14 Қазан 19:04
...

Қазбек Майгелдинов: Ердоғанның Путинге ескертуі пайдасын береді

Фото:
Астанада өтіп жатқан VI саммиттің бүгін екінші күні. Елімізге келген 11 басшының сөйлеген сөзінен бөлек, жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттерін де жіті бақылап отырған қырағы көздер әр сәттен бір саяси астар тауып қалуға тырысып бағуда.

Көптің ойы мен көңіліндегі сұраққа жауап алу мақсатында NEGE тілшісі Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдиновпен сұхбаттасқан еді.

– 11 елдің президенті қатысқан саммит қазіргі геосаяси жағдайға әсер ете ала ма? Оның Қазақстан үшін қандай пайдасы бар?

– Елімізде соңғы екі күнде үлкен саяси іс-шаралар болып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Астана қаласы бүкіләлемдік саясаттың назары ауған геосаяси процесстердің орталығы болып отыр. Оның ішінде бізде үш саммит өтіп жатыр. Біріншісі – Азиядағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы кеңес. Одан кейін ТМД мемлекет басшыларының саммиті, Орталық Азия және Ресей саммиті.

Жалпы, бұл саммитер Астананың бейбітшілікті құру мен оны қамтамасыз етудің келіссөздердің орталығына айналғанын білдіреді.

Мысалы, Түркия президенті мен Ресей президентінің саммит аясындағы әңгімесіне назар аударсақ, Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтату мәселесі қозғалды. Сонымен қатар, Азия мемлекеттерінің азық-түлік пен қауіпсіздік мәселелері де Орталық Азия саммиті ішкі кеңесінің басты бағыттарының бірі болды. Бүкіл әлем бойынша халықтың жартысынан астамын құрайтын 28 Азия мемлекетінің Астанада жиналуы экология және экономика мәселелері бойынша келіссөздер жүргізетін алаңға айналғанын байқатады.

Біріншіден, геосаяси аренада біздің саяси белсенділігіміз бен саяси абыройымыз артып отыр. Екіншіден, Қазақстан экономикалық тұрғыдан жаңа жобалар мен инвесторлар, инвестициялардың келуіне басты алғышарттар жасалып жатыр.

Үш жақты меморандумдарға қол қою жай ғана келісім емес, екі мемлекет арасындағы белгілі бір ортақ кәсіпорындар ашу сияқты маңызды қадамдарға себеп болады. Мысалы, Қатар Әмірімен келіссөз кезінде Каспий өңіріндегі инфрақұрылымды дамытуға басты инвестиция тарту туралы шешімдер қабылданды.

– Путинді қарсы алуға Тоқаевтың өзі бармағаны, премьер-министрді жібергені қоғам тарапынан ерекше назарға ілігіп, талқыланып жатыр. Бұған пікіріңіз қандай?

– Бұл жерде ешқандай саяси астар іздеудің керегі жоқ. Тоқаев Пәкістанның Премьер-министрі, Әзірбайжанның президенті, Өзбекстан мен басқа да мемлекет басшыларымен саммиттан тыс екі жақты кездесулер өткізіп жатты. Путинді уақыт тығыздығына байланысты протокол бойынша премьер-Министрдің қарсы алғанында тұрған ешқандай ағаттық жоқ деп ойлаймын.

– Саммитте Путин Украина туралы сөз қозғамай, Ауғанстандағы жағдайға АҚШ пен НАТО-ны кінәлады. Оны Лукашенко да қолдап «олар бізді араздастырғысы келеді» деген пікір айтты. Кезінде КСРО өз әскерін Ауғанстанға кіргізгенін, Путиннің бауырлас еліне соғыс ашқанын ескерсек, оның Батысқа таққан айыбы қаншалықты логикаға сай?

– Путин саммитте Украинадағы жағдайға көңіл аудармағанының өзінде, біз бір маңызды дүниені ұмытпауымыз керек.

Ауғанстан мәселесін онымен көршілес, ортақ шекарасы бар Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиеев көтерген болатын. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Ауғанстан мәселесі ешқашан назардан тыс қалмау керектігі айтылды. Бірақ бұл күн тәртібінен екінші сатыға түсіп кетті.

Шын мәнінде, бұған баса назар аудару керек. Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің мінберінен де, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, басқа да аймақтық интеграциялық ұйымдардың жиынында да Ауғанстан мәселесін ешқашан күн тәртібінен түсірген емес.

Ауғанстан – ортақ Орталық Азия тұрақтылығына әсер ететін мемлекеттердің бірі. Өйткені ол жақтан АҚШ әскері шығарылғаннан кейін Талибан үкіметін әлем толықтай мойындаған жоқ. Сондықтан Ауғанстанның тұрақтылығы мен тұрақты дамуы аймақтық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін фактор боп саналады. Ресей қазіргі болып жатқан Украинамен қақтығыстан бөлек, Ауғанстанға назар аударып отырғанын осы тұстан ғана қарастыруға болады деп ойлаймын.

– Ердоған Путинге ескерту жасап, «мәселені соғыс емес, дипломатиялық жолмен шешуді» ұсынды. Бұл ұсыныс бірдеңе өзгерте ала ма?

– Ердоғанның ескертуі алдағы уақытта пайдасын береді деп ойлаймын. Соңғы 4-5 жылға көз жүгіртетін болсақ, елімізде Сириядағы қақтығыстар, Ресей мен Түркия арасындағы шиеленістер, Ирандағы Иран бағдарламасына қатысты Астана, Алматы процесінің бірнеше раунды болды. Осы қалаларда Ресей,Түркия, Иран, одан кейін Түркия, Ресей, Сирия сияқты үш мемлекеттің кепілімен келіссөздер жүргізілді. Осындай кепіл мемлекеттер арқылы бұл қақтығыстар шешілген болатын.

Алдағы уақытта да Түркия мен Ресей бітімгер мемлекет ретінде диалог құрып, келіссөздер жүргізу арқылы қандай да бір шешімге келуі мүмкін. Өйткені жоғарыда айтылған мысалдар соған дәлел бола алады. Біздің еліміз осылайша бейбітшілік пен бітімгершілік орталығы ретінде жоғары статусқа ие боп тұр.

– Тоқаев ТМД-нің атқарушы хатшысы  Сергей Лебедевтің  лауазымы «Бас хатшылыққа» ауысқанын айтты. Бұл нені білдіреді? Мұнда қандай саяси мән бар?

– Бұл негізінен процедуралық бөлік қана деп ойлаймын. Мысалы, ТМД елдерінің атқарушы хатшысы немесе басшысы, төрағасы ретінде әр мемлекет өзінің рет-ретімен бөлінген позициясы бойынша ауысып отырады. Сол үшін де мұндай ауысудан ешқандай саяси астар іздемейік.

Тегтер: