Қазақстанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Бүгін, 31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – еліміздің тарихындағы ең қайғылы кезеңдердің бірі, миллиондаған тағдырды жалмаған зұлмат жылдарды еске алатын күн.
АЛМАТЫ, NEGE. 1918–1920 жылдардағы азаматтық соғыстан кейін басталған саяси репрессиялар Қазақстан халқы үшін ауыр зардаптарға әкелді. Ресми деректер бойынша, 1921–1954 жылдар аралығында 100 мыңға жуық адам «саяси баптар» бойынша сотталып, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген. Қуғын-сүргін әсіресе қазақ зиялылары мен елдің интеллигенциясына ауыр тиді. Бұл көрсеткіштер – тек ресми сандар.
Сол жылдары жүргізілген жаппай ұжымдастыру мен күштеп отырықшыландыру саясаты да халқымызға үлкен қайғы әкелді. 1930–1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан миллиондаған адам қаза тауып, аман қалғандары босқын болып, туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл қазақ халқының демографиялық және рухани дамуына орасан зиян келтірді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесі Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана басталды. Көптеген адамдар түрмелер мен лагерьлерден босатылып, атылғандар мен жазықсыз сотталғандар кейіннен ақталды.
1993 жылы Қазақстанда «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Ал 1997 жылы Елбасының Жарлығымен 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Бұл күн жыл сайын елімізде түрлі іс-шаралармен атап өтіледі: мұражайларда көрмелер ашылып, мемориалдарға гүл шоқтары қойылады, жаңа мұрағаттық деректер жарияланады.
2020 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия құрамында 425 ғалым мен сарапшы жұмыс істеді, оның 260-тан астамы өңірлік комиссиялар құрамында еңбек етті.
Еліміздің барлық өңіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық мұрағаттарда зерттеу жүргізіліп, 2,6 миллионнан астам құжат пен материал құпиясыздандырылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде 311 мыңнан астам азамат заң аясында ақталды. Осы жұмыстардың нәтижелерін жүйелеу мақсатында 72 томнан тұратын арнайы ғылыми жинақ жарыққа шыққалы жатыр.
Бұл зерттеулерге архивтік қолдау көрсету үшін 2021 жылы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы ашылды.
Бұл күн – тарих алдындағы борышымызды еске салып, жазықсыз құрбан болған жандардың рухына тағзым ететін, ұрпақ жадында сақталуға тиіс қасиетті күн.