29 Наурыз 17:29
...

Қазақ әйелдері НЕГЕ күйеулеріне тоқал әперіп жатыр?

Фото:

Елімізде полигамия араға ғасыр салып, қайта белең алды. Бұл құбылысқа Батыс басылымдары да арагідік назар аударып жүр. Олардың пікірінше, екінші әйел алу қазақтар үшін Rolex cағаты секілді жоғары әлеуметтік мәртебесін көрсететін белгі. Биліктегі тұлғалардың ішінде полигамиялық отбасы кең таралғанымен, онысын жасырмай, ашық айтып жүрген жалғыз адам – депутат Бекболат Тілеухан.

Мәселен, оның бірнеше әйелі бар. Олардан 14 бала сүйіп отыр. Тоқал алудың етек жаюына астананың ауысуы да себеп болғаны жиі айтылады. Отбасы Алматыда қалып, шенеуніктердің көбі салт жүріп Астанада, арулары көп шаҺарда жұмыс істеуге мәжбүр болған.

Танымал бизнесмен, миллиардер Тимур Құлыбаевтың да бірінші әйелі Динара Құлыбаева Қазақстандағы өте ықпалды отбасыдан. Бұған қарамастан, Гога Ашкеназиден ұлы бар екені мәлім. Жақында ғана ресейлік әнші Сати Казанова сұхбатында Тимур Құлыбаевпен арадағы махаббат хикаясы жайлы жүрекжарды сырын бөлісті. Сөзінен ұққанымыз, ол екінші болуға қуана келіскенімен, үшінші әйел болуды ар көрген. Мұнысын сатқындық деп те бағалапты.   

Видео: әлеуметтік желіден

Қалтасы қалыңдарға жолыққанда еуропалық әйелдердің өзі тоқал болуға кетәрі емес сияқты. Ал бұл мәселеге қазақ әйелдері қалай қарайды? Осыны білмек болып, жүргізген шағын сауалнамамыздың қорытындысы қатты таңқалдырып отыр.

Әйелдердің жас ерекшеліктеріне, әлеуметтік мәртебелеріне қарай тоқал мәселесіне әртүрлі қарайтыны байқалды. Мәселен, тұрмыстағы 30-ға дейінгі жас әйелдер күйеуін өзгемен бөлісуге үзілді-кесілді қарсы. Онысын махаббатпен, сезіммен байланыстырады. Ал 35 және 40 жастағы әйелдердің арасында толеранттылық басым болып шықты. Десе де, көбі күйеулеріне екінші әйел әперуге әзір емес. Кейбір әйелдер «нағыз» бәйбіше болудың моральдық, психологиялық жағы ауыр екенін алға тартады. Кейбірі күйеуін қызғанбаса да, оның тапқан табысына екінші әйелдің ортақтасқанын қаламайды. «Жұрттар ала берсін, тек менің күйеуім емес» деген ұстанымда.

Десе де, тұрмыстағы әйелдердің ішінде де қолдайтындар бар. Соның бірі – Ақтөбе қаласының тұрғыны Баян Шәмшиева.

«Толық шамасы жететін болса, бәйбішесі келіссе, неге алмасқа? Ер азамат болып қалған ер балаларымен де келісу керек сияқты. Жалпы, әуелі барлық жағын салмақтап өлшеп, ер азамат өзі осындай шешім қабылдаса, ешқандай қарсы болмас едім. Шын сөзім», – дейді ақтөбелік әйел.

Десе де, елімізде ресми түрде бәйбіше болып отырған әйелдер аз емес. Бұған қалай көніп жүр? Әйелдердің көзімен қарасақ, бұған әйелдер көбіне  үш жағдайда келісім береді. Біріншісі – денсаулығы болмаса, екіншісі – қаржы жағынан тәуелді болса, үшіншісі – күйеуін «көзсіз» сүйсе...

«Ер адамдар бәйбішесі келіссін, келіспесін, көбіне «болары болып, бояуы сіңген соң» хабарлайды. Сондықтан мұндай қарым-қатынасты жасырып-жабу мүмкін емес.  Сосын көнбеске лажы болмайды», – дейді алматылық Алмаш Көрпебаева.

Ал басы бос әйелдердің арасында, жас мөлшерлеріне қарамастан, тоқал алуды қолдайтындар көп болып шықты. Бірақ, қоятын шарты бар. Ер адам екі отбасын да асырай алуы тиіс. Және «тең» қарауы керек.

Видео: әлеуметтік желіден

«Қазақтар бір әйелін тастап, екіншісін алғанды да тоқал деп жүр. Өз бәйбішесі білмей жүрген көңілдесін де «тоқал» деп айтуға үйреніп алған. Меніңше, тоқалды бәйбіше тануы керек, әрі мойындауы, араласуы керек. Сонда нағыз тоқал болады.  Әйтпесе көңілдес, әлде екінші, үшінші әйел болады. Нағыз тоқал алғанда да еркек кезегін ұстауы керек. Әйтпесе қайталап айтам, ол тоқал емес. Бәйбіше рөлі өте маңызды,  билік айтуға көтеріледі. Көп мәселені тоқал емес, бәйбіше шешеді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ажар Зекенова.

Шынтуайтында, екі әйел алу тек қана биліктегі қалталы адамдарға ғана тән емес. Ел арасында қарапайым азаматтардың ішінде де жиі кездеседі. Мәселен, еуропалық әйелдер арада баласы болмаса, балалар үйінен сәби асырап алады. Ешқандай түйткіл болмайды. Бірақ  қазақ әйелдері басқаша ойлайды. «Күйеуінің кіндігінен ұрпақ қалсын» деп екінші әйел алуға рұқсат береді. Әрине, дәстүрдің қысымымен. Денсаулығы сыр беріп, «көзінің тірісінде» күйеуі мен балаларын туысқан сіңлісіне аманаттап, бірақ ғайыптың күшімен артынша құлан-таза жазылып, полигамиялық отбасында бақытты өмір сүріп жатқандар да бар. 

Ал, дәстүрлі емес діни ағымдардың арасында неке рәсімін ойыншыққа, қызылқұмарлыққа айналдырып жүргендердің қарасы мүлде көп.

Көп әйел алу мәселесі ұзақ жылдар бойы парламентте де талқыланып келеді. Бұған заңды түрде рұқсат беру керек пе, жоқ па деген мәселе күн тәртібінен түспей тұр.

Тегтер: