15 Қазан 18:43

«Көл түбінен күдікті іздеу». Вице-министрлердің кінәсі НЕГЕ дәлелденбеді?

Фото:

Әңгімені әріден бастайық. 2018 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Энергетика министрлігінің екі вице-министрі жемқорлық бабы бойынша ұсталғанын асқан мақтанышпен мәлімдеді.

Алдымен вице-министр Ғани Сәдібековті ұстады, одан кейін тағы бір вице-министр Бақытжан Жақсалиевті де Жемқорлыққа қарсы қызмет күдіктілердің қатарына қосты. Тіпті бұл жөнінде арнайы брифинг өтіп, видеоролик жарияланды. Әлгі видеода қап-қап долларды қаптатып жинап жатқан әлдебір адамдарды көргенде жұрт күдіктілердің бюджет ақшасын жымқырғанына сенген. Алайда кейін видеодағы ақшалардың Сәдібеков пен Жақсалиевтің ісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Антикордың сол кездегі төрағасы Алик Шпекбаевтың жігіттері жұртты сендіру үшін асыра сілтеп жібергені одан кейін талай айтылды. Іске қатысы жоқ нәрсе қап-қап ақша ғана емес екен, вице-министрлерді айыптауға себеп болған сараптама қорытындысы да мүлдем басқа істікі болып шықты. Ол туралы сәл кейінірек баяндаймыз.

Үш жарым жылдан бері бірнеше айыпталушы мен олардың отбасы әрі-сәрі күй кешіп жүр. Антикор мен мемлекеттік айыптаушылар олардың айыбын дәлелдей алмай әлек, ақ матаны қара жіппен тіккендей көзге көрініп тұрған кемшілікті жою үшін сот істі қайта-қайта кері қайтарып әуре.

Кемшіліктерді жою үшін осы уақытқа дейін екі рет прокуратураға кері қайтқан қылмыстық іс үшінші рет сотқа түскенде адвокаттар айыптауға негіз болған сараптама қорытындысының бұған қатысы жоқ екенін байқаған.

Даудың басы Шортанды-Бурабай аймағындағы көлдің табанын тазалаудан басталған. Ал ол көл Қарасу екенін, көлдің аумағында мемлекет басшысының резиденциясы орналасқанын тергеу органы белгісіз себеппен жасырып қалуға тырысты. Өйткені Президент резиденциясы жанындағы көлден ақша жасау үшін ең соңғы ақымақ та ойланар еді.

Әп деп басталғаннан-ақ бұл істің тігісі сөгіле берді. Алдымен Антикордың айыпталушыларға «бюджет қаржысын жымқырды» деп таққан кінәсі асығыстық екені белгілі болды. Одан кейін мемлекетке «2,7 миллиард теңге залал» келді деген сарапшының қорытындысы іске алғысыз боп қалды да, сот іс кезекті рет кері қайтарылды.

Тағы біраз күшенген тергеу органы сотқа жаңадан айыптау актісін дайындап әкеліп, процесуалдық қателік жібергені аздай, басқа іс бойынша жасалған сараптамы сотқа өткізді. Осылайша бір-біріне мүлдем кереғар екі сараптама қорытындысы соттың өзін тығырыққа тіреген сыңайлы.

Қазір сотта тараптар жарыссөз өткізіп жатыр. Сот осы жарыссөзде айыптаушы орган мен мен айыпталушылардың уәжін тыңдап, қылмыстық іске қатысты үкім шығаруы тиіс. Мемлекеттік айыптаушы «күдіктілердің кінәсі толық дәлелденді» деуден танбайды. Ал бұрынғы вице-министрлер мен олардың адвокаттары тағылған айыптың еш негізсіз екеніне сенімді.

Үкім ету сотқа да оңай болмайтынын бұл істің үш жарым жылға созылғанынан болжауға болады.

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Сот айыптай ма, ақтай ма? Бұл – соттың еншісінде. Сот қара қылды қақ жарады деп, қоғам да күтіп отыр.

Ал осы үш жарым жылда жұрт арасында қылмыстық істің қолдан жасалғаны, мүдделі топтың көздегені вице-министрлер емес, мүлдем басқа үшінші тұлға екені талай айтылды...

Тегтер: