21 Сәуір 18:15
...

«Қоңыр дала, қоңыр әуен, қоңыр күй» – Суретші Алпысбай Қазығұлов НЕГЕ қынжылды?

Қ
Фото: А.Қазығұловтың жеке мұрағатынан

Масарик атындағы еуропалық алтын медаль иегері, белгілі суретші Алпысбай Қазығұловтың Алматы төрінде кезекті көрмесі ашылды. Еуропа, Азия және Америка галереяларын толықтырған қылқалам шеберінің дербес шарасына әріптестерімен қатар, режиссерлер, әнші-бишілер, шәкірттері және суретсүйер қауым қатысты. Көпті сүйсінткен көрмеге тілшіміз арнайы барып, көріп қайтқан еді. 

«Көктөбе көктемі» атты мәдени шараға қылқалам шеберінің 90-ға тарта картинасы қойылды. Ұлы даланың дәстүрі мен салт-санасын суреттейтін картиналарға қызыға қарағандар өз бетінше оны талдап, ойларын ортаға салды. Солардың бірі еліміздің еңбек сіңірген әртісі, белгілі күйші-композитор – Секен Тұрысбеков.

Автордың әр еңбегіне терең оймен үңілген өнер иесі: «Алпекең қазақтың «Қоңыр дала», «Қоңыр әуен», «Қоңыр күй» деген әдемі тіркестерін туындыларында анық аңғартады. Яғни, ұлттық бояу басым. Ерболат Төлепбай екеуінің қаламында өзара ұқсастық пен үндестік бар. Бізде негізі небір суретшілер бар ғой, бірақ олардың бағасын бере алмай жатырмыз. Себебі отыз жыл біздің өнерімізді ойсыратып жіберді. Рухниятттан айырылған ел – ел болмайды. Осылардың еңбегін қолдап, Мәдениет министрлігі тарпынан жүргізілген насихатты да көрмедік. Бұдан артық қандай қорлау керек. Сондықтан болашақ үшін аянбай еңбек ету, шығармашылықта шаршамау керек. Қазығұлов солардың сапында келе жатқан еңбекқор суретші», – деп баға берді.

Т
Nege

Көрменің ашылу салтанатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың А.Қазығұловты құттықтау хаты оқылды. Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасынан келген арнайы өкіл президенттің тілегін оқып, суретшіге арнайы сый-сияпатын табыстады. 

Бұдан соң сахна төріне көтерілген белгілі режиссер Досхан Жолжақсынов Қазығұлов қазынасы жайлы сөз ете келе: «Кинода сценарий мен режиссердің шешіміне байланамыз. Ал бейнелеу өнері еркіндігімен, шынайылығымен ерекшеленеді. Алпысбай – осы өнер жолындағы корифейлеріміздің ізін қаз-қалпында жалғап келе жатқан дарабоз өнерпаздардың бірі», – деді.

)
Nege

Жиын барысында Қазығұловтың кезекті кітабының да тұсауы кесілді. Осы ретте сахна төріне көтерілген ардагер журналист Сейітқазы Матаев пен суретшінің ұзақ жылдан бері келе жатқан досы Ұзақбай Қарабалин: «Қазығұловтың еңбектері қаймағы бұзылмаған ауылға саяхат жасатты», – деп тамсанды.

Шара барысында қонақтарға ақ дастархан жайылып, өнер иелері тарапынан гала-концерт қойылды. Суретшіні қолдап келген Айгүл Қосанова, Жеңіс Сейдоллаұлы сынды әншілер тыңдарман жүрегінен жол тапқан әндерін орындады.

F
Nege

Айтпақшы, көрмеде әлем сахнасында өнер көрсетіп, батысты бағындырған Сүндет Байғожин де төбе көрсетіп, Ермек Серкебаевтың репертуарынан «Сүйем мен» әнін нақышында шырқады.

Сурет өнеріндегі ағасын арнайы құттықтай келген С.Байғожин: «Қазығұловтың туындыларын шетелде де ұялмай көрсетуге болады. Өте креативиі. Дегенмен, Алпысбай ағаның өнерінен бұрын адамгершілігін жоғары бағалаймын. Осы қасиеті салған картиналарында көрініс береді», – деді.

Б
Nege

Қазығұлов көрмені ұйымдастыру барысында ешқандай мемлекеттің мекемелердің есігін қақпапты. Шараны ұйымдастыруға ұлы Әнуар мұрындық болып, қолдау көрсетіп өткен «Park KokTobe» президенті Есенғали Байменовке алғыс білдірді.

Айта кетейік, Шыңғыс Айтматов, Лайма Вайкуле, Дидье Маруани, Жерар Депардье, Патрисия Каас, Бельгия князі Лоран сияқты көптеген танымал адамдар Қазығұлов шығармашылығын қастерлеп коллециясына қосқан. Сол сияқты өзінің де танымал суретшілердің өнерін келер ұрпаққа жеткізу мақсатында топтама жинастыратыны бар. Оның көркемсурет мұрағатында Әбілхан Қастеев, Жаңатай Шарденов, Салихитдин Айтбаев, Владимир Эйферт, Ким Кузнецова сынды атақты суретшілердің және өзге де классиктердің туындылары қаз-қалпы сақтаулы тұр.

Алпысбай Қазығұлов 48 жылдық сурет өнерінде 8000-ға жуық картина салған екен. «Әр суретім өзімнің балам сияқты ыстық. Бір туынды демде салынса, кейбірін айлап, жылдап салған кездер болды», – деген шебердің шері де жоқ емес екен.

«Қоғамның тыныс-тіршілігін тізбектеп отыратын «Ұлттық құрылтайдың» құрамында түрлі сала мамандарынан құралған 140 адам бар екен. Бірақ солардың арасында бірде-бір суретші жоқ. Осыған қарап өнердің қаншалықты қолдау тауып отырғанын аңғаруға болады. Суретшілер идеология мен саясаттан тысқары қалды», – деп  қынжылды суретші.