Кеміргіштен келген қауіп: БСГҚ-ның алдын алу мүмкін бе?
Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы (әрі қарай – ДДҰ) зерттеуінше, егеуқұйрықтар жер бетінде адамнан бұрын пайда болса да, адам баласымен бірге, оның айналасында тіршілік етуге бейім.
Сүтқоректілер ішіндегі кеміргіштер отрядының осы бір күй талғамайтын қасиеті олардың Жер шарында кең тарауына мүмкіндік берген, мысалы, Қиыр Солтүстікте (леммингілер), сусыз құмды аймақта (саршұнақтар, құмтышқандары), суда (ондатралар), таулы өлкеде (суырлар), орманда (ақ тиіндер), жер астында (көртышқандар) тіршілік етеді. Адам мекен ететін ортада, мал қорада, азық-түлік пен жем-шөп, көкөніс қоймаларында, тамақ, ет, балық өнеркәсібі нысандарында да мекендейтін кеміргіштер адам денсаулығына, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына да зиян келтіреді. Санитарлық тұрғыдан үлкен қауіп төндіреді. Олардан адамға бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба (әрі қарай – БСГҚ) ауруы жұғады.
Бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба қандай ауру, қалай жұғады?
БСГҚ қоздырғыштары – рибонуклейн қышқылы бар (РНҚ) Bunyaviridae тұқымдасына жататын Hantaan вирусы, Puumala вирусы. БСГҚ – табиғи-ошақты зоонозды инфекция, оның табиғи резервуары – тышқан тәрізді кеміргіштер.
Еліміздегі Зоология институты арахнология мен басқа омыртқасыздар зертханасының меңгерушісі, PhD Айдын Есжановтың айтуынша, аурудың қоздырғышы жануарлардың зәрі, нәжісі мен сілекейі арқылы бөлінеді.
– Кеміргіштер, негізінен, бір-біріне тыныс алу жолдары арқылы жұқтырады, ал адамдарға ауа-тамшы немесе шаң арқылы жұғады. Сондай-ақ вирус сыртқы ортаға (қураған шөп, сабан және т.б.) орнығып, кеміргіштер сол ластанған қоректі жейтін болса, аурудың жұғу ықтималдығы жоғары. БСГҚ-ның негізгі ошағына өзен бойы, тау бөктері мен таулы аңғарлар жатады. Бұл ауру жылына 400–1000 мм дейін жауын-шашын түсетін, топырағы ылғал жерлерде кездеседі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, БСГҚ резервуары – тышқан тәрізділер (Muridae) мен сұртышқан тұқымдастары (Cricetidae). Қазақстанда олардың 12 түрі кездеседі. Кеңінен тарағаны – Mus, Apodemus, Rattus, Myodes т.б.», – дейді ғалым.
Ауру жұқтырған егеуқұйрық шөп, бидай, ағаш дайындау, балық аулау, жеміс-жидек пен саңырауқұлақ теретін аумақты жайласа, сол маңдағы адамға жұғуы әбден мүмкін. Тіпті кеміргіш тістеп алған жануарға да жақындайтын болса, жұқтыруы ықтимал. Жұқтырып алған жағдайда инкубация кезеңі 7–46 күнге созылады. Ауру жұқтырған адамның дене қызуы 39–40С-қа дейін көтерілпі, денесі қалтырайды, басы ауырып, беті мен терісінің кілегей қабығы қызарады. 3–4 күннен соң дене қызуы төмендегенімен, бел, іш құрылысы ауырып, бөртпе пайда болады, бүйректің зақымдалу (зәр мөлшері азаяды) белгісі байқалады. Аурудың алғашқы белгісін байқаған кезден-ақ уақыт өткізбей, дәрігерге қаралу керек.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жыл басынан бері елімізде БСГҚ тіркелмегенін мәлімдеді. Ол алғаш рет елімізде 2000 жылы Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Әдетте күз-қыс мезгілінде Бөрлі, Бәйтерек, Шыңғырлау, Теректі аудандары мен Орал қаласында көбірек байқалады екен. Соңғы рет 2019–2023 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысында алты адамнан осы аурудың белгілері анықталған. БҚО Ресейдің Саратов, Самара және Орынбор облыстарымен шектеседі. Ал Ресейдің бұл облыстары БСГҚ ошағы саналады, мысалы, биылдың өзінде 70 жағдай тіркелген.
Қытайда жылына 50 мыңға жуық адам осы ауруға шалдықса, Ресей БСГҚ инфекциялық ауруларының таралуы жағынан бірінші орында тұр.
ҚР ДС клиникалық хаттамалары – 2018 (Қазақстан) зерттеуіне сүйенсек, БСГҚ жүкті әйелге айтарлықтай қауіп төндіреді. Құрсақтағы баланың өлі тууына себеп болады. Ең қиыны, БСГҚ-ға қарсы профилактикалық екпе жоқ. Сондықтан әр адам жұқпалы аурудың алдын алып, жеке бас гигиенасын сақтауға дағдылануы қажет.
Кеміргіштерді жою мүмкін бе?
Ветеринария ғылымының кандидаты, 1961 жылы тышқантектес кеміргіштердің көзін жою туралы еңбек жазған Григорий Зелененконың («Жаршы» журналы. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі: ғылыми-теориялық және практикалық журналы, №12, 2003 жыл) есебі бойынша, 1 егеуқұйрық жылына 22 келі астық, 37 келі май мен қант өнімін ысырап етеді, ал 1 жұп егеуқұйрықтың ұрпағы жылына 17 тонна астықты қорек етеді.
ДДҰ дерегінде 20 млн кеміргішті жою арқылы 900 000 адамды астықпен қамтамасыз етуге болатынын айтылған («Жаршы» журналы. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі: ғылыми-теориялық және практикалық журналы, №4, 2006 жыл). Сондықтан адам денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін кеміргіштерді жойып, реттеп отыру маңызды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ғылым департаментіне қарасты «Жаршы» ғылыми-теориялық және практикалық журналының 2006 жылғы №2 нөмірінде жарық көрген «Кеміргіштер келтіретін залал» атты мақала назарымызды аударды. Мақала авторы – сол кездегі мал шаруашылығы және малдәрігерлігі ғылыми-өндірістік орталығының ғылыми қызметкері Қ.Әбілдаев кеміргіштерге қарсы қолданылып жатқан улы заттар, дератизациялық шаралар нәтижесі ойдан шықпай жүргенін жазыпты.
«Себебі роденцидтердің улылық қасиеті төмен, олармен улаған жемтіктерді кеміргіштер дұрыс жемейді және жүре-бара оларға дағдыланып та кетеді», – дей келе, бұл мәселені нейролептиктер мен транквилизаторлар арқылы шешуге болатынын алға тартады. Өйткені бұл тәсіл кеміргіштердің орталық жүйке жүйесінің қызметін тежеп, ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетеді және берілген роденцидтердің улағыш әсерін арттырады. Сонымен қатар нейролептиктер мен транквилизаторлар кеміргіштер миының қызметін тежеу арқылы олардың есте сақтау қабілетін төмендетіп, уға дағдыланып кетуіне жол бермейді. Бұл жағдай ғылыми түрде негізделіп, тәжірибе жүзінде дәлелденген.
Бұл әдіс зиянды кеміргіштердің көзін жоюға бағытталған, әрі Қазақстанның Атырау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстарында, Ресейдің Новосібір облысында өткізілген өндірістік сынақ нәтижесінде осы композицияның роденцидтік әсерінің тиімділігі 100 пайызға жуық екені анықталған («Жаршы» журналы. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі: ғылыми-теориялық және практикалық журналы, №12, 2003 жыл) және әлі күнге қолданылып келеді.
БСГҚ-ға қарсы вакцина жасала ма?
Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығы: ғылым және ағарту зерттеуіне сүйенсек, қардың қалыңдығы желтоқсан айында 5 см-ден, ал наурыз айында 30 см-ден аспаса және мамыр айында ауа температурасы +9 °C-ден +12°C арасында болса, далалық қызыл тышқандардың хантавирус жұқтыруы 11%-ға артады екен. Осы орайда жаһандық жылынуды ескерсек, алда өзекті мәселе күтіп тұр деуге негіз бар.
Эпизоотолог-ғалым Айдын Есжанов биыл болған су тасқынының салдары кеміргіштер популяциясына ұзақ жыл бойы әсер ететінін және мұндай өзгерістер эпидемиологиялық қауіп тудыратынын айтады.
– БСГҚ 4 кезең арқылы өтеді: қызбалы кезең, олигуриялық кезең, полиуриялық кезең және сауығу кезеңі. Дегенмен бұл инфекцияны елемеуге болмайды. Себебі Қытайда жыл сайын шамамен 50 мың адам БСГҚ ауруына шалдығады, бұл әлемдегі жалпы аурулардың 90%-ы. Сол сияқты көршілес Ресейдің 89 әкімшілік аймағының 71-інде БСГҚ оқиғасы тіркелген, – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, БСГҚ тараған кезінде өлім-жітім 10%-ға артады. Ал жұқпалы ауруға шалдыққан науқас дер кезінде антибиотикпен емделмесе, өлім-жітім деңгейі 95–100%-ға дейін жетуі мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басшысы Зәуреш Бапанқызы қазірде БСГҚ-ға қарсы тиімді вакцина жоқ екенін, алайда рекомбинант вакцина жасау үшін зерттеу жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Қазірде БСГҚ-ға қарсы вакцина жоқ, тек кейбір Азия елдерінде (мысалы, Қытай мен Кореяда) шектеулі вирус штамдарынан қорғайтын вакцина бар. Дегенмен әмбебап әрі тиімді вакцинаны жасау үшін зерттеулер жасалды. Нақтырақ айтқанда, қазір БСГҚ-ға қарсы рекомбинант вакцинаны әзірлеу мен сынау процесі жүріп жатыр. Яғни вирус ақуыздарын (мысалы, капсид немесе гликопротеиндер ақуызы) қолданатын рекомбинант ақуыз вакциналары бойынша зерттеулер жалғасуда. Олар иммундық реакцияны туғызу үшін пайдаланылады. Мұндай вакцинаны әзірлеуде хантавирустардың бірнеше штамынан қорғану көзделеді. Қазіргі уақытта БСГҚ-ға қарсы вакцинаның көпшілігі жануарларға, мысалы, тышқандар мен маймылдарға (приматтарға) егіліп, сыналған», – дейді З.Бапанқызы.
БСГҚ коронавирусқа ұқсай ма?
«Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының» жұқпалы аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Заңғар Тұрлиев БСГҚ-ға қарсы вакцина болмағандықтан, алдын алу үшін тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтіп, қолайсыз аймақтарда дератизацияны тұрақты жүргізу қажет дейді.
– №114 бұйрыққа сәйкес, БСГҚ ауруына шалдыққан немесе күдік тудырған науқасты анықтау, ауруханаға жатқызу міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Аурудың нақты диагнозын қойып, емдеуді бастау үшін науқастан немесе күдікті тұлғадан зертханалық зерттеулерге қажет материалдар (таза қан, плазма, ұйыған қан, қан сарысуы) алынады. Бұлар зертханаға жіберіліп, БСГҚ диагнозын растау немесе теріске шығару мақсатында талдау жүргізіледі», – дейді.
БСГҚ ауруын жұқтырғандар өзін коронавируспен ауырып жатырмын деп ойлауы мүмкін. Себебі бұл екі аурудың алғашқы белгілері бір-біріне ұқсас. Мұны БСГҚ жұқтырған Арайлым Маңғыт растады.
– Алдымен дене қызуым көтерілді (38–39 градус), бойымнан әл кетіп, басым айналды. Бұл симптомдар тұмауға да, COVID-19-ға да тән болғандықтан, қатты алаңдамадым. Алайда кейін денсаулығым нашарлай бастады: тамағым құрғап, шөл қысты. Басыма қоса, көзім де ауыра бастады. Бүкіл денемді әлсіздік билеп, ештеңеге зауқым соқпады. COVID-19 жұқтырған болармын деп ойладым, өйткені дәм мен иіс сезу қабілетім де төмендеген еді. Кейін денеме бөртпелер шықты, көзімде конъюнктивит байқалды. Ішіп ауырып, жүрек айныды да, құстым.Зәрдің түсі қоюланып, кіші дәретім азайды. Бүйрегімді ауырлық басып тұрғандай сезіндім, – дейді.
И.Жекенова атындағы Алматы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің мейірбике ісі жөніндегі орынбасары Арзыгүл Шарипова түрлі зертханалық диагностика әдістері инфекциялық ауруларды ерте кезеңде анықтауда маңызды рөл атқаратынын айтады. Бұл аурудан кейінгі қалпына келу кезеңінде науқастың тамақтану режиміне ерекше назар аударылуы керек. Сондықтан диетологтер емделушілерге ет тағамдарынан бас тартуды ұсынады, себебі бұл өнімдер бауыр мен бүйрекке қосымша салмақ түсіруі мүмкін.
«Сұйықты (су, табиғи шөп шайлары т.б.) молынан ішкен жөн. Сонда ағзадан токсиндер шығарылады. Науқас дерттің клиникалық белгілері толық жойылып, қан мен зәр көрсеткіші қалпына келгеннен кейін ғана ауруханадан шығарылады. Ауруханадан шыққаннан кейін де 1 жыл бойы диспансерлік бақылауда болады. Бұл кезеңде олардың жағдайы тұрақты тексеріліп, аурудың қайталануы немесе созылмалы түрге ауысу қаупі бақыланады», – дейді маман.
Экожүйедегі тепе-теңдік сақталса...
