12 Мамыр 10:33
...

КӨРШІҢ санкциялы болса, к*тіңді ҚЫСЫП жүр!

Фото:

Меніңше, қоғам өкілдерінің осы бір өте-мөте өзекті тақырыптың түбін түсіре талқылауында үш жақтың – бір-бірімен санкциялық текетіреске түскен «ұжымдық Батыс» пен Ресей, сонымен бірге екі түйе сүйкеніп, екеуінің ортасында ыңғайсыз жағдайда қалған Қазақстанның – түпкілікті мақсат-мүдделерін ескеруге мәжбүр боламыз.

Біріншіден, ол – АҚШ және Еуроодақ елдерінің мүддесі. Санкциялардың оншақты пакетін жарияласа да, олар діттеген нәтижесіне жете алмай отыр. Сол себепті олар санкцияның орындалуы мен оларды айналып өту секілді фактілерге көзжұмбайлықпен қарай алмайды. Сондықтан да «параллель импорттың» қайнаркөзі һәм плацдармына айналған Қазақстан мен басқа да елдерге сын айта бастады.

Фото: ғаламтордан

Әрине, Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресейге қатысты «ұжымдық Батыс» жариялаған санкциялардың өзі тым тұрпайы қабылдайтын құбылыс емес, ол – кең ауқымды, кешенді әрі терең құбылыс. Сондықтан да, «Ресейге кез келген тауар не қызмет жеткізсек, қосымша санкция астында қаламыз» деп қара аспанды төндірудің еш қажеті жоқ деп санаймын.

АҚШ және Еуроодақ өкілдерінің елімізге арнайы келіп, өз талаптарын қоя бастағанынан бір ұққаным осы. Әйтпесе, жеті жарым мың шақырым ортақ шекарамыз бар солтүстік көршімен сауда-экономикалық қарым-қатынасты мүлдем доғаруымыз отандық экономикаға қандай сойқан соққы болатыны айтпаса да түсінікті.

Сол себепті біздің басшылар Батыс елдерімен санкцияларға қатысты келіссөзде осы жайтты баса айтып, нақты уәж ретінде алға тартқаны дұрыс. Оның үстіне, Ресейге экспорт жасамай қойған жағдайда ел экономикасына келтірілер зардапты Батыс өз басымен көтеріп, бізге түспей қалуы мүмкін табысымыздың орнын толтыра ма? Осы жағын анықтап алайықшы.

Сонымен бірге, шынымен де санкцияға жататын тауарлар мен қызметтер тізімін нақтылап алу қажет. Мәселен, ол тізім соғыс ашқан басқыншыл Ресейдің әскери әлеуетін сақтап қалуына қажет нәрселер болса, бір сәрі. Ондай әрекетіміз, сөзсіз, Батыстың ғана емес, соғысқа қарсы шығып отырған барша өркениетті қауымның ашу-ызасын тудырары хақ.

Фото: ғаламтордан

Мысалы, АҚШ пен Еуроодақтың санкциялар туралы бірлескен мәлімдесінде «негізгі мақсат – Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенін, оның әскери машинасын қолдауға жол бермеу» деп жария еткен болатын. Шынын айту керек, жалпыадамзаттық тұрғыдан алғанда, ол бейбіт елді қырып-жойып жатқан сұмырайларға нақты жәрдем болар еді. Оның өзі Қазақстанның халықаралық алаңдағы абыройы мен беделіне нұқсан келтірері рас. Бұл болса, қосымша келіссөздердің басты тақырыбы.

Екіншісі – санкция астында қалып, қиналып қалған Ресейдің өз мүддесі. Киевті блицкриг жасап басып аламыз деген ойы жүзеге аспады. Соғыстың аяқталатын түрі жоқ. Мәселен, беделді Forbes журналының есептеуінше, бір жылдың ішінде Ресей соғысқа 115 миллиард доллардан астам қаржы жұмсаған. Әрине, Ресей жағының мәліметі басқа.

Әлемдік компаниялар басқыншыл елден кеткеннен кейін батыс елдерінде өндірілетін азық-түлік, дәрі-дәрмек, автокөлік, тұрмыстық техника, киім-кешек те Ресейге жетпей қалды. Сол себепті Кремль шұғыл түрде «параллель импорт» туралы арнайы заң қабылдады.

