Лёха Маймыш қалай көтерілді?
Жақында 66 жастағы Маймушевтың денесі түрме бөлмелерінің бірінен табылды. Атақты рэкит пен Дикий Арманның бір-біріне қандай қатысы болған?
Айтқали Маймышев — қылмыс әлемінде беделді ұры, яғни "вор в законе" болған. Лақап аттары: «Леха Маймыш», «Леха Семипалатенский».
Бұл адам Ресейдің Карелия аймағындағы колонияда тоғыз жылдық түрме мерзімін өтеп жүргенде қайтыс болды. Сотталу себебі: қылмыстық иерархияда жоғары орын алғаны мен есірткі айналымына қатысы бар екені үшін берілген. Колония әкімшілігі әлі оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ, бірақ кейбір ақпарат көздері, соның ішінде «Известия» газеті, оның өлімін суицид деп мәлімдеді.
66 жастағы Маймушевтің денесі бөлмеде жалғыз жатқан кезінде табылды. Соңғы уақытта ол денсаулығына байланысты жиі шағымданып жүрген екен. Оның соңғы ісіне қатысты сот психиатриялық сараптама жүргізгенде, Маймышевтің эмоционалды тұрақсыз тұлға екені, ішімдікке салынғаны анықталған. Дегенмен, ол ақыл-есі дұрыс деп танылған.
Өмірбаяны
Айтқали Маймышев 1958 жылы, 10 сәуірде Семей қаласында дүниеге келген. Жетім. Балалық шағы интернатта өтті. Қылмыс әлемінде ол «Леха Семипалатинский» немесе «Айтанур» деген атармен танылған. Мәліметтерге сүйенсек, ең алғаш рет 15 жасында түрмеге қамалып, болар-болмас бұзақылық әрекеті үшін, бір жыл отырып шығады. Кейін, қайтадан заңсыз әрекеттер жасап, қайтадан соттала берген. Ең ұзақ түрмеде өткен мерзімі 20 жыл.
Ал, түрмедегі өмірбаянына көз жүгіртсек, бірінші рет бостандыққа шыққан соң, ол 1976 жылы ақпанда қайтадан төрт жылға сотталады. Бұл жолы да бұзақылық үшін қамалған: ол бөтелкемен бір ер адамның басынан ұрып, қасындағы серігі жәбірленушінің қоян терісінен жасалған бас киімін тартып алыпты.Ал, 1980 жылы қыста Маймышев пышақпен біреудің үйлену тойына келген. Біреуден кек алды ма екен, белгісіз, қонақтар тарай бастағанда, біреуді пышақтай салады. Жарақат алушы, есін жимастан сол жерде қайтыс болады. Осы іс-әрекет үшін Маймышев он жылға қатаң режимде бас бостандығынан айырылады. Түрмеде жатқан шағында, мәжбүрлі түрде наркоманиядан емделеді. 1989 жылы ақпанда босап шықты. Шығуы сол-ақ екен, қазан айында Лёха үш жылға бопсалау бабы бойынша қайтадан сотталады.
Түрмеге кіріп-шығып жүргенде, 1997 жылы Мәскеудегі «Север» мейрамханасында Маймышев «вор в законе» ретінде таныстырылып, мадақталады. Осыдан кейін-ақ, қылмыстық әлемнің элитасына кіреді. Бұл жиынға, басқа да қылмыс әлемінің серкелері, атап айтқанда Вахо Сухумский, Кичо, Дуяке, Князь қатысады. Коронациядан кейін Маймышев Петербор, Иваново, Мәскеу облыстарын, сондай-ақ Ресейдің басқа да аймақтарын өз бақылауына алған. 2005 жылдың мамыр айында Маймышев құжаттарды қолдан жасау, есірткі және қару-жарақпен байланысты қылмыстар үшін алты жылға сотталады да, 2011 жылы бостандыққа шығады. Ал, 2016 жылы Алтай өлкесіндегі Белокурихинск соты Маймышевті Ресейдің миграциялық заңнамасын бұзды деп танып, оны елден қуып жіберді.
2022 жылдың қаңтарында Маймышев Ресейде метадон есірткісімен ұсталды. 2023 жылдың шілде айында ол есірткімен байланысты қылмыстар және қылмыстық иерархияда жоғары орын алғаны үшін тағы да тоғыз жылға сотталды. Осы жолы бостандықтың исін иіскеместен, түрме ішінде қаза табады.
Дикий Арманның қандай қатысы бар?
Маймышев өзін «вор в законе» деп атап, өз өмірін «нағыз бродяга» ретінде сүргенін айтқан. Оның денесіндегі татуировкалар оның қылмыстық әлемдегі жоғары мәртебесін көрсетеді екен. Мысалы: ққыздың басы – оның түрмеде кәмелеттік жасқа толғанын білдірсе, олжаға жабысып жатқан бүркіт – қылмыстық әлемнің элитасына тиесілі екенін білдіреді, ал монастырь немесе шіркеу бейнесі – түрмені өзінің үйі деп санайтынын көрсеткен. Сот материалдарында оның негізгі ісі Сібірге есірткі контрабандасымен айналысуы болғандығы туралы жазылған.
2000 жылдардың басынан бастап, Айтқали Маймышев Қазақстаннан шыққан қылмыстық топтардың көшбасшысы болған. Топтар негізінен тонау, бопсалау, есірткі және қару-жарақтың заңсыз айналымымен айналысқан. Түскен ақшаның көп бөлігі Маймышев бақылаған «общакқа» кетіп отырған. Леха Маймыш түрмелерде «смотрящийларды» тағайындап, «общак» пен «грев» (сотталғандарға темекі, шай, глюкоза сияқты заттарды жеткізу) үлестірілуін қадағалаған.
Оның серіктестері мен таныстары Дикий Арман болған. Маймышевтің сөзінше, Арман және тағы бір авторитет «Малыш» Қазақстандағы тергеу изоляторларына және түрмелерге «гревті» жинау және жеткізумен айналысқан. Куәгерлер Маймышевтың Арман Дикий мен Малыштың ақша жинап, Лехаға үнемі жіберіп тұрғандығы туралы айтқан. Қылмыстық ортада Маймышевті «Қазақстандағы қылмыстық әлемнің королі» деп бейресми атаған.