Кеміргіштер арқылы таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу әлемнің дамыған елдерінде жолға қойылған. Мысалы, АҚШ-тағы Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) кеміргіштерден тарайтын аурулардың алдын алу үшін бірнеше маңызды стратегияны қолданады. Соның ішінде, арнайы пестицидтер мен тұзақ арқылы кеміргіштерді жою әдісі олардың көбеюіне жол бермей, мекендейтін орнын анықтауға бағытталған. Оған қоса, кеміргіштердің үй ішінде немесе қоймаларда тіршілік етуіне жол бермеу үшін арнайы улы заттар қолданылады. Кеміргіштерді қолмен ұстауға тура келген жағдайда жеке қорғаныс құралдарын қолдану керек. Олардың зәрі, сілекейі мен қалдықтарынан туындайтын қауіптен сақтану үшін осылай істеудің маңызы зор. Кеміргіштердің інін немесе олардан қалған қалдықтарды арнайы дезинфекциялық құралдармен өңдейді. Сондай-ақ кеміргіштердің көбеюін бақылау мақсатында жүйелі мониторинг жүргізіліп, тұрғындар арасында кеміргіштерден таралатын аурулар туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіледі.
Германия мен Франция секілді елдерде кеміргіштер арқылы таралатын аурулардың алдын алу үшін арнайы санитарлық ережелер мен нормалар бекітілген. Пестицидтер мен инсектицидтерді қолдану арқылы кеміргіштерге қарсы улағыш заттар қолданылады. Бұл химиялық заттар кеміргіштерге тез әсер етіп, олардың көбеюін тежейді әрі қоршаған ортаға зиян тигізбейді. Бұған қоса, зерттеушілер кеміргіштер арқылы таралатын аурулардың алдын алу үшін заманауи технологияларды қолданып, жаңа әдістер мен модельдер жасап шығарды. Мысалы, спутниктік деректер арқылы кеміргіштер популяциясының динамикасын бақылау және аурудың таралуын болжау тәсілдері жетілдіріледі. Сонымен қатар жыртқыш құстар мен сүтқоректілердің санын көбейту арқылы кеміргіштер популяциясын табиғи жолмен реттеу бағдарламасы іске асып жатыр. Бұл экожүйедегі тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Зоология институтының Териология зертханасының ғылыми қызметкері, PhD Назерке Әлімқызы экожүйенің тепе-теңдігін сақтай отырып, кеміргіштердің ауру таратуын кемітуді ұсынады.
– Табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану, аймақтарды тұрақты дамыту, қажетті биотоптар мен түрлерді қорғау арқылы экожүйенің тепе-теңдігін сақтап, кеміргіштердің ауру таратуын азайтпақ керек. АҚШ-тағы Йеллоустоун ұлттық бағындағы қасқырлар арқылы бұғы санын қадағалау нәтижесінде орман экожүйесі қалпына келе бастады. Бұл шетелдік тәжірибе жыртқыштардың табиғат және адам үшін қаншалықты маңызды әрі пайдалы екен көрсетеді. Ал жануар мен өсімдік саны алуан экожүйенің тұрақты болатыны және әртүрлі теріс факторларға қарсы тұратыны дәлелденген. Осыған орай, аумақтық дамытуды қоршаған ортаның көптеген аспектісін ескере отырып қана жүргізу керек, – дейді ол.
АҚШ қасқыр арқылы бұғы санын реттесе, бұл тәжірибені Қазақстанда кеміргіштер санын реттеуге пайдалануға болар еді. Себебі қасқыр даладағы өлекселер мен әлсіз, ауру аңдармен, кеміргіштермен қоректенеді. Қасқыр осылардың барлығын жойғандықтан, оны «дала санитары» деп атайды. Қасқыр жоқ болса, кеміргіштердің бір түрі – дала тышқандары да көбейеді. Олар ауру таратады, егістіктерге залалын тигізеді. Егістікке залал тисе, астық аз жиналады да, экономикалық мәселе туындайды.
2022 жылға дейін қасқыр саны реттеуге жататын түрлер тізімінде болған. Бұл жыл бойы қасқырларды бақылаусыз аулауға мүмкіндік берді. Жекелеген өңірлерде қасқырдың саны азайып, кеміргіштерден келетін қауіпті күшейтті. Сондықтан Экология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрығымен қасқыр аң аулау объектісі саналатын бағалы жануарлар түрлерінің тізіміне енгізілді. Бұл құжат аңшылық маусымнан тыс уақытта қасқырды малға шабуылдаған кезде ғана атуға рұқсат береді.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
«Бұл материал Solutions Journalism in Medicine (SJMED) жобасы аясында шешім журналистикасы жанрында дайындалды. Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің, АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) ресми көзқарасын білдірмейді».