19 Наурыз 16:07
...

Киберқылмыс: Интернеттегі алаяқтарға алданбаудың жолы қандай?

Киберқылмыс
Фото: pixabay.com

Интернет алаяқтық – киберқылмысқа жатады. Алаяқтар интернетті пайдалану арқылы құпия ақпаратқа қол жеткізіп, шоттағы қаражатыңызды ұрлайды. Интернет алаяқтықтың түрлері күн санап артып барады. Онлайн алаяқтар миллиондаған адамды алдау үшін күн сайын түрлі айла ойластырып, жоспар құруда.

«Сіз ұтысқа ие болдыңыз»... Осылай басталатын хабарлама мен қоңыраудың артында алаяқтық жатыр. Бұл тәсіл алаяқтықтың ең көп тараған түрі. Киберқылмыскерлер бірнеше адамға осындай хабарлама жіберіп, адамдардың алдануын тосып отырады. Өкінішке қарай, бұл өтірікке сеніп, алаяқтың арбауына түсіп қалатындар да жоқ емес.

Оған айқын мысал, күні кеше ғана Астанада осындай алаяқтықпен айналысып келген 24 жастағы қыз ұсталған болатын. Полицияның мәліметінше, ол «ұтыс ойынынан 1 миллион теңге ұтып алдыңыз» деп, тұрғындарға хабарласып шыққан. Осы әрекетін жүзеге асыру үшін әлеуметтік желіде арнайы аккаунт та ашып алған. Ұтысты алу үшін белгілі бір соманы төлеу керек деп жәбірленушілерді сендірген. Алаяқтың құрығына ілінгендер 15-18 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жіберген. Осылайша 24 жастағы бойжеткен отыз адамды алдап үлгерген. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып жатыр. 

Жоғарыда келтірілген мысал киберқылмыстың анықталған бір жағдайы ғана. Мысалдарды тізе берсек, алаяқтықпен айналысуды кәсіп қылып алғандар жетіп артылады.

Интернет алаяқтар туралы фактілер:

1. Алаяқтар өте шыдамды келеді және стратегия құрып, құрығына түсіру үшін қолайлы уақытты іздейді.

2. Әдетте егде жастағылар алаяқтардың құрығына оңай түседі.

3. Интернеттегі алаяқтар жалған «дәлелдерді» пайдаланып, сіздің іші-бауырыңызға кіріп, барынша сендіруге тырысады.

Жеке мәліметтерін қорғайтын, жалпы онлайн алаяқтық туралы білетін және электрондық пошта мен мәтіндік хабарламалардағы ескерту белгілерін мұқият іздейтін тұтынушылар алаяқтардан өзін оңай қорғай алады.

Киберқылмыс
Фото: pixabay.com

Интернет алаяқтарға алданбаудың 4 жолын білген абзал:

1. Алаяқтар өздерінің жұмыс істеу схемасын жиі өзгертіп отырады. Сол себепті алаяқтықтың жаңа түрлерінен барынша хабардар болу қажет.

2. Белгісіз қоңыраулар мен қажетсіз мәтіндік хабарламаларды бұғаттап тастаңыз.

3. Белгісіз сілтемелерге өтпеңіз немесе күдікті тіркемелерді ашпаңыз.

4. Компаниядан немесе мекемеден, банктен хабарласып жатқаны туралы айтылса, ақпартты бірден тексеріңіз. Артық сұрақтарына жауап бермей, тұтқаны қоя салыңыз.

Алаяққа сіз туралы қандай ақпарат қажет?

Алаяқтар үшін сіз туралы бір-екі мәліметтің өзі жеткілікті болуы мүмкін. Мысалы:

Әлеуметтік сақтандыру нөмірі;

Туған күні мен туған жері;

Жеке есепшот;

Банктің PIN кодтары;

Несиелік/дебеттік картаның жарамдылық мерзімі және қауіпсіздік кодтары;

Тұрғылықты мекенжай және электрондық пошта мекенжайы;

Жүргізуші куәлігі немесе төлқұжат нөмірі;

Телефон нөмірі;

Толық аты-жөні;

Жұмыс орны туралы ақпарат.

Интернет алаяқтар үшін мәтіндік хабарламалар айрықша рөлге ие. Мәтіндік хабарлама олар үшін ең басты тетік болып саналады. Әдетте, кәсіпорындар маркетингтік мақсаттар, оқиғаларды тіркеу және құпия сөзді қалпына келтіру үшін мәтіндік хабарламаларды пайдаланады. Бұл пәрмендер аутентификациямен қорғалса да алаяқтар оны да бұзудың оңай жолын тауып алған. Банк шотын, электрондық поштаны тексеру немесе жұмысқа өтініш беру болсын, тұтынушылар әрбір хабарламаға мұқият жауап беруі қажет. Мәтіндік хабарламалардағы сілтемелерді басу кезінде де сақ болған жөн.

Сіз алаяқтар жіберген мәтіндік хабарламаға жауап бергенде, қылмыскер телефон нөмірінің белсенді және жұмыс істеп тұрғанын біліп алады. Содан кейін байланыс нөмірі туралы ақпарат спам жіберушілерге сатылуы мүмкін.

Киберқылмыс
Фото: pixabay.com

Алаяқтар мәтіндік хабарлама арқылы жеке ақпаратты ұрлай ала ма?

Алаяқтар мәтіндік хабарлама арқылы жеке деректерге қол жеткізе алады. Егер Сіз алаяқтар жіберген жалған құпия сөзді қалпына келтіру сілтемесін бассаңыз, мәтіндік хабарлама арқылы жеке ақпараттарыңызды алуға рұқсат берген боласыз. 

Интернет алаяқтықтың тағы бір кең тараған түрі – әлеуметтік желідегі аккаунтқа хакерлік шабуыл жасап, жеке парақшаны бұзу. Алаяқтар сол арқылы сіздің атыңыздан жақындарыңыз бен туыстарыңызға жазып, қарызға ақша бере тұруын сұрайды.

Алаяқтықтың бұл түрі жақсы жұмыс істейді. Өйткені ол қарапайым, әрі хакерлер үшін арзанға түседі. Мұндай алаяқтыққа кез келген адам сеніп қалуы мүмкін. Өйткені жақыны көмек сұрап жатқанда бей-жай қарай салатын адам аз. Егер сіз танысыңыздан осындай хабарлама алсаңыз және оның жазбасынан күмәнді әрекет байқасаңыз, дереу анық-қанығына көз жеткізіңіз. Ол үшін танысыңыз екеуңізге ғана мәлім жағдайларды сұраңыз. Егер ол сіздің сұрағыңызға жауап бере алмаса, ондай хабарламаға мән бермеңіз.

Алаяқтықтың тағы бір өте танымал түрі – қайырымдылыққа қаражат жинау. Сіз әлеуметтік желіден бір науқастың көмек қолын созуды сұраған видеосын немесе жазбасын көріп қалуыңыз мүмкін. Әлбетте, ең алдымен кез келген адам жаны ашып, ақша аударып жіберіп жатады. Олардың басты мақсаты да адамдардың аяушылық сезімін ояту. Қайырымдылыққа ақша жібермес бұрын барлық ақпаратты тексеріңіз: ауруханаға қоңырау шалып, олардан мұндай науқас бар-жоғын біліңіз. Өйткені, науқас адамның еміне қаражат жинау туралы он жарнаманың төртеуі жалған болуы мүмкін.

Интернеттің біздің өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Оны бұғаттау немесе оған мүлдем тыйым салу мүмкін емес. Интернет дамыған сайын хакерлер жеке ақпаратқа қол жеткізу жолдарын үнемі жетілдіріп отырады. Сол себепті интернет алаяқтардың арбауына түспеу үшін қарапайым ережелерді қатаң сақтаңыз. Танымайтын адамдарға ақша аудармаңыз. Әлеуметтік желілерде отырғанда абай болыңыз. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер біздің әлеуметтік өмірімізде үлкен рөл атқарады.

Әлеуметтік желіде барлық әрекеттеріңізді, өзіңіз жайлы толық ақпаратты жарияламаңыз. Сондай-ақ құпиялылық параметрлеріне назар аударыңыз. Көбінесе алаяқтар әлеуметтік желілерден алынған ақпаратты өзіңізге қарсы пайдаланады.

Оңай ақша табу жолын іздемеңіз. Интернетте отырып алып, жылдам ақша табудың оңай тәсілі жоқ. Алаяқтар ғана бір аптаның ішінде ешқандай күш жұмсамай-ақ байып кетудің жолын ұсынады.