29 Мамыр 13:43

«KAZAKH TAZY» Қазақстанның ұлттық бренді болмақ

KAZAKH TAZY
Фото: NEGE

Астана қаласындағы «EXPO» Халықаралық көрме орталығында Қазақстан Кинологтар одағының ұйымдастыруымен иттер көрмесі өтті. Онда арнайы халықаралық комиссия Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100-ге жуық қазақтың тазы тұқымды итін көз алдарынан жүгіртіп, құлағын қарап, тісін ашып көріп, біраз зерттеді. Ондағы мақсат – қазақтың тазысын әлемдік деңгейде мойындап, ұлттық брендке айналдыру.

Астана, NEGE. Көрмеге еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Халықаралық кинологиялық федерацияның атқарушы директоры Ив де Клерк және Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали қатысып, сөз сөйледі.

– XX ғасырда осы танымал ит тұқымының саны күрт азая бастады. Тіпті, жойылудың аз-ақ алдында қалды. Сондай-ақ асыл тұқымды сақтап қалу мәселесіне тиісті көңіл бөлінбеуінің салдарынан тазы өзіне тән бастапқы қасиеттерінен айрыла бастады. Осыған байланысты мемлекет қазақтың ит тұқымдарын қорғау және өсімін молайту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Қазақ итін сақтау және өсімін молайту мәселелері заңнамалық деңгейде бекітілді. Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Қазақстан мен Дүниежүзілік кинологиялық қоғамдастықтың мәдени мұрасының маңызды бөлігі саналатын ит тұқымдарын сақтау үшін Қазақстан халықаралық деңгейде ынтымақтастыққа әркез ашық, – деді Е.Нысанбаев.

Халықаралық кинология федерациясының (FCI) басшылығы, халықаралық комиссия мүшелері тазылардың түр-сипатына, салмағына, жүрісіне, бойына, сүйегіне ерекше назар аударды. Жасқа толған және толмаған тазыларға бөлек-бөлек зер салды. Бүкіл әлем білгенімен әлі күнге дейін ресми тіркелмеген қазақтың тазысын осылай меншіктеп береді.

Көрмеге арнайы келген Халықаралық кинология федерациясының атқарушы директоры Ив Де Клерг қазақ тазысын таныту жолында шапқылап жүрген «Қазақстан кинологтар одағы» қоғамдық бірлестігіне табыс тіледі.

– Біз қазақ тазысын мойындау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарды жинау үшін Қазақстанда екі күннен бері жүрміз. Өз атымнан және әріптестерімнің атынан Қазақстан кинологтар одағына, олардың осы іске сіңірген еңбегін бағалап, процедураға барынша дайындалғаны үшін алғыс айтамын. Біз бұл тұқым туралы біраз мәліметке қанықтық, – деді Клерк мырза.

Сапар барысында Ив Де Клерг тазының ерекшелігіне, соның ішінде көру, сезу, естумен қатар аңшылық қабілетіне, амал-айласына тәнті болыпты. Жалпы Халықаралық кинологиялық федерацияның комиссия мүшелері қазақы тазы тұқымын зерттеуге, иттердің мүмкіндіктерін, денсаулығы мен жалпы сыртқы түр-түсін көруге келген екен.

Сонымен қатар комиссия Қазақстанда бекітілген «қазақы тазы» тұқымының стандартын және елде ұсынылған иттердің санын зерттеп жатыр.

– Осы көрменің қорытындысы бойынша комиссия «Kazakh Tazy»-ны Қазақстанның ұлттық тұқымы және бренді деп тану туралы Халықаралық кинология федерацияның Бас комитетінің шешіміне негіз болатын өз қорытындысын жасайды, – деді Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Қазіргі таңда Қазақстан Кинологтар одағының деректері бойынша елімізде 3-3,5 мыңға жуық тазы тіркелген. Алайда нақты саны әлі де түзетіліп жатыр және тіркеуден кейін бұл сан 2-3 есе көбеюі мүмкін. Өйткені құжаты жоқ тазылар өте көп.

Көрме аясында тазы тұқымдас иттердің ең үздігі болып Берік Орынбаевтың Перизат атты тазысы анықталды. Оны бағып, баптаған – Елена Хардина.

Көрменің ең кішкентай қатысушыларының бірі Семейден келген Шағала атты 3 айлық тазы болды. Оның қожайыны – 11 жастағы Әділжан Жеңіс.

Ал Көкшетау қаласынан келген Ерғазы Баймолдың тазы асырап жүргеніне 15 жылға жуықтапты. Ізінен ерген 10 жастағы жиені Ерасыл Қалманның да он айлық Найзғай атты тазысы іріктеуден өтіп, көрмеге қатысуға жолдама алған.

– Көкшетаудан 3 тазы әкелдік. Үшеуі де – облыстық деңгейдегі көрмелерде жүлдеге іліккен тазылар. Облыстағы 120 тазының ішінен 9 тазы іріктелсе, соның үшеуі біздікі болды. Тазымен бала күнімнен айналысамын. Тек, кейінгі 5 жылдың көлемінде ғана тәуір нәтиже көрсете бастадық, – дейді Ерғазы.

Көрмеден кейін комиссия сараптама жасап, қазақы тазыны ұлттық бренд ретінде бекіту және халықаралық деңгейде таныту мәселесін қарап, пысықтайды.

                                                                                                         Сағадат БАҚЫТБЕК