«Қайталанбасынды» көргенде...
Халықтың жанына жара, өміріне таңба салған Қаңтар оқиғасына үш жыл толды. Бұл қасіретті күндері қаншама адам жазықсыз оққа ұшты, қаншама адам жақынынан айырылды, қаншама адам сотталды...
Бұған дейін Қаңтар оқиғасына байланысты деректі фильмдер де түсірілді. Одан әркім өз шындығын іздеді. Ал шынайы оқиғалар желісімен түсірілген «Қайталанбасын» атты фильмінің өз астары бар. Қоюшы ресжиссерлері – Олжас Ермекбаев, Берік Жаханов, Дархан Төлегенов, Диас Бертис, Модияр Абдукадыров.
Фильм бес сюжет желісіне құрылған. «Бауырым бауыр етім» – ағайынды Жақыповтардың қарама-қайшы ұстаным танытуынан бір-бірінен арашаланып қалуы; «Шабуыл өтінде» – жемқорлықты өмірінің мәні әрі шешімі көрген полиция қызметкерінің соңында өкінуі; «Қорқаулар» – әлеуметтік теңсіздік қысымынан шаршаған жас жігіттердің тонаушылыққа баруы; «Курсанттар» – Арман атты кейіпкердің академия қоршауында өліммен танысуы; «Мықты әйелдер» – мұражай қызметкерлерінің тарихи жәдігерлер мен адам өмірін сақтауда қаһармандық көрсетуі жайлы.
Оқиға ойдан құрастырылған кейіпкерлер төңірегінде өрбиді. Арандатушылардың сөзіне ерген жастар, өз өкілеттілігін асыра пайдаланған құқық қорғау қызметкері, бауырына үнемі жақсылық ойлап, дұрыс жолмен жүруін тілеп, ақыр соңында өз інісінің қолынан қаза тапқан аға, қалталы әкесіне сеніп, түптің түбінде қателігін түсінген курсант, қаршадай жастарды құтқарып қалған музей қызметкерлері, бәрі-бәрі қамтылған.
...Қаңтар оқиғасына дейін үш ай бұрын-ақ түнгі клубта даяшы болып жұмыс істеген Әмір Жақыпов желік қуған жас жігіттердің төбелесінен кейін тағы да босап қалады. Бұл жерде ол полицияның төбелес шығарған жігітті емес, жәбірленушіні ұстап әкеткенін көреді. Себебі, ол – бір дөкейдің ерке ұлы. Алдынан тек әділетсіздік әрекеттер ұшыраса берген Әмір де бұған өзінше қарсы тұрып, бірден өзгереді. Ағасы Тимурдың «Үнемі бірдеңеге ұрынып жүресің. Тағы да сол баяғы әділдік іздеп, жұмыстан шығып кеттің бе? Одан не шығады?» деп ақылын айтқаны да сол. «Дәл сен сияқты біреуге жағымпаздана алмаймын. Менде принцип бар. Басқалар сияқты ұрлап жүрген жоқпын. Халықты тонап бітті...» деген Әмір ашуланып далаға шығып кетеді де, көшедегі арандатушылардың дүрмегіне қосылады.
Әу баста жұрт мұны жай ғана бейбіт митинг деп түсінді. Алайда, араға от салушылардың кесірінен соңы бей-берекетсіздікке ұласып, ғимараттарды өртеп-қиратуға, сауда үйлерін тонауға көшті. Жағдайдың ушығып бара жатқанын түсінген Тимур адамдардың арасынан інісін іздейді. Анда барады, мында барады, таппайды. Тіпті, дәрігерлерден түсіп қалған өлгендер тізімі жазылған қағаздан інісінің аты-жөнін көрген ол мәйітханаға да барады. «Ол емес» деп қуанғанынан жылап жіберген ағасы әрі қарай іздеуді жалғастырады.
Сол екі ортада арандатушылар Алматы қаласы әкімдігін, президенттің Алматыдағы резиденциясын өртеп, Орталық музейді басып алып, ҰҚК Шекара академиясына қарсы шабуыл жасауға көшеді.
Алматыдағы мемлекеттік орталық музей қызметкерлері Қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілерге қарусыз қарсы тұрды. Ұлттық мұраға қауіп төнген күні қызметте болғандар өзгелерді өлімнен арашалап, жәдігерлерді де сақтап қалды. Әсіресе, сол сәтте музей директорының орынбасары болған Бибігүл Дәндіқарақызы (фильмде – Данагүл Темірсұлтанова) ғимаратқа кірген 200-дей адамның алдынан шығып, бар дауысыммен айқайлап, ештеңеге тиіспеуін өтінеді. «Бұл заттардың барлығы – ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Сындырмаңыздаршы, бұларды өртесек, біздің тарихымызда ештеңе қалмайды. Ертеңгі ұрпаққа керек болады ғой» деген сөзін біреуі тыңдап, қалғанына тоқтау салса, енді бірі сөзге тоқтамай, электронды құрылғыларды қирата бастады.
