1 Сәуір 12:39
...

«Қылмыстық іс аяқсыз қалуы мүмкін». Қар барысының терісі қайда?

Фото:

Спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьяновтың жұмыс кабинетіндегі аса сирек кездесетін қар барысының терісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына Алмалы аудандық полиция басқармасы төмендегідей жауап беріпті:

«Алмалы аудандық полиция басқармасы аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 339-бабында көзделген «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалануға» қатысты қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша соталды тергеп-тексеруді бастағанын хабарлаймыз.

Алайда ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді», – деді ведомство өкілдері.

Nege.kz порталы бұл мәселеге қатысты сериалы материалдар жариялап, ІІМ-ге, Бас прокуратураға, Білім және ғылым министрлігіне және Қ.Закирьяновтың өзіне ресми сауал жолдаған.

ІІМ мен бас прокуратура ләм-мим деп жауап қатқан жоқ. «Құқығымызды қорғайды, заңдылықты қадағалайды» деген органдардың өзі заңға пысқырып та қарамайтынына, жауапты өздеріне қолайлы рәуіште, «көңіл-қошы ауғандарға» ғана таңдап-талғап беретініне көзіміз жетті.

Білім және ғылым министрлігінен «мипаз һәм жуас» жауап алдық, Туризм және спорт академиясы проректорының да жауабы осындай болды.

Жағдайдан хабардар тұрақты оқырманымыздың айтуынша, «терінің иесі» бұл істі ың-шыңсыз шешуге тырысып жатқан көрінеді.

«Сыйлыққа алдым десе, кімнен алғанын және қар барысының қай жерден ауланғанын айтуына тура келеді.

«Шетелдік достарым сыйлады» дей алмайды, өйткені қар барысы мекендейтін елдердің бәрінде бұл жыртқышты аулауға тыйым салынған. Бұдан бөлек, шекарадан заңсыз алып өту мәселесі тағы бар.

Фото: instagram.com/zhankoshturarov

«Барыс емес, сілеусін еді» дейін десе, тағы қисыны келмейді. Фото жарияланып кетті, көзі қарақты жұрт фотодағы аң терісі сілеусіндікі емес, барыстікі екенін көрді.

Ақталудың бір жолы ғана қалып тұр. Ол – «тері шынайы емес, қолдан жасалған жай ғана кілемше болатын» деу. Бұл енді сараптаманың қорытындысына байланысты нәрсе.

Істің бағыт-бағдарына қарағанда, тергеуді осыған «иландыратын» сияқты», – дейді тұрақты оқырманымыз.

ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабында бұл қылмыс үшін 3 мың АЕК-ке (8 751 000 теңгеге дейін) дейінгі айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не 5 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Академик-аңшының қолына сыпыртқы алып, көше сыпырып жүргенін көз алдымызға елестете алмаймыз. Ол бостандығы шектеліп, шетелге аңға шығу рақатынын айырылуды да қаламаса керек. Мұндай жағдайда заңды тіркелген аңшылық қарулары да тәркіленуі тиіс.

30 мың долларлық арыстан. Фото: instagram.com/zhankoshturarov

Ал енді академияның ақшасына шетелден аң аулап қызықтағанды тәуір көретін академик-аңшы үшін 8 751 000 теңге айыппұл деген не, тәйірі?!

Бұл дегеніңіз, африкалық бір арыстанды аулаудың құнына да жетпейді. Ақылы түрде оқитын студенттер легі толастамаса, іс ың-шыңсыз жабылса, академик талай арыстан атады әлі...   

Тегтер: