2 Сәуір 10:00

«Әкімдіктер үшін апаттың болғаны жақсы секілді» – Су шаруашылығы маманы

Апат
Фото: ғаламтордан

Қазақстанның батыс, солтүстік, орталық және шығыс өңірлері еріген қар суының астында қалды. Қираған үйлер, бұзылған жолдар, қырылған мал, суға батқан көліктер, құтқаруға зәру мыңдаған адамдар... Елге келген шығынның нақты көлемі әлі айтыла жатыр. Шығынның орасан зор екені қазірдің өзінде көрініп тұр. 

Табиғаттың бұл тосын мінезі төтенше жағдай ма? Жоқ әлде, немқұрайлылықтың салдары ма? Биыл қардың әдеттегіден қалың түскені, соңғы жылдары күннің күрт жылынып кеткені ешкімге де құпия емес. Сонда бұған кім жауапты? Апаттың алдың алуға болар ма еді?

Бұл сауалдардың жауабын NEGE тілшісі тиісті маманға қойды. Қазақстан су шаруашылығы ардагері, инженер гидротехник Әбдіәшім Мейірман немқұрайдылық бар екенін жоққа шығармады.

Әбдіәшім Мейірман
Фото: жеке мұрағатынан

– Қазіргі су апатына байланысты қоғамда түрлі пікір бар. Десе де, «мұның алдын алуға болатын еді, жергілікті әкімдіктер еріген қар суына қарсы шараларды дер кезінде жасамады» деген әңгіме көп айтылып жүр. Бұл пікірмен келісесіз бе? Қар суына қарсы қандай шаралар бар?

– Кеңес дәуірі кезінде қар тоқтату жұмыстары жүретін еді. Қар қалың үйілген соң, бірден еріп, су шайып кетпейді. Қазір мұнымен ешкім айналыспайды. Солтүстік жақтарда, астық егетін өңірлерде егістіктер қазір жекеменшікке тиесілі. Жекеменшік иелері оған артық шығын шығармайды. Жанар-жағар май жағып, адам жалдап, ақы төлегісі келмейді.

Күн жылып, еріген қардың суы сай-саланы алып, құлдилап ағып кетті. Қыста қардың қалың түскенін жергілікті әкімдіктер білді. Осыған сай әрекеттер жасау керек еді. Судың қалай ағатынын білетін мамандар, көнекөз қариялар бар. Су басу қаупі бар елді мекендердің тұстарынан канал қазылу немесе ықтимал арналарды бұру қажет еді. Қазір әкімдіктер үшін апаттың болғаны жақсы секілді. Кеше бұл мақсатқа 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. «Ойбай, төтенше жағдай болды» деп осы қаржыны бөліседі. Мақсаттары сондай сияқты.

– Бұған әкімдіктерден бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігінің де кінәсі бар ма?

– Су ресурстары және ирригация министрлігі жауап беретін арналары, су қоймалары, каналдары және өзен бойындағы бөгеттері бар. Бұл ведомство осыларды реттеумен айналысады. Еріген қар суын реттей алмайды. Бұл – жергілікті әкімшіліктердің құзыретіндегі шаруа. Министрлік өз балансындағы нәрселерге жауапты. Мониторинг жасап, су қоймадағы судың бірден толып кетпеуін қадағалауы тиіс. Гидрометтің болжамын, қанша ылғал, жауын-шашын түскенін, қардың қалыңдығын ескереді. Ауа райына байланысты күн күрт жылып, қар еріп кетуі мүмкін. Соған байланысты әрекет жасауы керек еді.

Апат
Фото: ТЖМ

– Еріген қар суынан сақтанудың басқа қандай жолдары бар?

– Сайын далада жатқан қарды егіске молырақ ылғал болсын деп жинауды «қар тоқтату» деп атайды. Ал елдімекендердің топан судан сақтау үшін алдын ала әрекет жасау керек еді.

Мәселен, Оңтүстік өңірлерде Сырдария, Арыс өзендері бар. Су басуы ықтимал аймақтардың бәріне дамбалар қойылған. Судың арнасы жүз жылда бір рет қатты көтерілуі мүмкін. Бұл – бір пайыздық ықтималдық.

Теміржолдарда өзендердің үстінен үлкен көпір салып қойған. Қарасаң, «мұны не үшін салған?» деп ойлайсың. Бір қарағанда, бос шығын секілді көрінеді. Бірақ осы арнамен жүз жылда бір рет үлкен су өтуі мүмкін. Табиғаттың тосын мінезі бар дегендей. Патшалық кезеңде, кеңес дәуірі кезінде инженерлер соны ескеріп, есепке алып жасаған. Ал қазір оның бірі де жоқ.