Көші-қон: Келгендер көбейіп, кеткендер азайған
2023 жылдың 9 айында Қазақстанға 23 429 адам көшіп келген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6 мың адамға көп. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы төрт жылда мигранттардың ең көп ағыны былтыр келген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің мәліметінше, олардың көбі Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Қытай және Тәжікстаннан келгендер. Бірақ соңғы уақытта елде қара нәсілді азаматтардың көбейгені көпшілікті алаңдата бастаған еді. Мысалы белгілі саясаткер Қазбек Бейсебаев бізге берген сұхбатында африкалық мигранттарды құзырлы мекемелер тексермей отырғанын жеткізген.
Астанада өткен брифингте NEGE тілшісі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаевтан ол азаматтар қайдан келгенін сұраған, алайда комитет төрағасы сұраққа нақты жауап бере алмайтынын, жазбаша жауап қайтаратынын айтты.
Ресейден келгендердің саны 31 мың екен. Мұның көбі – мобилизациядан қашқандар.
Еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басқарма басшысы Ержан Мәди: «Былтыр Ресейден 31 мың азамат еңбек мигранты болып келген. Олар Қазақстанда уақытша жұмыс істеп, өз еліне қайтады», – деді. Бірақ олардың қаншасы Қазақстан азаматтығын алып, елде қалып қойғанын айтпады. Бөлім басшысы «оны Ішкі істер министрлігі біледі» дейді.
Елден көшіп жатқандардың саны едәуір азайыпты. Мысалы 2021 жылы елден 32 мыңнан артық адам көшіп кетсе, былтыр олардың саны 15 мыңнан сәл ғана асқан.
Соңғы жылдары қазақстандық азаматтардың Оңтүстік Кореяға еңбек мигранты болып кетіп жатқаны белгілі. Олардың арасында еңбек құқығы бұзылғанын айтқандары да, керісінше, жағдайларын түзеп Кореяда қалып қойғандары да бар.
Комитет төрағасы еліміз қазір Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге рұқсат беру жүйесін енгізу бойынша құжат әзірлеп жатқанын айтты. Бұл жобаны іске асыру үшін құзырлы органдар Оңтүстік Кореямен келіссөз жүргізіп жатыр екен. «Бұл мәселе бір жылдың ішінде шешілуі мүмкін», – дейді Көші-қон комитетінің төрағасы.
Оның сөзінше, енді біздің еңбек мигрантарымыз Кореяға арнайы орталық арқылы бармақ. Орталық оларға Алматыда корей тілін үйретіп, Қонаев қаласында тіл білу деңгейіне тестілеу мен біліктілігін арттыру бойынша көмектеседі. Сонымен қатар Қонаевта біздің мигранттарымыз жатаханада жатып, медициналық тексеруден өтеді.
Егер Корей мемлекеті келісім берсе, онда біздің орталық қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау мен үш жылға дейін заңды жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Маманның сөзінше, қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяға 16 мемлекет еңбек мигранттарын жібереді екен.
Енді ішкі миграцияға келер болсақ, елімізде халықтың көбі әлі де Астана мен Алматыға ағылып жатқан көрінеді. Асқарбек Ертаев берген ақпарат бойынша, 338 мың адам облыс арасында қоныс аударса, олардың көбі бас қалаға келіп жатыр екен. Былтыр Астана қаласына 74 мыңнан астам адам көшіп келсе, Алматыға 67 мың, Шымкентке 30 мың адам қоныс тепкен.
Кеше Астана қалалық мәслихатының депутаты Азамат Айтқожин Астанаға блокбекет орнату қажет деген ұсыныс айтқан болатын.
– Оңтүстік Қазақстан арқылы Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары шекараны кесіп өтіп келеді. Оларға құжат талаптарын неге қатаңдатпайсыздар? Құжаттары дұрыс болмады ма, автобусты қайтарып жіберу керек. Барлығы Астанаға ұмтылады. Жарты жыл тұрады да, маған пәтер керек, анау керек, мынау керек... Қазір мемлекет қай аймақта тұрмасаң да жағдай жасап беріп отыр, – деген болатын депутат кезекті сессияда.
Алайда Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев елордаға келушілердің санын шектеуге негіз жоқ екенін мәлімдеді.
– Астанаға мигранттар квота бойынша келіп жатыр. Ол квотаны жергілікті атқарушы органдар тағайындайды. Мұнда миграциялық ағын бақылаусыз емес. Кешегі жиында квота туралы айтылмаса керек. Соңғы бес жылда ол квота азайып келеді. Бұл ішкі нарықты сақтау үшін жасалып отыр. Ал Астанаға қосымша шектеулер қоюға қажеттілік көріп отырғаным жоқ, – деді А.Ертаев.