26 Қыркүйек 17:10
...

«Қаңтардан» кейінгі сұрақтар. «Қазақстан инвестициялық қорының» жекеге сатылуы НЕГЕ тексерілуі мүмкін?

Фото:

Былтыр жекеменшікке сатылған, оның алдында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамында болған «Қазақстанның инвестициялық қорына» қатысты дау шоғы қайта маздауы мүмкін. Бұл туралы қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов жазды.

Активтерді қайтару бойынша комиссияның назарына осы іс те ілінетіні даусыз. Себебі, кезінде Қазақстанның инвестициялық қоры (ҚИҚ) сатылған кезде, оның тым арзанға өтіп кеткенін сарапшылар жамырай жазған болатын.

2021 жылы, яғни «Қаңтар оқиғасы» болмай тұрып, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары аясында электронды сауда платформасында 10,6 млрд теңгеге сатылды.

Оны НДС төлемейтін, ақша айналымы да тым қарапайым түркістандық «D-Personnel» фирмасы сатып алды.

Портал ақпараты бойынша фирмаға Ильмурат Ахметов атты кәсіпкер жетекшілік етеді. Компания 2017 жылы 11,8 млн теңге, 2018 жылы 10,7 миллион теңге, 2019 жылы 10 миллион теңге, 2020 жылы 5 миллион теңге, ал Инвестициялық қорды бәленбай миллиард теңгеге сатып алған 2021 жылы бар-жоғы 344 мың теңге салық төлеген.

"Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ кіреберіс есігі. Фото: Tengrinews.kz

Негізгі дау кімнің сатып алғанына емес, қаншаға сатып алғанына қатысты болды. Сарапшылардың есебінше, Инвестициялық қор өзінің нарықтық бағасынан шамамен 10 миллиард теңгеге арзан сатылған. Сол себепті, былтыр әлеуметтік желі мен біраз БАҚ беттерінде шу көтерілген еді.

Қордың сатылымға шығарылған бағасын бағалау кезінде 48% жеңілдік берілген. Бір қызығы, 10 миллиардқа сатылған Қордың өз есепшотында 9,86 миллиард теңге сома жатқан болатын. Осы туралы «Бәйтерек» холдингі еш түсінік бермеді. Холдинг өз тарапынан жаңағы соманың қайда кеткенін түсіндіруі керек еді. Егер ол қаржы сол есепшотта қалса – осы сауданы «ғасыр аферасы» деуге болады. Баланстағы активтің 4,99 млрд теңгесі инвестициялық бағалы қағаздар, ал 8,59 млрд теңгесі ұзақ мерзімді дебиторлық берешек болатын.

«Orda Glass» шыны зауыты құрылысы. Фото: inbusiness.kz

Бір қызығы, Инвестициялық қор өзінің стрессті активтерінің проблемасы шешіліп қалған уақытта сатылды. Қызылордадағы «Orda Glass» шыны зауыты бойынша қытайлық инвесторлар зауытты сатып алуға және оның қарызын толық жабуға келісім беріп қойған болатын. Отандық жеке компания Семейдегі еліміздегі жалғыз былғары зауытын қайта жандандыруға ниеттеніп отырған. Ал Оңтүстік Қазақстандағы тоқыма кешенін өзбек компаниялары өз басқаруына алып, жұмысын дөңгелетуге дайын болып отырды.

Бұл жағдайда NEGE есебінше, Инвестициялық қор активтерінің құны кем дегенде 19 миллиард теңге болуы тиіс еді. ҚИҚ құнын есептеген бағалаушы компанияның қызметіне көптеген сұрақ туындайды. Олар қандай негізде 48% дисконт қолданды? Салықты көп төлемейтін «D-Personnel» фирмасында қалайша кенеттен 10 миллиард теңге пайда болды? 2019 жылға дейін табысты болып келе жатқан Инвестициялық қор неліктен түсініксіз жағдайда шығынға ұшырай бастады?

Және осы махинацияларға «Бәйтерек» холдингінің сол кездегі басшысы Айдар Әріпхановтың және оны көп жылдар бері қызметте жетелеп келген, қазіргі Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қатысы болды ма деген сұрақтар бар. Әріпхановта 10 миллиард теңге қаржы жоқ. Бірақ ондай қаржы Досаевтан оңай табылады...

Тегтер: