«Ұрлық та болды» – Тоқаев Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Назарбаевқа қатысты сұраққа жауап берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Катардың Al Jazeera телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді.
Алматы, NEGE. Қатардың әлемге хабар тарататын ақпарат құралы бұл сұхбатты Астана халықаралық форумына орай орайластырған.
Al Jazeera: Қазақстан ІТ-индустриясы мен цифрлық инфрақұрылымда жақсы жетістікке жетті. Сіздер 20 мың шақырымнан астам оптикалық-талшықты желі тарттыңыздар. Астанада орталық құрылды, 2023 жылы ІТ-технологиялар экспорты 280 млн-нан астам долларға артты. Дегенмен әлі де болса мәселелер бар. Қазақстан стартаптар үшін бюрократиялық кедергілерді, кей жағдайда мамандар жетіспеушілігі мен зерттеулерге және әзірлемелерге арналған төмен шығыстарға қатысты мәселелерді қалай шешпек?
– Бұл да күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Бірақ біз бұл бағытта айтарлықтай жетістікке жеттік. Ең алдымен ақылды компьютер жасадық. Ол таяуда ғана танымал шетелдік компаниялармен тығыз ынтымақтастықтың арқасында Қазақстанға жеткізілді. Осынау аса маңызды істе біздің стратегиялық серіктесіміз болғаны үшін оларға өте ризамыз. Бұған дейін айтқанымдай, біздің басымдығымыз – цифрландыру. Арманым – Қазақстанның болашақта толыққанды цифрлы елге айналуы.
Al Jazeera: Сіз 2029 жылға қарай Қазақстан экономиканың көмірсутексіз секторын кеңейтуді мұрат етіп отырғанын айттыңыз. Меніңше, қазіргі уақытта көмірсутегі секторы Қазақстан экспортының 50 пайыздан астамын құрайды. Қалай ойлайсыз, 2029 жылға қарай Қазақстан экспортының негізін көмірсутегі емес сектордың құрауына қол жеткізе аласыз ба?
— Шынын айту керек, көмірсутегі экспорты әлі де болса біздің халықаралық нарықтағы сауда-саттығымыздың басым бөлігін құрап отыр. Біз жағдайға нақты қарауымыз керек. Мен Қазақстанның 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізген елге айналатынын айтқан едім. Менің пайымдауымша, бұл біздің ішкі әлеуетіміз бен мүмкіндігімізге негізделген шынайы әрі қолжетімді бағдарлама.
Елдің ішкі энергия тұтынуында көмірдің үлесі 73 пайызды құрайды. Біз бір сәтте көмірден бас тарта алмаймыз. Бұл түсінікті жағдай. Бізде мұнай сынды табиғи ресурс бар. Уран өндіруден әлемде 1-орында тұрмыз. Оның 40 пайызын әлемдік нарыққа Қазақстан жеткізіп отыр.
Al Jazeera: БҰҰ-да нақты ненің өзгергенін қалайсыз? БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне немесе вето құқығын пайдалану тетігіне қатысты не айтасыз?
– Ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту қажет. Дамушы мемлекеттер, мүмкін ротация негізінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының осынау негізгі органына мүше болуы керек. Дегенмен Жапония, Германия сынды ірі державалар, сонымен қатар Азия мен Африкадан шыққан өзге де елдер Қауіпсіздік Кеңесіне кіруі тиіс немесе қандай да бір жолмен оның жұмысына араласуы қажет. Бұл проблеманың әділ шешімі болар еді.
Сіз қазір ғана кейбір ірі мемлекеттердің немесе державалардың оқшаулануын еске салған едіңіз. Иә, мұндай жайт орын алып жатыр. Біз бұған алаңдаушылықпен қараймыз.
Al Jazeera: Көптеген ел ондаған жылдар бойы Сіз айтып отырғандай БҰҰ-ның басты институттарын реформалауға үндеп келеді. Қазақстан өзге елдердің қолынан келмеген істі қалай жүзеге асыра алады? Қазақстанның негізгі тауарларға қолжетімділігі, аса маңызды шикізаттарды тасымалдауы еліңізге басымдық бере ме? Қалай ойлайсыз?
– Иә, қандай да бір деңгейге дейін біз ықпал ету тетіктерін пайдаланатын боламыз. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына қатысты біздің қызметімізде қолдануға болатын сирек кездесетін металдардың және басқа да табиғи ресурстардың қомақты қорына ие ел. Бірақ біз БҰҰ-ны реформалауға қатысты әңгімеде асыра сілтемейміз әрі шамамызды артық бағаламаймыз.
БҰҰ-ны барынша әділ, қазіргі заманның талаптарына мүмкіндігінше жауап беретіндей жасау үшін ең бірінші кезекте барлық мемлекет, өзіңіз айтқандай орта державалар күш-жігер біріктіруі тиіс деп санаймыз.
Al Jazeera: Өткен жылы S&P Global агенттігі Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы КҚК желісі арқылы Ресейге кетіп жатқанын айтқан еді. Мұны өзгерту қажет деп санамайсыз ба? Қазақстан үшін бұл стратегиялық әлсіздік болып есептелмей ме?
– Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі, тікелей көршіміз әрі одақтасымыз екенін еш естен шығармауымыз қажет. Ресеймен араны әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр. Біз Ресейге стратегиялық серіктесіміз ретінде арқа сүйейміз, әсіресе КҚК желісіне сенім артамыз. Таяуда ғана Президент Путинмен телефон арқылы сөйлестім және біз КҚК желісіне қатысты мәселелерді талқылағанымызды жасырмаймын. Қазақстан мұнайын Ресей арқылы Еуропа нарығына және одан басқа жерлерге тасымалдау үшін КҚК тиімді құрал ретінде тұрақты түрде қызмет ете береді деп санаймын.
Al Jazeera: Сонда Сізді Украинадағы соғыстың ықпалы және Қазақстан мұнайын аталған құбыр арқылы Еуропаға жеткізу мүмкіндігі қаншалықты маңызды екені алаңдатпай ма?
– Әрине, біз Украинадағы ахуалды, Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс біздің табиғи ресурстар мен оларды халықаралық нарыққа экспорттауға қатысты стратегиялық жоспарларымызға ықпал ететінін есепке аламыз. Дегенмен Ресей еліміздің стратегиялық серіктесі екеніне де нық сенімдіміз. Бірақ бұл бізді тек бір ғана көлік бағдарымен немесе бағытпен шектеледі дегенді білдірмейді. Сондықтан сіз Баку-Жейхан, Орта дәліз құбыр желісі сынды өзге бағыттары жайында өте дұрыс айтып отырсыз. Ал шетелге тасымалданатын немесе экспортталатын мұнай көлемі тұрғысынан алғанда, қалай десек те, басымдық КҚК-ға беріледі және ол солай болуға тиіс.
Al Jazeera: Осы аптада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. Бұл — Қазақстанды әлемге танытатын іс-шараның бірі. Сіздің реформалар бағдарламасын жария еткеніңізге де 3 жыл болды. Өзіңіз уәде еткен жаңа Қазақстанға жете алдыңыздар ма? Қалай ойлайсыз?
— Біз сенімді түрде алға қадам басып келеміз. Процесс жүріп жатыр. Дегенмен біз реформаларды қолға алғанда Қазақстанда ғана емес, әлемде көптеген оқиға орын алды.
Al Jazeera: Атап айтқанда, коронавирус, Украинадағы соғыс…
— Дұрыс айтасыз. Меніңше, бұл оңай дүние емес. Біз әділ әрі нақты іске ұмтылуымыз керек. Сонымен қатар өзгерістерді жүзеге асырғанда барлық жағынан батыл қимылдау қажет. Сондықтан күн тәртібіндегі тұрған мақсаттың бәріне қол жеткізу үшін барынша табанды әрекет еткен дұрыс. Иә, реформа жалғасып жатыр. Оның нәтижесі де жеткілікті.
Al Jazeera: Сіздің елдің сыртқы саясатына назар аударайықшы, Қазақстан кейбір шетелдік серіктестермен қарым-қатынасын ой елегінен өткізіп, кейбір сауда қатынасын қайта қарап жатыр ма? Мәселен, қандай да бір ұлы державаға тәуелді, тым жақын болмауы үшін Орта дәліз жобасын жандандыру деген секілді…
— Біріншіден, біз сыртқы саясатта қандай да бір реформа жүргізіп жатырмыз дей алмаймын. Өйткені, бұл — консервативті құбылыс. Алайда Қазақстаннан тысқары жерде орын алып жатқан жағдайларды да қаперде ұстау қажет. Қазақстан — Еуразиядағы, әсіресе Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тірегі. Біз әуел бастан ірі державалармен, соның ішінде көршілерімізбен теңгерімді саясат жүргізіп келеміз және ұлттық мақсаттарымызды да ұмыт қалдырған емеспіз. Сондықтан сыртқы саясаттағы ұстанымымыз өзгерді демес едім.
Орта дәліз туралы еске салғаныңыз да орынды. Себебі біз көлік қатынастарын әртараптандыруға басымдық береміз. Осы тұрғыдан алғанда, Транскаспий көлік бағдарының маңызы арта түседі. Өзіңіз білетіндей, біз «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдаймыз. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы бұл бастаманы Қазақстанның елордасында жария етуі де бекер емес.
Al Jazeera: Сіздер белгілі бір жетістіктерге жеттіңіздер – тергеулер жүргізілді, ұрлық фактілері бойынша үкімдер шықты. Менің білуімше, 1,2 миллиард доллар қайтарылды. Бірақ кейбіреулер бұл жұмыстың әлі толық аяқталмағанын айтады. Назарбаевқа қатысы бар бірқатар маңызды құрылымдар (Назарбаев қоры, Halyk Bank және т.б.) әлі де терең тексеруден өткен жоқ. Бұл жөнінде не ойлайсыз?
— Әрине, біздің жұмысымызға сын айтылып та жатыр. Бірақ біз көп нәрсе жасадық – әрі оның бәрі халқымыз бен қоғамымыздың игілігі үшін. Сонымен қатар, біз Назарбаевтың – қазіргі заманғы тарихымыздағы алғашқы президенттің тарихи рөлін мойындауымыз керек. Иә, қателіктер болды, сіз айтқандай, ұрлықтар да болды. Біз тергеу жүргізіп жатырмыз, бұл процесс жалғасады. Бірақ мен Қазақстанда бүлік ұйымдастырмақ емеспін, өйткені бұл елімдегі жағдайдың тұрақсыздануына алып келер еді.