Қыжыртпа. Біз – бүргеміз!
Бұ қазақтың бәрі қазір лепірме ұранның жетегінде жүр. Бірінің аузынан бірі қағып алып, «Біз біргеміз!», «Біз біргеміз!» дейді жарыса. Мейлі ғой, бір болыңдар! Бірге жүріп, бірге тұрыңдар! Бірақ өттерің жарылып кетсе де айтайын, сендердің бірге болғандарыңнан бізге келіп-кетер дәнеңе жоқ. Өйткені... Біз – бүргеміз!
Бір таңғалатыным, қазақтар біз туралы Уикипедияда тәп-тәуір анықтама береді де, өздері соған ешқашан назар аудармайды. Қараңыз: «Бүрге – буынаяқтылар типіне жататын, масылдық тіршілік ететін ұсақ жәндіктер отряды».
Бүрге
Негізі дұрыс. Дәм, иіс сезу мүшелеріміз «буынаяқтылар» деп аталатын түп атамыздан жалғасып келе жатыр. Қай жерде дәмді дүние бар, айшылық жерден сеземіз. Әрі ешкімді ортақтастырмай, жеке-дара жайлаймыз. Әкемізден қалған мұрадай емін-еркін иемденеміз. Сондықтан масыл болуымыз бек мүмкін. Бірақ отрядымыз мықты. Себебі командиріміз ғұлама. Бұған қазақтардың ешқандай күмәні болмауы керек.
Сосын дәмді жерге өте шапшаң, тіпті көз ілеспес жылдамдықпен жетеміз. Бұл туралы қазақтар былай депті: «Бас-көкірек бөлімінде 3 жұп аяқтары бар, артқы жұп аяғы секіруге бейімделген». Демек қазекең біздің қалай секіретінімізді әлдеқашан мойындап қойған. Бүрге қауымының өкілдері бір ытқыса, майлы жерге былш ете түседі. Оның иісі бұрқыраған жылы орны – келесі бүргенің меншігі. Секіруге келгенде, шегірткеңнің өзі бүрге жұртының қолына су құюға жарамайды. Соны біле тұра, жабыла «шегіртке» қуған аңғал қазақтың қылығы бүргелерді күлкіге булықтырмағанда, қайтеді енді?!
Дегенмен қазақтар да бәле, өзге жұрт аңғармаған бір қасиетімізді тап басып танып қойыпты: «Бүргенің түсі сары-аладан қоңыр-қызғылт түстерге құбылып тұрады».
Рас қой. Құбылмасаң, масылдығыңды қалай жасырасың?! Әйтсе де, қазақтардың жете бойлай алмаған бір жері бар. Ашығын айтқанда, біз халықтың өзі ұнатқан түстеріне қарай құбылып тұрамыз. Қай кезеңдерде сары немесе қызғылт түске ауысқанымызды отыра қалып ойланса, кез-келген қазақ оп-оңай тауып ала қояр еді. Бірақ қазақ өйтпейді. Өйтпегені бізге жақсы, ғұмырымыз ұзақ болады.
Бұ қазақ соңыңа түссе, зерттеу жағын қатырады енді: «Басында екі көзі, соруға бейімделген аузы болады. Ауыз аппараты кесіп – тесіп – соруға бейімделген».
Сонша еңбектеніп, кесіп-тескеннен кейін, құныға сормағанда, айдалаға ағызып жібермейсің ғой. Керек болса, өздеріне тестіріп алып та, сора береміз. Соны да сөз деп анықтамаға кіргізген бұл қазаққа күлмеу мүмкін бе?
Күлкінің көкесі әлі алда. Ең қызық жері мынау: «Тыныс алу жүйесі – өкпе, мен кеңірдектен тұрады. Ас қорыту жүйесі ауыз қуысынан басталып, анал саңылауымен аяқталады».
Күлкілі ме? Әрине, күлкілі. Қысқасы, қазақ зерттемеген мүшеміз қалмапты біздің. Қалай құбылатынымызды, қалай тесіп, қалай соратынымызды бес саусақтай біліп алған. Індете қуып, қуыс-қуысымызды түгел зерттеп тастаған.
Сосын қазақ қайтеді? Қайтушы еді, бізге қарсы күрес ашады. Ал енді күресінің түрін қараңыз: «Бүргені құрту үшін инсектицидтер қолданады және тұрғын үй, қора-жай таза ұсталуы тиіс».
Күлу-күлмеу еркіңізде, бірақ қазақтың бізбен күресі әлі қора-қопсының маңында жүргені бір мырс еткізбей қоймайды. Шындығы сол ғой, олар өздерінің күресінде қалғанын білмей, бізді күресіннен іздеп жүр.
Сонда нағыз күрес қалай жүруі керек еді? Еее, бұл жағы құпия. Мұны бүрге еместердің өздері ойлануы керек. Ал біз... Бүргеміз ғой!