Ал ол «сұр» заңға қарсы қимыл-әрекет жасап, тиісті іс-шараларды қолға алуға Қазақстан үкіметінің ешбір амалы жоқ. Неге десеңіз, Еуразиялық одақ туралы келісімшарттарға сәйкес, біздің шекара ашық-шашық, одан ол жақтан және біз жақтан күнделікті толассыз ағылып жатқан тауарлар легіне біз ешбір бақылау жасай алмаймыз. Кезінде демократияшыл азаматтармен бірге өзім де жазған «әлемдік дағдарыстар кезінде ешбір одаққа мүше болудың қажеті жоқ» деген қағидаттың орынды болғанын уақыттың өзі көрсетіп отыр емес пе?

Олай болса, өзіміздің өркениетті дүниемен жақын араласуымызға өз кесірін тигізіп жатқан ЕАЭО-дағы мүше болуымыз туралы да мықтап ойланғанымыз жөн сияқты. Ресей әлемдік ұжымнан аластатылып, «токсичный» боп жатқанда, осы көршімзге қатысты позициямызда да, бүгінгі күннің ерекшеліктерін ескеріп, нықтап алғанымыз дұрыс деп санаймыз.

Бұл көзқарас Қазақстанның түпкі мақсат-мүддесіне негізделуі тиіс. Және де бұл шаруаны қолға алғанда біреудің қас-қабағына қарай берудің де керегі жоқ сияқты.

Бір қызығы, жалпыәлемдік, баршаға ортақ қағидаттармен бірге Қазақстан секілді кешегі сателлиттерінің де пікірі заман талаптарына сай өзгеруі мүмкін екенін Кремльдің өзі де түсіне бастаған сыңайлы. Осынау жайтты да дипломатиялық тұрғыдан орынды пайдалана білуі – біздегі билікке сын.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкен.

«Дағдарыс – мүмкіндік» деп жиі айтылатын еді ғой. Көрші елге таңылып, бізге де өз кедергісін келтіріп жатқан мына тыйымдар да өзінше бір мүмкіндік деп санауымыз керек сияқты. Басқасын айтпағанда, бұрын тек қана Ресей аумағы арқылы экспортталатын мұнайымыздың басқаша логистикалық, транзиттік жолдар тауып жатқанының өзі де дұрыс, бұл үрдісті жалғастыра беруіміз керек.

Әрине, құдайы көршімізбен ат құйрығын кесісе алмаймыз. Экономикамыз тым тығыз араласып кеткен. Ол да біз үшін ең жақын нарық. Оның үстіне ол жақтағы қандастарымыз бен осы жақтағы орыс қауымының да мүдделері тағы бар. Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында: «зеленые человечки» феномені мен «бесінші колонна» факторын, сепаратизм сылтау-себептерін де жоққа шығара алмаймыз. Соғысқұмар саясаткерлер де Кремльдің төрінен кетер. Ол елмен тату-тәтті, көршілік, достық байланысымыз да уақыт өте басқаша, шынайы, терезесі тең, әріптестік мән-мазмұнға ие бола жатар. Сондықтан бір басшыға ренжіп, тонымызды өртегеніміз ретсіз болар. Тіпті, ол басшының конъюнктуралық тілектерін орындап, Мәскеуге парадтарға барып келуге де мәжбүр болармыз (фашизмді жалғыз орыс жеңген жоқ қой). Бұл заман да өзгерер.

Сыртқы саясат, соның ішінде өзімізден халық саны жеті есе (Ресейді), жетпіс есе (Қытай) көп екі алыппен көршілік қарым-қатынас митингілік қызба қандылықтың еншісіне берілсе, алысқа бармаспыз. Салқынқандылық, сабырлық, салиқалық, стратегиялық сараптама – сыртқы саясаттың символдары. Сол жағын да ұмытпайық.

Бір нәрсе анық: Украинаға қарсы соғыс ашып, әлемдегі абырой-беделінен жұрдай боп, бүгінде өзін басқаша сезінуге мәжбүр болған Ресейге қарсы «ұжымдық Батыс» жариялаған санкциялардан тәуелсіз елдер, соның ішінде, біздің ел, өзінің түпкілікті, ұлттық мақсат-мүддесі жолында жаңа мүмкіндіктерді тауып, соларға жол ашып, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, тарихи тығырықтан лайықты шығудың амалын қарастыруы тиіс.

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.

Тегтер: