Түркияда Temu маркетплейсінің жұмысына шектеу қойылуы мүмкін

Қытайлық Temu маркетплейсіне Түркияда шектеу қойылуы мүмкін. Платформаға ел заңнамасын бұзды және қауіпті тауарлар сатты деген айып тағылып жатыр.
Алматы, NEGE. Түркиялық Sabah басылымының жазуынша, Temu 2025 жылдың шілдесіне дейін елде өз өкілдігін ашуы тиіс болған, бірақ ол орындалмаған. Сондай-ақ қытайлық платформа Түркияның салық заңнамасын толық көлемде орындамайды деген мәлімет те бар.
Электрондық коммерция операторлары қауымдастығының дерегінше, 2025 жылы Түркия шетелдік онлайн-сауда платформаларынан, соның ішінде Temu-дан да, ҚҚС бойынша шамамен 500 млрд лира ($12,5 млрд) жоғалтуы мүмкін.
Билік Temu-ды сапасыз және денсаулыққа қауіпті өнімдерді сатады деп те айыптауда. Жақында жүргізілген тексеріс барысында Temu-дан сатып алынған аяқ киімдердің жартысынан канцерогендер, аллергендер мен ауыр металдардың ізі анықталған.
Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылдың өзінде ғана Түркияға Temu арқылы сегіз миллионнан астам жұп аяқ киім жеткізілген. Мұндай арзан тауарлар легі Түркияда аяқ киім шығаратын 200-ден астам орта кәсіпорынның жабылуына алып келді. Түркия Аяқ киім өндірушілер қауымдастығының президенті Берке Ичтен Temu-ді жергілікті өндірушілер мен сатушыларды тең бәсекеден айырып отырғанын мәлімдеді.
«Біз Түркияда тауар сататын кез келген платформаға қарсы емеспіз, бірақ біз тең дәрежеде бәсекелескіміз келеді», – деді ол.
Түркия Сауда министрлігі Temu-ға қатысты санкциялық және шектеу шараларын қабылдауы мүмкін. Сондай-ақ елге әкелінетін Temu тауарларына бақылау күшейтіледі деген болжам бар.
Бұл мәселе Қазақстанға да тән. Бұған дейін «Ақ жол» партиясының депутаты Азат Перуашев қытайлық маркетплейстердің отандық нарыққа қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеген еді.
«Шетелдік маркетплейстер 505 млрд теңгеге тауар жеткізіп, бюджетке небәрі 24 млрд теңге төледі – бұл айналымның 4,8%-ы ғана. Бұл кедендік баждарды айналып өтіп, ҚҚС-ты 2,5 есе аз төлеу деген сөз. Бюджет шетелдік маркетплейстердің ҚҚС-тан жалтаруы салдарынан 60 млрд теңгеден астам шығынға ұшырады», – деді ол.
Қазақстандағы дүкен иелері көбірек салық төлегендіктен, жергілікті кәсіпкерлер шетелдік маркетплейстермен тең емес жағдайда бәсекелесуге мәжбүр.