Кімге алғыс айтасыз? – Өнер иелері жауап берді
Бүгінгі «Алғыс айту күнінде» біраз жандардың бір-біріне тамаша тілек айтып, қуанысып жатқан жайы бар. Осы орайда тілшіміз өнерде жүрген танымал жандарға хабарласып, пікір сұрады.
Альмира ТҰРСЫН, актриса:
Сынаққа да сабақ үшін алғыс айтамын
– Әр күні жарық өмір сыйлаған Құдайға алғыс айтамын. Мені өмірге әкеліп, тәрбие берген анам мен апама, үнемі қолдау көрсетіп отыратын ағайын-туыстарыма, ана бақытын сыйлаған ұлыма деген алғысым шексіз. Өмір жолымда кездескен жақсы адамдарға әрдайым іштей жақсылық тілеп отырамын.
Адам баласы болған соң жолымызда қандайда бір қиындық кездессе тосылып қаламыз. Бірақ оны сынақ деп қабылдап, одан алған сабақ үшін алғыс айтуға тырысамын.
Негізі атаулы бір күнде ғана емес, айналамыздағы жандарға әр күні алғыс айта білгеніміз жөн. Бірақ оның жүректен шыққаны абзал. Мәселен, аузымен алғыс айтқанмен, іштей қанағат танытпау – адамгершілік қасиетке кереғар келеді деп санаймын. Қарап отырсам, қайырымды адамдар көбінесе баққытты болумен қатар молшылықта ғұмыр кешеді екен. Сондықтан алғыс айтудың алдымен өзің үшін берері көп болса, екіншіден, өзгеге тамаша көңіл-күй сыйлайсың.
Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ, әртіс:
«Кезінде көбірек алғыс айтпаппыз» деп әттеген-ай дейміз
– Еліміз бен жеріміздің амандығы үшін Аллаға күніге алғыс айтамын. Екіншіден, жер бетіндегі күллі адамзатқа деген алғысым шексіз. Осы мереке жаймашуақ көктемнен бастау алғандықтан, аналараға бас иемін.
Кезінде белгілі жазушы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері Әдіһан Шілдерханов «Шаншар» театрын ашуымызға ұйытқы болған еді. Біздің өнерімізге баға беріп, бағыт-бағдар берген – сол кісі. Шіркін, көзі тірі болғанда аптасына бір рет барып, арқасына шапан жауып жүрсек, артық болмайтын еді. «Кезінде көбірек алғыс айтпаппыз» деп Жүсіп екеуміз әттеген-айға саламыз. Тірінің қолынан келері сол болғандықтан, бүгінгі таңда Құран бағыштап отырамыз.
Диана ШАРАПОВА, әнші:
Көрермендеріме алғыс
– Мен әуелі өзіме әрдайым қолдау көрсететін көрермендерім мен тыңдармандарыма алғыс айтамын. Ал ата-анамызға әр күні алғыс білдіруге тиіспіз деп ойлаймын. Оқып-білім алу жолында білгенін үйретіп, осындай дәрежеге жетуіме ұйытқы болған ұстаздарыма да әрдайым амандық тілеймін.
Содан кейін «дені сау ұрпақ – болашақ кепілі» деген қағида бойынша адал қызмет атқарып жүрген балаларымның дәрігері Марина Фаридовнаға іштей тілекші екенімді білдіргім келеді. Халықтың салауатты өмір сүруі ақ халатты абзал жандардың қолында екеніне ешкім шүбә келтірмес. Сондықтан Маринаға еңбекте жеміс, отбасында амандық тілеймін!
Қарақат ӘБДІЛДИНА, әнші:
Өнер сахнасына қанаттандырған мұғаліміме алғыс білдірем
– NEGE-нің берген мүмкіндігін пайдалана отырып, ауылда мектеп қабырғасында жүргенде кішкентай Қарақаттың бойындағы өнерді танып, түрлі байқауларға қатыстырып, өнер сахнасына қанаттандырған Гүлнәзия мұғаліміме алғыс білдіргім келеді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын сол ұстазым таланымды шыңдағанына шексіз алғыс айтамын.
Сол кездері Жезқазған облысы, Жаңарқа ауданындағы Мәдениет бөлімін басқарған бір апамыз бар еді. Аты-жөнін ұмытып отырмын. Бар-жоғы 11 жасымда сол кісі Алматы қаласындағы №2-қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп ұйымдастырған байқауға қатыстырды. Жақын туысым болмаса да мені шалғайдағы жайлауға іздеп келіп, ата-анамның алдынан өтіп, байрақты бәсекеде бағымды сынатқан сол кісіге дән ризамын. Облыс атынан алты бала қатысып, арасынан мен ғана өткен едім.
Осылайша мен арман қалада тегін оқып-білім алуға мүмкіндік алдым. Бірақ әкем қыз бала болған соң алаңдаушылық танытып, «бармайсың» деп көңілімді су сепкендей бастып тастады. Оқу басталуға он күн қалғанда қаладан Қызмет атты үлкен ағам келе қалып, әкемнің тілін тауып көндіріп, мектеп-интернатының тәрбиешілеріне өз қолымен апарып табыстаған. Содан бастап менің өмірім күрт өзгерді.
Сөйтіп, әлгі білім қабырғасында түрлі байқауларға қатысып жүргенімде Күләш Байсейітова атындағы музыка колледжінің оқытушылары талантты балаларды іріктеп алуға келе қалды. Оқу орынын қазақыландыру үшін ұлттық аспапта ойнайтын жастарға іздеу салып жүр екен. Содан халық аспаптар бөлімін басқарған Қайырбек Нұрышұлы ағамыз Тоқтар Серіков пен мені бірден өздеріне оқуға қабылдайтынын айтты. Мен осылайша жетінші сыныптан бастап, тарихы тереңде жатқан қарашаңырақтың шәкірті болып шыға келдім.
Ол жерде қазақ бөлімінде Мейрамбек Бесбаев әріптесім бастаған төрт-ақ бала оқыдық. Осылайша біздің талантымызды танып, әкеміздей болған ұстазадырымызға тәніміз қара жерге тигенше алғыс айтып өтемін. Егер ол кісілер дер кезінде бізді бағыттамағанда қазір ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы немесе клубта ән айтатын апайлардың бірі болып жүрер ме едім...