17 Шілде 20:47
...

Қап тауында қантөгіс: Қазақстан кімді қолдайды?

Фото:

Қап тауында тағы да соғыс өрті лаулағалы тұр. Әзербайжан және армян халықтары арасындағы қырғын – Қарабақ жарасының аузы ашылып, сыздауықтай қайта сыздай бастады. Отыз жыл бұрынғы қанды қақтығыстың жаңғырығы ешқайда кеткен жоқ. Халықаралық терминге жүгінсек, жанжалды мұздатқышқа салып, жай ғана «қатырып» қойған. Әбжіл әскери қимылдарға қарағанда, сол мұздатқыш тозып, сыр бере бастаған тәрізді. Әйтеуір, осыған дейін Қап тауын жаңғыртып атылған оқ оқта-текте тыныштық бұзғанмен, сұрапыл айқастан екі тарап та тартынып келген еді. Бірақ екі жақта да үгіт-насихат, өшпенділік тудыру, жау шақыру әрекеттері бір тынған емес. Соңғы оқиғалар жылдар бойы қордаланған, қоздырылған ыза-кек бұрқ-сарқ қайнап, кемерінен тасып кеткенін көрсетіп отыр. Енді іске жеңіл қару емес, зеңбіректер де араласа бастады.

Соңғы деректерге қарағанда, бір ұрыста – шекарадағы атыста 16 адам қаза болған. Төртеуі – армян, 12 азербайжан. Тіпті, толастамай тұрған қарулы қақтығыстарда құрбан болғандардың арасында, жауынгерлерден бөлек, әскер басылары да бар көрінеді. Ақиқаты сол, кез келген кикілжің сыртқы күштердің назарынан тыс қалмаса керек. Әзербайжан – Түркияға, Армения – Ресейге арқа сүйеп келеді. Сирияда сүзіп жүрген Анкара мен Мәскеу күш сынасудың жаңа алаңына мұқтаж ба? Бұған дейін армяндарды ашық қолдап келген Кремль енді екі тарапқа араағайын болғысы келетінін жария етті. Бірқатар араб және көрші елдердегі авантюрасы құрдымға кетіп, мұнайға байланған экономикасы дағдарып, халқы ішінде наразылық күшейіп тұрған жағдайда, Ресейге бұдан өзге оңтайлы қадам табылмасы да анық.

Әзербайжанның Таулы Қарабақтан ешқашан бас тартпасы түсінікті. Өйткені, бірде-бір ел оның «тәуелсіздігін» таныған емес. «Әзербайжан жері» деп біледі. Армяндардың басып алған жерді қайырып беруді ар санауы былай тұрсын, басына да кіріп шықпайды. «Армяндар тұратын аймақ неге Бакуге қарауы тиіс?», – деп есептейді. Десе де, Арменияның қазір хәлі мүшкіл. Экономикасы құлдырап, халқының дені дүние кезіп, тезек теріп кеткен. Бірақ қолдаушы тірегі мықты. Жалғыз Ресей ғана емес, алпауыт елдерде ықпалды армяндар аз емес. Әзербайжан болса, мұнайының арқасында әскері мен экономикасын күшейтті. Қарумен сөйлесетін күн туса, таразы басын оңай басары анық. Сондықтан кеткен есесін қайтаруды көксейді. Әзербайжан билігінің не дерін қайдам, халқының талабы да – осы. Бір күннің ішінде 4 мыңнан аса әзірбайжанның соғысуға әзір екенін айтып, әскери мекемелерге өтініш білдіргені – бұған нақты мысал.

Қатқан тоңның әйтеуір бір күні еритіні хақ. Ғасырлар бойы сіресіп жатқан Солтүстік мұзды мұхиттың мұздары мен Сібір тоңының да еріп жатқанына тірі куә болып отырмыз. Ал көрші отырған екі дүрдараз халық арасындағы «жер дауы» қашанға дейін қатып тұра бермек? Әрине, халықаралық қауымдастық араласып, мәселені түбегейлі шешуге ұмтылмаса, Қап тауының баурайында қанды қырғын қайталануы ғажап емес. Соғысты «тоқтатудағы» халықаралық қауымдастықтың рөлі де дүдәмал. Мүдделер кереғар. Бұл Сирия жанжалын реттеуден анық көрінеді. Демек, екі елді Қарабақ тұйыққа тіреп тұр.

Бұл тұйық бізді де айналып өтпесі анық. Әзірбайжан қазақтың жақыны болса, армян – қазақтың әскери одақтасы. Қаласақ та, қаламасақ та, ҰҚШҰ арқылы солай серт бергенбіз. Жағдай ушықса, одақтасымыздың сөзін сөйлеп, туысымызға оқ атамыз ба, әлде, туысымызды жақтап, одақтасымызға қару кезенеміз бе? Алдымызда осындай таңдау туса, не Қабыл атанамыз, не  антымызды бұзамыз. ҰҚШҰ құрылып жатқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жанжалдың екі тарабының бірі – Арменияның осы ұйымға кіруіне үзілді-кесілді қарсылық білдірген. Мәскеудің пәрменімен одақтас атансақ та, армяндарға бүйрегіміздің бұрмайтыны, бұл мәселеде шетін жайттар бар екені ашық айтылған. Ақорда осы ұстанымынан тайқымай тұра ала ма? Өрт қауласа, көкейіндегісін, көзқарасын бейбіт күндегідей ашық айта ала ма? Ерік-жігеріміз жете ме? Бүгінгі күннің басты сауалы – осы.

 

Ерлан Сайыров, саясаттанушы:

Түйін тарихи әділеттілік тұрғысынан шешілуі керек

– Әзербайжан – біздің бауырымыз. Өкінішке қарай, Қарабақ соғысында Әзербайжан мемлекетінің 18 пайызға жуық жері анекцияланып отыр. Меніңше, бұл мәселені бейбіт шешуге ұмтылу керек. Тарихи әділеттік қағидаты тұрғысынан келгенде, Әзербайжан аумағын статус-квоға қайтару қажет.

Бұл түйіннің шешімі өте қиын. Өйткені, Қарабақтағы жағдайды Ресей өз пайдасына шешкісі келеді. Дүниежүзілік, аймақтық саясатта Түркия да өз мүддесін қорғауға ұмтылады. Бірақ, қай тұрғыдан қарасақ та, осы дау-дамай тарихи әділеттілік тұрғысынан шешілуі керек. Қазақстанның ұстанымы осындай болуы тиіс.

ҰҚШҰ аясында араласпасақ та, бұл мәселеге қатысты мемлекеттің өз позициясын білдіруі абзал. Дау-дамай мемлекеттердің территориялық тұтастығын сақтау, тарихи әділеттілік тұрғысынан шешілуі керек. Яғни, Әзербайжан өз жерін қайтаруы қажет.

 

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

Әлі де мүмкіндік бар

– Қазақстан халықаралық сыртқы саясатта ұстанған ұстанымын өзгертпейді. Бұл – тұңғыш президент ұстанған саясат. Халықаралық келісім-шарттар жүзеге асырылуы тиіс. ҰҚШҰ-ның және Шанхай ынтымақтастық ұйымының және Еуразиялық экономикалық одақтың, ТМД елдерінің құжаттары бар. Сонда қарулы қақтығыстар болған жағдайда, оны бейбіт реттеудің  шарттары негізделген. Соны басшылыққа алған дұрыс. Бізге көрші елдердің тыныштығы керек. Десе де, соғыс жөнінде сөз қозғауға әлі ертерек. Шекарадағы қақтығыстар Қырғызстан мен Тәжістанның арасында да болып жатыр. Көп нәрсе жұмыс тәртібіндегі мәселелер болып қалуы мүмкін.

Қарабақ әлі шешімін таппай отыр. Соғыс басталған жағдайда не істеу керек? Алдымызға Әзербайжанның немесе Арменияның бірінің жағына шығамыз деген міндет қойылмауы тиіс. Бір жақты таңдау көпвекторлы саясатымызға үйлеспейді.

ТМД елдерінің жиынын өткізіп, бұл мәселені жедел шешуге ұмтылған жөн. Қазірдің өзінде адам шығыны көп. Ахуалдың бұдан әрі ушығуына жол бермеу керек. Бұған әлі де мүмкіндік бар.

Дос Көшім, саясаткер:

Тек қанмен шешіле ме деген қаупім бар

– Бұл – өте күрделі мәселе. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бұған араласқан. Тікұшағымыз құлап, ұшқышымыз қаза тапқан еді. Шынын айту керек, бұдан түк шықпады. Менің пікірімше, бұл жерде армяндар тарапынан жаулап алу әрекеті бар. Бірақ олардың қолтықтарына су бүркіп, қолдап отырған – Ресей. Дүниежүзілік қауымдастық Қарабақтың тәуелсіздігін мойындаған емес. Бұл – басқыншылық әрекет. Кезекті – Преднестровье, Донбас.

Бұған араласу керек пе, жоқ па? Бізге қазір көзқарасымызды білдірудің өзі ыңғайсыз болып отыр. Түркі жұрты ретінде, ақиқатқа қиянат жасамау үшін, ауызша болса да, біз Әзербайжанға қолдау білдіруіміз керек еді.  

ТМД құрылғалы бері біздің сыртқы саясатымыз Ресейдің бағытымен жүріп, қазір аузымызға құм құйылып отыр. Бұл мәселе жақын арада шешіледі деп ойламаймын. Тек қана соғыспен шешіле ме деген қорқынышым бар. Армяндар басып алған жерінен бас тартатын түрі жоқ. Ал Әзербайжанның соғыс күші де, экономикасы да әлдеқайда басым. Үнсіз отырса, олар беделінен айырылады. Әзербайжан бұл мәселені соғыспен шешпесе, басқа амалын көріп отырған жоқпын.

1992 жылдары «соғысамыз, түркі бауырларымызды қолдаймыз» деп Қазақстаннан 17 адам Әзербайжанға аттанған. Оны Хасен Қожа-Ахмет бастап барған. Он бесі – қазақ, екеуі – өзбек пе, қырғыз ба, әйтеуір түркі халықтарының өкілі еді. Әрине, оларды әзербайжандар соғысқа жіберген жоқ. Үгіт бригадасы ретінде пайдаланды.

Қазақтардың бастарын өлімге тігіп барғандарына әлі күнге дейін риза боламын. Қазір бұл жайлы көп әзербайжан білмейді екен. Мен айтып бергенде, олар қуанып, қатты таң қалды. Сол кезде түріктер күн сайын қоңырау шалып, «керек болса, біз әскер кіргіземіз» деп, жағдайды сұрап отырған. Түрік бауырларымыз туысқаншылдығын осылай көрсетті. Біз олай ете алмай отырмыз.

Тегтер: