Қазаққа Huawei мен Facebook-тың қайсысы қауіпті?
Ұлыбритания
28 қаңтарда Huawei компаниясына 5G-жобасына шектеулі жағдайда қатысуға мұрсат етті. Нақтырақ айтқанда, қытай компаниясы 5G желісіне арналған аса маңызды бөлшектерге қызмет көрcететін құрал-жабдықты сата алмайды. Сонымен бірге Huawei-ге британ әскери базалары мен ядролық нысандарына жақын аудандарда жұмыс істеуге тыйым салынды.
Осылайша британ үкіметі англосаксондық «бестік» елдерінің ішінде қытай компаниясына түбегейлі тыйым салмаған жалғыз елге айналды. Бұл шешімнің АҚШ билігіне ұнамағаны анық. Себебі бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео британ үкіметін жария түрде «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін» қытай компаниясынан аулақ болуға шақырған еді. АҚШ Қытайдың технологиялық компаниясын өзінің нарығынан баяғыда ығыстырып шығарған. Вашингтонның кеңесімен Жапония, Жаңа Зеландия, Австралия және Канада елдері де Huawei өнімдеріне шектеу қойды.
Huawei НЕГЕ жазықты болды?
Дональд Трамп әкімшілігі Huawei-ді интеллектуалды меншікті ұрлады, алаяқтыққа барды және Иранға салынған санкцияны айналып өтіп, бұл елге құрал-жабдық тасымалдады деп айыптауда. Сонымен бірге АҚШ бұл компания өзінің құрал-жабдықтарындағы құпия бағдарламалардың көмегімен қытай үкіметінің мүддесіне тыңшылықпен айналысуы мүмкін деп күмәнданады. Осыны уәж етіп АҚШ үкіметі Huawei-ден бөлек, ZTE, Hikvision, Dahua және Hytera сынды қытай компанияларынан құрал-жабдық сатып алуға тыйым салды. Facebook Huawei қосымшаларын жүктеуге шектеу қойса, Google қытай компаниясының телефон, тағы басқа өнімдеріне орнатылған Android жүйесін жаңалаудан бас тартты. Мұның себебінің төркіні Қытайдың технологиялық даму жағынан Батысты басып озуында жатса керек.

Әлемнің ірі телекоммуникациялық құрал-жабдық өндірушісіне айналған Huawei бүгінде смартфон жасау жағынан екінші орынға шығып отыр. Қазір Huawei өзге де қытай компанияларымен бірлесе отырып, Батыс Еуропа, Азия және Африкадағы шамамен 230 қалаға (оның ішінде біз де бармыз) бейнебақылау жүйесін орнатуда. Бірақ америкалықтарды бірінші кезекте қытай компаниясының ақпарат алмасу жылдамдығы өте ұшқыр 5G желісін ұсынатын әлемдік көшбасшыға айналғаны шошытуда. Бұл жағынан қытай компаниясы АҚШ-тың ең азулы компанияларын шаң қаптырып кетті.
Дау болған 5G не береді?
5G іс жүзінде өзіне дейінгі желілердің жалғасы емес, оны мүлде жаңа жүйе деп атауға болады. Ол тіпті классикалық интернет мүмкіндіктерін басып озып, телекоммуникация саласын жаңа деңгейге көтереді. Өткен ғасырдың 70-жылдары АҚШ әскерилері жасаған интернеттің әлеуеті бүгінде сарқылуға таяу. 5G желісі бір сәтте қазіргідей ондаған мыңның орнына, ондаған миллион құрылғыға қызмет көрсетуге қабілетті. Оның ақпарат беру және өткізу жылдамдығы секундына 10 Гбитке дейін жетеді. Мұның қаншалықты зор жылдамдық екенін көрсету үшін танымал «Тақтар таласы» сериалының барлық маусымын бірнеше секундта құрылғыңызға көшіріп алатыныңызды айтсақ жеткілікті шығар. Басқаша жеткізсек, қазіргі интернет 5G желісімен салыстырғанда суперкомпьютердің жанындағы қарапайым калькулятор сияқты болып қалады. Күрделі есептеулер үшін компьютердің қажеті болмай қалады, бар жұмысты арнайы дата-орталықтар атқарып, нәтижесін смартфонға беріп отырады. Яғни, 5G желісі мемлекеттердің экономикасын толығымен цифрлы форматқа көшіруге мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанның бірқатар ірі қаласында «Қазақтелеком» Huawei-мен бірлесіп 5G желісін пилоттық режимде қосты. Іс жүзінде көрші елдің компаниясы Қазақстанның телекоммуникациялық нарығында жетекші орынды иеленгісі келетінін жасырмайды.
Даудың басы...
Орасан зор жылдамдық ұсынатын желі сәйкесінше көп ақпаратпен бөлісуді талап етеді. Америкалықтардың да байбалам салатыны осыған кеп тіреледі. Батыс елдері өздеріне «жау көзқарастағы әрі демократиялық режимге жатпайтын елдің» компаниясынан залал келе ме деп қауіптенеді. Олардың уәжіне құлақ ассақ, Huawei өзінің мүмкіндігі зор технологиясының көмегімен кез келген ел туралы мәліметтерді жинап, оны ұлттық қауіпсіздікке қарсы қолдануы мүмкін. Мәселен бізде енгізіле бастаған «Сергек» жүйесі биометриялық мәліметтер негізінде кез келген адам туралы ақпарат жинауға қауқарлы. Ал бұл жүйені қытай компанияларынан алғанымыз белгілі.
Дегенмен кейбір сарапшылар таза құрал-жабдық күйінде алып, оның бағдарламалық өзегін, яғни «миын» өзіміз жасасақ, мұндай қауіп анағұрлым азаяды дейді.
Іс жүзінде даудың басы қытайлардың жоғары сапалы технологияны бірінші болып әлдеқайда арзанға жасағанынан шығып отыр. АҚШ пен өзге де Батыс елдері одан арзан өнімді ұсына алмайды. Смартфон өндірісіне елеулі өзгеріс енгізуді талап ететін, желіні жаңалауға көп қаржы керек қылатын әзірге қымбат 5G желісін дүниежүзі күні ертең пайдаланып кетпесі белгілі. Соның өзінде қытайлардың технологиялық салада өздерін басып озғаны батыстың мазасын алуда.
Қуып келгенде, дәл қазіргі таңда Huawei-дің жаңа технологиясынан гөрі, қытай компаниясы құрал-жабдығына орнатып жатқан америкалық бағдарламалардың қауіпті екеніне ел куә болуда.
Мәселен, Microsoft иесінің рұқсатынсыз компьютеріне кіріп, оның не істеп не қойғанын көре алатыны туралы таяуда белгілі болды. Apple ресми түрде iCloud жүйесіндегі барлық қолданушының медиатекасын тексеріп отыратынын мойындады. Іс жүзінде қазір әлем бойынша барлық телекоммуникациялық өнімдердің бәрінде америкалық компаниялардың бағдарламалары, операциялық жүйесі орнатылған. Барлық мәліметтер америкалық серверлерде жиналып, өңделеді. Huawei-дің өзі телефондарына америкалық Google компаниясының Android операциялық жүйесін орнатады.
Ал Instagram және WhatsApp-қа иелік ететін Facebook пен YouTube порталын сатып алған Google жер бетіндегі барлық қолданушы туралы мәліметтерге ие екені анық. Оны америкалықтар кейін басқа мақсатта пайдаланбасына кім кепіл?
Қолданушылар туралы мәліметтерді қажет болған жағдайда АҚШ билігіне беруге міндетті Facebook адам құқығын қаншалықты қорғайды? Бар табысы неғұрлым көп аудитория тартуға негізделген бұл әлеуметтік желі оны кейін жарнама берушіге немесе өзінің жазбасын кең таратқысы келгендерге қомақты сомаға сататынын білесіз бе? Кейбір желі қолданушылары байқағандай, кімнің жазбасын оқып, кімді көрмеуді өзі жеке шеше беретін Facebook біз туралы барлық мағлұматты өзімізге, қоғамға қарсы күштерге сатып жібермесіне де ешкімнің көзі жетпейді.

Бұдан шығатын қорытынды: әлеуметтік желіде өзіңізге қатысты жеке мәліметтерге абай болыңыз. Ал қазақ үшін ең абзалы, жаңа технологиялар үшін ұлттық күрделі бағдарламалар мен операциялық жүйе жасауға ұмтылу. «Үй сыртында кісі бар» дейтін қазақтың даналығының цифрлы технологиялар заманында маңызы артпаса, еш кеміген емес.