27 Шілде 21:49

Қазақ боксы «нокдаун» алған күн

Фото:

Бес жыл күттірген Токио Олимпиадасының бесінші күнінде өнер көрсеткен спортшыларымызға «бес» деген баға бере алмаймыз. Тіпті, Баландин мен Рыбакина болмағанда «27 шілде - қазақ спорты үшін Олимпиада тарихындағы ең сәтсіз күн» дер едік.

Сейсенбінің таңы жақсы жаңалықтармен басталған. Таэквондошылар Жансель Дениз бен Руслан Жапаков іріктеуден өтіп, ширек финалға шықты. Екеуі де тәп-тәуір бастады. Олардың алғашқы жеңісін сүйіншілеп жазбаған отандық БАҚ қалмады. Әлеуметтік желі атойлап жатты. Сол мезетте Дидар Хамза Моңғолия дзюдошысы Саид Моллаиға есеп жіберіп, жанкүйерлер қуанышын су сепкендей басты. Оның артынша Жансель де Руслан да мықты қарсыластарға тап болып, жарыс жолынан шығып қалды. 

Су добынан Қазақстан құрамасы да қарсыластарына қарсы қауқарсыз ойнады. Хорватиялықтардан 7:23 болып жеңілгені аздай, Сербия құрамасынан 19:5 есебімен артта қалды. 

Садақ атудан ерлер арасындағы жекелей сында отандасымыз Денис Ганькин 1/16 финалынан әрі аспады. 

Теннистен Михаил Кукушкин де Беларусь спортшысына есе жіберді.

Бұл ретте желідегі жұрт Токиода жүрген спортшылардың шарасыздығына сын тағып жатты. «Құдды бір Олимпиада емес, қалалық іріктеу сынында жүргендей» деген пікірлер жиі жазылды. 

«Қазақ боксы нокауд алды»

Түс ауа шаршы алаңда боксшылар сыны басталды. Қазақ елі 69 келіде өнер көрсететін Абылайханның жолына қарап, тілеуін тілеп отырды. Төртжылдықтың басты бәсекесіне жолдама алған Абылайхан Жүсіповтың жауапкершілігі әлдеқайда жоғары еді. Дүйім жұрт басқа-басқа дәл осы спортшыдан алтын күтті. 

Отандасымыздың америкалық Деланте Джонсонға қарсы өткізген кездесуі тартысты өтті. Боксшылар алғашқы раунд бастала салысымен ашық жекпе-жекке көшті. Алғашқы раундта Абылайхан басымдық танытқан. Екінші раундта отандасымыз бірінші нөмірде өнер көрсетіп, қарсыласты қуып жүріп ұрып, ұпай иеленуге тырысты. Бірақ, төрешілер Абылайханға кіл 9 деген баға қойды. Мамандар мұның мәнісін әлі де түсіндіріп айта жатар, ал сырт көзге төрешілердің мұнысы Абылайханға жасалған қысастық іспетті көрінді. Делантенің төрт бұрышты айналып қашып жүріп, соққы орынына қорғаныстан бас көтермей 10 балл алғаны бокс сүйер қауымды, жанкүйерлерді біраз ойландырып тастады.

Бұл бағалау Абылайханның жүйкесіне психологиялық соққы болып тисе керек үшінші раундта айқын басымдық таныта алмады. Осылайша 2004 жылдан бері тек қазақ боксшылары иеленген салмақта Абылайхан Жүсіпов чемпион бола алмай қалды. Кездесу 4:1 есебімен америкалық боксшының пайдасына шешілді.

Абылайханнан кейінгі ел үміті Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит-ті. Төртжылдықтың бұл бәсекесіне дейін Левит Токиодағы Олимпиада ойындарындағы басты фавориттің бірі деп айтылды. Әрі өз салмағындағы ең тәжірибелі боксшы. Бірақ, оның оңбай таяқ жеп, аяғы аспаннан келгені «қызық» болды.

Былғары қолғапты жаңа киген бала ұқсап, не ұрарын білмей әрі қорғануды ұмытып алғашқы үш минуттан әрең аман қалды. Бұл мүмкіндікті мүлт жібермеген испандық Энмануэль Рейес Плада екінші раунд бастала салысымен қапты төмпештегендей соққыларын үдете бастады, Левит те көпке шыдамай жерге топ ете түсті. Сол сол екен төрешілер нокауд жариялады.

Бұл жайлы белгілі журналист Руслан Меделбек «Бүгін Левит ғана емес соңғы кезде ала-құла болып жүрген қазақ боксы да нокауд алды» деп жазды. 

Жоғарда жазғанымыздай «бүгін қазақстандық спорт үшін Олимпиада тарихындағы ең сәтсіз күн екен» деп ойладық. Артынша Баландин мен Рыбакина жартылай финалға жолдама алып, жанкүйерлер еңсесін сәл де болсын көтерді. Рыбакина қарсыласын айқын басымдықпен, сенімді жеңді. Мамандар «Баландин бабында емес» деген пікір білдіріп жатыр. Бірақ, ертең финалға жолдама алып кетуі әбден мүмкін.  

Үш қоладан бәсі ауыр бір алтын

Олимпиаданың бесінші күні аяқталуға жақын. Жапония 10 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлдемен командалық есепте алда келе жатыр. АҚШ еншісінде 9 алтын, 8 күміс, 8 қола медаль бар. Қазақстан 206 мемлекеттің ішінде 47-орында. Команда қоржынында үш қола бар. Айтпағымыз, Эквадор, Гонконг, Иран, Норвегия, Филиппин, Таиланд, Өзбекстан секілді мемлекеттердің жолы болып тұр. Бәрінің қоржынында 1 алтын. Олар осылайша, 23-орынды иеленіп отыр. Өзбекстандық Улықбек Рашитов барлық фавориттерді жолда қалдырып, сенсация орнатты. 19 жастағы спортшы Олимпиада чемпионы болып, ел құрамасын командалық есепте алға шығарды. Спортшылар алтын алғысы келетін көп себептің бірі – осы.

Қазақстандық ауыр атлетшілердің еңсерген салмағын төрешілер «ережеге қайшы әрекет болды» деген желеумен есепке алмады. Көп жанкүйердің көкейінде «әттеген-ай, алтын болмаса да күміс алар едік-ау» деген сөз қалды.

Елдос спорт сарапшыларының айтуынша ең қолайсыз қарсыласқа тап болып, финалға шыға алмай қалды. Егер басқа топқа түскенде финалға дейін жетіп, жапондық дзюдошымен Олимпиада алтыны үшін күресер еді. 

Алтын алар күн қайда?

Алда толық 12 күн қалды. Қазақстан құрама сапында алтын алуға лайық спортшылар жетерлік. Мәселен, ту ұстап шыққан Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова әлі өнер көрсетпеді. 

Ертең дзюдошы Ислам Бозбаев, боксшылар Бекзат Нұрдәулетов, Серік Теміржанов пен Надежда Рябец жарыс жолына шығады. Сонымен қатар, жүзуден Дмитрий Баландин жартылай финалда, спорттық гимнастикадан Милад Карими финалда бақ сынасады. 

28 шілдедегі сайыстар кестесі (Нұр-Сұлтан уақытымен):

Садақ ату. Ерлер, жекелей сын, 1/32 финал
06:30. Санжар Мұсаев - Ван Дапэн (Қытай)

Дзюдо. Ерлер, 90 келі
08:00. Ислам Бозбаев - Рафаэль Маседо (Бразилия)

Жүзу. Ерлер. 200 метр. Брасс, жартылай финал
08:21. Дмитрий Баландин

Бокс. Әйелдер, 75 келі. 1/8 финал
09:03. Надежда Рябец - Тарама Тибо (Канада) 

Бокс. Ерлер. 1/8 финал
9:51. 57 келі. Серік Теміржанов - Дюк Раган (АҚШ)
10:39. 81 келі. Бекзад Нұрдәулетов - Имам Хатаев (РОК)

Велоспорт. Ерлер, жекелей жарыс
11:00. Алексей Луценко

Теннис. Әйелдер, жекелей сын. Ширек финал
11:00. Елена Рыбакина - Гарбинье Мугуруса (Испания)

Теннис. Аралас жұп, 1/8 финал
14:00. Ярослава Шведова/Андрей Голубев - Эна Сибахара/Бен Маклахлан (Жапония)

Спорттық гимнастика. Ерлер, көпсайыс. Финал
16:15. Милад Карими

Тегтер: