Қайырымдылық қорларына сенім НЕГЕ азайды?
Соңғы уақытта елімізде танымал блогерлердің біразы жеке парақшалары арқылы қайырымдылық қор ашқанын мәлімдеп, көпшіліктен әр нәрсеге ақша жинауды әдетке айналдырып алды. Оларға сенген жұрт мүмкіндігінше ақша аударады. Ал бірақ ресми құжаты жоқ, ешкімге есеп бермейтін қорлардың әрекеті күдікті көрінбей ме?
Күні кеше ғана «қордан 1,5 млрд теңге ұрлады» деген күдікке ілінген Перизат Қайраттың мысалы көп жайдан хабар берсе керек. Бұған басы дауға қалған Асхат Имашев пен сыйлаған үйлері сапасыз болып шыққан «Харекет» қорының құрылтайшысы Мадияр Серікбаевты қосыңыз.
Тілшіміз «Харекет» қоры құрылтайшыларының бірі Мадияр Серікбаевқа хабарласып, пікірін сұрамақ болған. Алайда ол: «Іссапардамын, қолым бос емес еді, сайтта барлық ақпарат тұр», – деп шолақ қайырды. Ал сайтқа көз салсақ, онда қордың есеп-қисабы емес, тек берілген үйлердің саны мен үй алғандардың тізімі ғана тұр. Осы уақытқа дейін қорға нақты қанша ақша жиналғаны, қанша ақшаға үй сатылып алынғаны белгісіз.
Үй демекші, бұл қордың тапсырған үйлеріне көпшіліктің көңілі толмайды екен. Tik-tok әлеуметтік желісінде Жазира Камолданова қордың көп балалы отбасыға адам тұрғысыз үй бергенін ашық мәлімдеген болатын.
@zhazira.kamoldanovaaa @Харекет_халық_қоры #жетісуоблысы #ТолемисовАмангелдісенатор#харекет_халықтың_қоры #валантеры #жаңақазақстан #рекомендации #мойнақауылы ♬ оригинальный звук - zhazira.kamoldanovaaa
Қазір екінің бірі қор ашып алатын болды. Ол қорлардың есеп-қисабын кім тексереді? Кімге сенеміз? Мәселенің ақ-қарасын заңгер Ғабит Өмірбековтен сұрап көрдік.
– Қайырымдылық қорларына қатысты қандай заңды талаптар бар?
– Қайырымдылық қорларының әрқайсысында қаулысы мен жарғысы міндетті түрде болуы керек. Бұл құжаттар қордың нысаналы мақсатын, міндеттерін және қызметін айқындайды. Тағы бір маңызды мәселе – қайырымдылық қорды бір адам басқара алмайды. Қорда кем дегенде үш адамнан тұратын басқарушы орган болуы керек. Мұны Әділет министрлігі бекітіп, қордың қызметін заңды түрде реттейді.
– Қайырымдылық қорларының заңсыз әрекеттерге баруының себебі неде?
– Өкінішке қарай, қазір қайырымдылық қорларының саны көп, сапасы жоқ. Бұл қорлардың көбі өз мақсатынан алшақтап, халықтың сенімін теріс пайдаланып, жиналған қаражатты жеке мақсаттарға жұмсап жатыр. Мысалы, Перизат Қайраттың ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-тармағы (алаяқтық) бойынша дәрежеленген. Сондай-ақ, «Елге көмек» қорының да жасырын істері әшкереленді. Бұл оқиғалар көпшіліктің сенімін аяқ асты етті.
Заң бойынша, ресми тіркелген қайырымдылық қорлары 3 айда бір рет есеп беріп отыруға міндетті. Құжатта халықтан жинаған қаржының қалай жұмсалғанын, қандай мақсаттарға бағытталғанын көрсетуі керек. Екі жыл бұрын жағымсыз оқиғаның куәгері болдым. Әлдебір қайырымдылық қоры жағдайы нашар адамдарға пәтер сыйлағанын мәлімдеген. Алайда ешкімнің пәтер алмағаны белгілі болды. Яғни, тек өтірік видео түсіріп кілт табыстап, оны халыққа көрсеткен. Ал ақша өз қалталарында қалған.
– Халықтың сенімін алдап, заңсыз ақша тапқандардың жазасы қандай?
– ҚР Қылмыстық кодексінде алаяқтық туралы 190-бап бар. Осы баптың 4-тармағында көрсетілгендей заңсыз әрекетті қылмыстық топ жасаса және аса ірі мөлшерде қаржы жымқырса, жаза ауырлайды. Яғни ұрланған қаржы 17 миллион теңгеден асқан жағдайда, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Мұндай қылмыс үшін бас бостандығынан шектеу немесе айыппұл деген жоқ. Қылмыскердің барлық дүние-мүкі тәркіленеді. Ол жазасын өтегеннен кейін де белгілі бір лауазымдарды атқара алмайды.
– Құзырлы органдар қайырымдылық қорларын неге тексермейді?
– Биылдан бастап қайырымдылық қорларын тексеруге тыйым салынған шектеулер алынып тасталды. Енді салық органдары және басқа да бақылаушы ұйымдар қайырымдылық қорларын үнемі тексеріп отырады. Әлеуметтік желі арқылы жарнамаланып жатқан қорлардың есепшоттары мен тіркелген мекенжайлары болуы керек. Егер қордың БНН есепшот реквизиттері, тіркелген мекенжайы, жарғысы немесе хаттамалары болмаса, бұл қорды немесе акцияны заңсыз деп санауға болады.
Қайырымдылық қорларына жауапты тұлғалармен қатар қорды жарнамалаған блогерлер заң алдында жауап беретінін ұмытпауы керек. Егер ол қор жалған болып шықса, жарнамалаушы блогерлердің әрекеті де қылмыс болып саналады. Бұған қылмыстық жауапкершілікке тартылған блогерлердің мысалы дәлел.
– Қайырымдылық қорларына қатысты заң қаншалықты тиімді жұмыс істейді?
– Қазіргі уақытта қайырымдылық қорларының қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. Заңның күшін арттыру үшін қорларды тіркеу және олардың қаржылық есептілігін талап ету бағытында өзгерістер енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, қайырымдылық қорларының қызметіне бақылау жасау шараларын күшейту және қылмыстық жауапкершілікті арттыру маңызды. Бұл ретте мемлекет әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға, халықты алдау мен жалған қорларды анықтауға назар аударуда.
Түйін: KASPI.KZ қосымшасы арқылы да қорларға садақа жіберуге болады. Қосымшада қорлардың тізімі бар. Бірақ бұл тізімде аты мен заты күдікті қорлар да жүр. Мәселен «BIZBIRGEMIZ» қоры gov.kz сайтында ресми тіркілмесе де, қосымша арқылы ақша жіберетін қорлар қатарында болды. Банк менеджері бұл мәселеге қатысты былай деді: «Біз кез келген ұйым мен қорды тізімге енгізбес бұрын құжаттары мен резенциясын тексереміз. Рецензиясы болмаса, қор бірден күшін жояды».
Жалған қорлар мен оларды жарнамалаған блогерлердің кесірінен қайырымдылық қорларына деген халықтың сеніміне селкеу түсті. Осының салдарынан қайырымдылыққа шын мұқтаж адамдарға көмек жетпей қалуы мүмкін. Не істемек керек? Ол үшін заң мен құзырлы органдар дұрыс жұмыс істеп, халықтың сауатын арттыру керек.