қуанарлығы, ғаламтордан сиясы кеппеген туындылардың электронды нұсқасын да оқуға болады. Ендеше, солардың бірқатарын таныстырып өтейік.

Ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың бір мезетте бірнеше кітабы баспадан шықты. Тундылар «Атамұра» мен «Қасым баспа үйі» арқылы оқырман қолына жетіп отыр.

Атап айтар болсақ, белгілі Абайтанушының «Құнанбай немесе жәбір сұлтаны» кітабының 2 томы, «Болашақтың бәйтерегі», «Дулыға» кітабының 4 томы ұсынылған.

Жұртбай
adyrna.kz

«Атамұра» баспасынан бұған дейін Тұрсын Жұртбайдың ұзақ жылдарғы зерттеу еңбектерінің нәтижесінде туындаған «Толық адам» атты екі томдығы жарыққа шықан еді.

Қаламгердің «Қасым баспа үйі» шығарған жинақтары «Түйешінің қызы» және «Қар астындағы көбелек» деп аталады.

Тұрсын Жұртай – Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы «Алаш» және Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтардың иегері.

Киіз үй
knigi.abay.astana инстаграм парақшасынан

Қыркүйекте көпшілік танымдық туындымен де танысты. «Киіз үй» деп аталатын еңбектің авторы – белгілі қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы.

Бұл кітаптың бұған дейін шыққан туындылардан ерекшелігі – киіз үйдің жасалу жолы толық сипатталады. Атап айтар болсақ, киіз үй қандай ағаштан жасалып, қандай киізден даярланады? Сондай-ақ оны қайтіп басып, пішіп, өлшейді? Автор осы алтылғандардың қыр-сырын салт-дәстүрмен байланыстыра отырып суреттеген.

Киіз үйді өзі жасап, ішкі жабдықтарын да өзі тоқитын автор үйдің ішін безендіруге арналған түрлі өрмек, ши, алаша, басқұр, текемет, желбау сынды қолөнер бұйымдарын тоқу тәсілдерін де түбегейлі түсіндірген. Аталыш кітапта «Атамұра» баспасынан шыққан.

«Жарыққа шығып отырған кітап бүгінгі таңда Қазақстанда киіз үй жасайтын қазақтың әйелдері бар екендігінің куәсі болады. Оны жазуға әжем Қадыби Көңілқызы мен анам Аман Мұхамәдиқызының ақыл кеңесі септігін тигізді» дейді туынды авторы.

кітап
togzhankassenova.com

Бұдан соң кітап сөрелері ядролық саясат саласының маманы, ғалым Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» The Atomic Steppe кітабымен толықты. Қасенова аталған туындыны баспаға әзірлеуге 15 жылын арнаса керек. 2022 жылғы ақпанда ағылшын тілінде жарық көрген кітаптың қазақша нұсқасының басылуына Фридрих Эберт атындағы қор (FES) қолдау көрсеткен. Кітапты Динара Мәзөн аударса, редакцилаған – Назгүл Қожабек.

Тоғжан Қасенова Kursiv Media ақпарат порталына берген сұхбатында зерттеу барысында мұрағаттағы деректермен жұмыс істеу қиынға түскенін жеткізді. Себебі, кейбір құжаттар мүлде сақталмаған. Сондықтан сұхбаттарда айтылған деректерге сүйенуіне тура келсе керек.

Туындының алғаш шыққан ағылшын тіліндегі нұсқасы оқырман арасында біраз талқыға түскен. Автор осы ретте «бұл кітап Қазақстанға қарағанда, өзге елдерге танымалырақ. Өйткені АҚШ-та екі рет жүлделенді. Сондай-ақ АҚШ-тағы бірнеше университет осы кітап бойынша кездесулерге шақырды. Тіпті оқып шыққан бір студент қазақ тілін үйренуге бекінген», – дейді.

Шетелдегі саяси интеллигенцияның Қазақ елінің Семейдегі полигонды жапқанына жақсы пікірде екенін алға тартқан Қасенова, Қазақстанның сыртқы ядролық саясатын мақтан ететін кейіп танытты. «Бірақ осы сыртқы имидж өз елімізде болып жатқан ахуалмен сәйкес болса деймін» деп жүрек түкпіріндегі қалауын да білдіріп  өтті.

Айта кетейік, өткен қыркүйек айында Елордада «KitapTime» атты III жалпы республикалық кітап фестивалі өткен болатын. Ұлттық академиялық кітапхананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды шарада балалар әдебиетінен бірнеше туындының тұсауы кесіліп, жас оқырманға  ұсынылды. Жиылған қонақтардың жасы да, жасамысы да кітап авторларымен пікір алмасып, суретке түсіп, жеке қолтаңбасын алды. Іс-шараның басты мақсаты – жазушы мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға негізделген.