«Хиджаб – қысымның белгісі»: Иран қызы әйел құқығы үшін қалай күресіп жүр?
Өмірі батылдық пен бостандық үшін күрестің символына айналған Кимия Маваддат NEGE тілшісіне ирандық әйелдердің өмірі туралы баяндап берді. Ол Иран астанасы Тегеранда дүниеге келген, қарапайым отбасында өскен.
Кимия 2009 жылы небәрі жеті жаста еді. Сол кезде-ақ ол саяси белсенділіктің не екенін және қарапайым адамдардың өміріне қаншалықты әсер ететінін сезгенін айтады. Ирандағы «Жасыл қозғалыс» наразылығы кезіндегі қайғылы оқиғалар жан дүниесін дүр сілкіндірген. Бұл оқиғалар оны саясатқа мәжбүрлеп әкеліп қана қоймай, сонымен бірге елдегі саяси жағдайды бақылауға деген ұмтылысының катализаторы болды.
Саясат және отбасы
Дін ұстанбайтын отбасында өскен қыз үшін Иран билігі шынайы қауіп еді. Отбасы оның ашық ойлары ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін деп қорықты және көбінесе оның белсенділігі көптеген қақтығыстарға себеп болды. Осыған қарамастан, ол үнсіз қала алмады.
«Мен әрқашан өз көзқарасымды білдірудің терең қажеттілігін сезіндім. Әсіресе, елдегі әйелдердің тағдыры алаңдатты. Олар тіпті ең қарапайым құқығынан айырылғанын түсіне бастағаннан кейін үнсіз қала алмадым», – дейді ол. 2020 жылы пандемия кезінде адамдардың көпшілігі үйде болған кезде, әйелдердің құқықтарына және әлеуметтік әділетсіздікке назар аудара отырып, You Tube арнасында видео жазбаларын жариялай бастаған.
Махса Амини және шешуші қадам
2022 жылы Махси Аминидің басынан өткен оқиға ол үшін бетбұрыс болды. Ирандық полиция қызметкері хиджаб кию ережелерін бұзғаны үшін әйелді өлтіргені халықты жаппай наразылықтарға итермеледі, сол кезде Кимия Маваддат та хиджаб киюден бас тарту туралы шешім қабылдаған.
«Махса Аминиді өлтіргеннен кейін мен енді үндемей қалу мүмкін емес екенін түсіндім. Бұл менің «ештеңеден, ешкімнен қорықпаймын, үндемей қалмаймын» деп шешім қабылдауыма себеп болды, – дейді ол. Бұл әрекеттерінен соң тұтқындалуы мүмкін екенін түсінсе де, алған бетінен қайтпады.
Шетелге кету себебі және жаңа өмір
2023 жылдың сәуірінде Кимия Маваддат Тайландқа саяхатқа барған. Еліне қайтуға бір күн қалғанда оған қатысты тергеу басталатынын естиді. Ақыры ол қаншалықты қиын болса да, енді Иранға бармау туралы шешім қабылдайды. Содан бері ол туған еліне барған жоқ, бір жарым жылдан астам уақыттан бері жырақта өмір сүріп жатыр.
«Ираннан басқа жердің барлығы қазір менің үйім, бірақ Иранда қалған отбасым үшін алаңдаймын. Мен өз елімде өзімді қауіпсіз сезінбеймін. Елге барсам, мені тұтқынға алады», – деді ол NEGE тілшісіне.
Кимия Маваддат өз елінде тұрықты түрде қысымға ұшырағанын айтады. Хиджабты күштеп кигізу әйелдердің құқығы қаншалықты шектеулі екенінің дәлелі. Бұдан бөлек, кәмелет жасқа толмаған қыздарды күйеуге беру, оның рұқсатынсыз жұмыс істеп, саяхаттай алмауы тағы бар. Жас иран қызы үшін хиджабтан бас тарту – қарсылық әрекеті, қысымға төзбеудің айқын мысалы.
«6-7 жасымнан бастап мектепке хиджаб киіп баруға мәжбүр болдым. Ирандағы мектептер мен бұқаралық ақпарат құралдары қыздардың миына діни құндылықтарды енгізуге қызмет етеді. Күн сайын мен өзімді үнемі бақылауда жүргендей сезіндім. Хиджаб тек киім емес, бұл қысымның белгісі. Мен еркін жүре алмадым, қалай өмір сүретінімді, не істейтінімді таңдай алмадым», – деп түсіндіреді ол.
Виза және төлқұжат мәселелері
Ол Ираннан кеткеннен кейін де оның өмірі жеңілдеген жоқ. Басты қиындықтардың бірі Иран азаматтарына қойылған визалық шектеулер болды. Басқа елдерге студенттік виза алу мүмкін болмады. Сонымен қатар, оның төлқұжатындағы хиджаб киіп түскен фотосы үнемі күдік тудыратын.
«Шетелде жүрсем де, қиындықтарға жиі тап боламын, өйткені төлқұжатымда енді кимейтін хиджаб киіп түскен суретім тұр», – дейді ол өзінің жаңа өмірі мен өткені арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысып.
Бостандық үшін күрес
22 жасар Кимия Маваддат жолында кездескен кедергілерге қарамастан, Ираннан кетіп қалғанына риза. Ол өзінің мәртебесі мен иммиграциялық саясатына байланысты жаңа мәселелер туындауы мүмкін екенін түсінеді, бірақ ол күресуге дайын. Қазір 250 000-ға жуық оқырманы бар Instagram парақшасында әйелдердің құқықтары мәселесін жиі көтеріп, олардың таңдау мүмкіндігі бар екенін дәлелдеуге тырысып жүр.
«Иранға қайтып оралуым керек болса, оған да дайынмын. Қандай қиындық көрсем де, енді үнсіз қала алмаймын», – дейді ол. Қайраткер қыз әйелдер құқығы мен бостандығы үшін күресінен нәтиже шығатынына бек сенімді.
Автор: Зере НАРБЕКОВА