Бұған дейін музейдегілер алаңнан жараланып, басы жарылып, қолы сынған 15 шақты сарбазды кіргізіп алып, алғашқы көмек көрсетуге тырысады. Оларды музейдің ең түпкі қоймасына жасырады. Алайда, бүлікшілер бес сағаттай музейде болған кезде бункерде құқық қорғау органдарының 15 адамы жаралы жатқанын білмеді. Алайда, фильмде баласы қоңырау шалып, қайда екенін айтқан соң, музейге жүгіре жеткен екі-үш ата-ананың сөзінен бір шикіліктің барын сезген шабуылшының біреуі «Егер шыныңды айтпасаң, бәрін қиратамын» деп қорқытады. Амалы қалмай, жертөлеге ертіп барады да «Сендерге адам өлімі керек болса, жас балаларды емес, мені өлтір!..» деп жастарды жанұшыра қорғап қалуға тырысқан музей басшысының әрекетін қалайша ерлікке баламайсың?
Мына жақта жемқорлықты өмірлік ұстанымына айналдырған полиция басшысының сын сағатта орнын тастап, жеке басының қамын күйттеп кеткені кейбір беделін асыра пайдаланатын, отанына опасыздық жасайтын құқық қорғау саласы басшыларын көз алдыңызға әкеледі. Сорақысы сол, жараланып жатқан адамға көмектесудің орнына, қызмет формасын жасырамын деп, әлгінің сырт киімін шешіп алуы да жиіркенішті. Жұмыс барысында үнемі «оң қолы» болған көмекшісін өлімші етіп, ұрып-соғып жатқанын көрсе де, кері бұрылып кете барды. Өлім аузындағы әріптесі жалынышты түрмен қараса да, жәрдем бермеді. Себебі, басқалар мұның құқық қорғау қызметкері екенін білсе, аман қалмайтыны кәдік еді. Десе де, ол сол аз уақытта бұған дейінгі ісінен жиреніп, бойын өкініштің өзегі кернейді. Қаңтар оқиғасынан кейін қызметтік куәлігін тапсырып, бұл саладан мүлдем кеткені де содан шығар.
Ал әлеуметтік теңсіздік қысымын көрген үш жігіттің тонаушылыққа баруы, бір сәт масаттанып өмір сүруге ұмтылуы, дөкейдің ұлы – Арман атты курсанттың оқудан шығып қалғаны үшін академияны күзетуі, сонда келген шабуылшыларға қарсы тойтарыс беріп, қару қоймасын қорғау кезінде ерлік көрсетуі – бұған дейінгі қателіктің өтеуі іспеттес.
Айтпақшы, Қаңтар оқиғасының қалай басталып, қалай өрбігені інісін іздеп шыққан Тимур Жақыповтың көзімен көрсетіледі. Сол аралықта ол қаншама жағдайды көреді. Митингіде сөз сөйлеп, бейбіт халықты арандатушыларды және олардың бүлікшілерге ермеуін талап етушілерді де, тіпті, көлікпен қару әкеліп таратып жатқандарды да. Қас пен көздің арасында оқ атылып, айнала көк түтінге оранған шақта қолына қару алған інісі Әмірді көзі шалып, өзінің әрең іздеп тапқанын айтып, үйге қайтуын жалына сұрайды. «Билікке қарсы шығуға қорқасың! Қорқатының бар үйде жатпайсың ба? Бір адам болса да бірдеңе өзгерту керек. Мен саған кішкентай бала емеспін. Мен ақымақ емеспін, бірдеңе өзгерте аламын», – деген Әмірге: «Сен мынаның арты не болатынын білмейсің. Қайдағы билік? Арандатушылар сен сияқтыларды пайдаланып жатыр. Ештеңе өзгерте алмайсың. Бұл саған төңкеріс емес. Сен кімге нені дәлелдейсің?», – дейді ағасы.
Көше тасыр-тұсыр оқ дауысына көмілді әп-сәтте. Қалай да інісін алып кетуді ғана ойлаған Тимурға арпалыс үстінде қаңғыған оқ тиіп, мерт болады.
Осылайша, бүлікшілерге арандап қалған, әрі ағасының өліміне себепкер болған оны сот 272-баптың 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол қателігін мойындап, алданып қалғанын кеш түсінді. Екі бірдей баласын жоқтап, аңыраған ана қалды, келіні өмірлік серігінен, немересі әкесінен айырылды. Ең өкініштісі, өз болашағына балта шапқан Әмірдің соңғы сөзді де айтуға дәті бармай, көз жасына ерік беруі – бар сұраққа берілген жауап еді.
Енді мұндай қайғылы оқиға қайталанбасыншы!